Жатақханада өткен кездесу
«Жастарға кеңес» жобасы аясында әрі «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету үшін бір топ маман студенттердің жатақханаларын аралады.
— Іс-шараның мақсаты — қоғамда құқықтық сана мен мәдениет деңгейін арттыру, кез келген кұқықбұзушылыққа жол бермеу. Жастар арасында заңдарды, олардың міндеттерін түсіндіру арқылы құқықтық мәдениетті көтеру, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Дастан Құрманбай.
Прокуратура және полиция департаментінің өкілдері заң мен тәртіп қоғамның тұрақтылығы һәм дамуының негізгі кепілі екенін ұғындыруға тырысты. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жатақханасына барып, жастармен кездескен мамандар жастардың құқығы туралы айтып, білім алушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуге Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Ләйлә Ақдәулет,
аға инспектор, полиция майоры Қарлығаш Шауқұлова, полиция майоры Бауыржан Қыдырмағанбетов және облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин қатысты.
Мұндай ақпараттық түсіндіру жұмыстары басқа колледждерде де жалғасады.
А.СЕРІК.