«Жасыл ел» дауысы
Байқау
Ақтөбе қаласының 155 жылдық тойына орай «Жасыл ел» жауынгерлерінің арасында караоке байқауы өтті.
Екі кезеңнен тұратын ән сайысына еңбек жасағының 12 сарбазы қатысты. Олар ретро және заманауи әндерді нақышына келтіре орындады.
— Жастардың көңілін көтеріп, уақытын тиімді өткізу мақсатында жұмыстан тыс кезде түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. «Жасыл ел дауысы — 2024» караоке байқауы — солардың бірі. Маусым айында футболдан «Жасыл ел» кубогы сарапқа салынады. Ал шілдеде қыздар арасында волейболдан жарыс өтеді, — деді «Жасыл елдің» штаб менеджері Диана Құдайберген.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесін Арай Темірбек жеңіп алды. Ал жүлделі 1-орынды — Айсұлтан Тұрғанбаев, 2-орынды Динара Аманқұл иеленсе, 3-орынды Динара Аязбиева мен Гүлмереке Елеукенова өзара бөлісті. Эльмира Сағындықова «Көрермен көзайымы» атанса, Азамат Мерекеге — «Үздік ән», Расул Әмерхановқа «Әртістік қабілет» номинациялары берілді.
Байқаудың жүлдегерлері арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал барлық қатысушыға Алғыс хаттар табысталды.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.