Ақтөбенің сәулеті: кеше және бүгін
Ұлттық статистика бюросының биылғы 1 мамырдағы мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе қаласы аумағында 700 мыңнан астам адам тұрады. Болашақта миллион тұрғыны бар қалаға айналатын, еліміздің батыс өңіріндегі сәулетті шаһардың келбеті әр жылдары оң өзгеріп, әдемілене түсті. Бұл бірнеше жыл бойы жасалған көптің жұмысы екенін ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен көпшіліктің назарын өзіне аудартатын көрікті қаламыздың әр бұрышында жекелеген адамдардың, әсіресе сәулетшілердің қолтаңбасы көрініп тұрады. Осы ретте біз Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында сәулет пен құрылыс саласында қырық жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп, облыс орталығының көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан еліміздегі Сәулетшілер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті сәулетшісі Жәнібек Тәттібаевпен әңгімелескен едік…
Қала көркі тазалықтан басталады
Жәнібек Тәттібаев ерте ғасырлардағы сәулеттік өнердің жауһарларын бізге жеткізген көне Көкжар атауымен белгілі Ойыл өңірінде туып-өскен. Орта мектепті бітіріп, Алматының сол кездегі В.Ленин атындағы политехникалық институтына түсіп, сәулет мамандығы бойынша білім алған.
— Институт қазіргі Астана, бұрынғы Целиноградқа жолдама берді. Үйлендім де, бірден келіншегіміз екеуміз бір чемоданмен сол жаққа барып, орналастық. Өмірге балалар келді. Целиноград инженерлік-құрылыс институтына барып, құрылыс-сәулет кафедрасында аға оқытушы, ауыл шаруашылығы құрылысы факультетінде деканның орынбасары қызметтерін атқарып, ұстаздық еттім, — дейді Жәнібек Қаржауұлы.Кейіпкерім өзі қызмет еткен институт базасында құрылған құрылыс жобалау конструкциясы бюросын басқарған, сосын Өзбекстанның астанасы Ташкентте, Ресейдің бас қаласы Мәскеуде аспирантурада оқып, сәулет өнерінің майын ішкен мықты ұстаздардан дәріс алған. Мәскеу қаласындағы қала құрылысы жөніндегі орталық ғылыми-зерттеу және жобалау институтында аспирантурада оқып жүріп, «Қазақстанға Сібір суларын бұру туралы» үлкен ғылыми жоба туралы ізденген.
Ол өзінің елге қалай келгенін де қызықты әңгімелеп берді.
— 1992 жылы Ақтөбеде өткен республикалық жиынға Целиноградтан келіп, қатыстым. Сол кезде облыс басшысының орынбасары Анатолий Исайкин төрағалық еткен жиында сөз сөйлеп, «халықтың 70 пайызы ауылда тұрады, неге ауыл құрылысына мән берілмейді?» дегенмін. Осы жиыннан соң маған елге оралуға ұсыныс түсті. Сөйтіп,Ақтөбе облыстық агроөнеркәсіп құрылыс бірлестігіне келіп, бас сәулетші болып еңбек еттім. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсында ірі құрылыс бірлестіктердің күйі кетіп, таратыла бастады. Облыстық құрылыс бірлестігі де «Ауыл құрылысы» акционерлік қоғамына айналып, кейін қаржы тапшылығынан жабылып қалды. Бірақ осы бірлестікте жүргенде талай құрылысқа сметалық-жобалық құжаттар жасадым, — дейді Жәнібек Тәттібаев.
Өз ісін білетін білікті маманға тағы да ұсыныс түсіп, 1996 жылы Ақтөбе қаласының бас сәулетшісі болады. Жәнібек Қаржауұлы ол кезде жағдай қиын болғанын, электр энергиясы күндіз мүлдем болмағанын, «сенімді сөндіру» деген ұғым болғанын, яғни жарық кешкі уақытта қаланың бір ауданында сөндірілсе, екінші бөлігінде бірнеше сағатқа ғана қосылатынын, көшелердің шашылып жататынын, тұрғындардың да тұрмысы нашар болғанын әңгімеледі.
— 1997 жылдары қаланың кез келген жерінде ретсіз тұрған дүңгіршектер мен көше бойында жөнсіз тұрған базарлар көп болды. Қала көркі тазалықтан басталады емес пе?Сол кездегі қала әкімі Елеусін Сағындықовқа алғашқы кезекте Ақтөбенің ажарын кетіріп әрі санитарлық талапқа сай келмей тұрған дүңгіршектерден арылтып, базарды реттестіру керектігін айттым. Сиқы жоқ көшелер, үйлер мен ғимараттардың қасбеттерін реттестіру, алқам-салқам аулаларды жөнге келтіру керектігі де сөз болды.Осыған ұқсас бірқатар жұмыстарды көрсеттім. Мұнымды қала әкімі мақұлдады. Содан базарларды бір жерге шоғырландырып, аялдамаларды ретке келтірдік. Ол кезде көшені тазалайтын дұрыс техника да болған жоқ. Бас-аяғы екі-үш жыл шамасында қала әкімшілігі қыруар жұмыс істеді. Қала бюджеті 2 миллиард 600 миллион теңге ғана болатын. Тазалыққабаса мән берілді, ең әуелі қарды жинайтын техника сатып алынды. Қаланы абаттандыру мен көгалдандыру үшін арнайы мамандарды жинадық, кейбірін сол 1997 жылы 850 жылдығын тойлап жатқан Мәскеу қаласынатәжірибе алмасуға жіберіп алдық. Жарықтандыру жағы қолға алынып, тұрғын үйлер мен әуежай секілді ғимараттар түнде үйлесімді қосылған жарықтармен әдемі көріне бастады. Қаламыз жарық беру жағынан танымастай өзгерді. Мұның бәрі — сол кездегі қала әкімі Елеусін Сағындықов бастаған үлкен ұжымның еңбегі. 1999 жылы еліміздегі қалалардың әкімдері мен сәулетшілері, абаттандыру мекемелері басшыларының қатысуымен «Ақтөбе — ең әдемі таза қала» деген конференция өткіздік. Басқа қалаларда мұндай семинар болған-болмағанын білмедім, бірақ біз сол кезде қонақтарды мақтанышпен, қуанышпен қарсы алдық,— дейді Жәнібек Тәттібаев.Одан әрі кейіпкерім қала үшін қиын болған 1997-2002 жылдарды, яғни өзі бас сәулетші, қала әкімінің орынбасары болған кезеңді еске алып:
— Қарауымда бес-ақ адам болды. Біз сол кезде Ақтөбені көркейту мақсатында әр мекеменің есігін қағып, «сіз есігіңіздің алдын сыпырыңыз, аулаңызды таза ұстаңыз, отырған ғимаратыңыздың қасбетін бояңыз, көше келбетіне нұқсан келтіріп тұрған оғаш көрінетін артық заттарыңызды алып тастаңыз!»деген сарында ескерту қағазын тараттық, — дейді.
Сәулетке мән берілді
Жәнібек Тәттібаев араға жылдар салып,2004 жылы сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ұсынысымен қаланың бас сәулетшісі қызметін екінші мәрте қолға алды.
— Сол жылдары қала құрылысында жіберілген көптеген кемшіліктерді түзетуге тура келді, заңсыз берілген жерлерді қайтардық, заңсыз салынған құрылыстар сүрілді. Гүлзарлар мен саябақтар салу керек болды. Облыс орталығындағы орталық саябақтың орны бос жатты. Сол жерді дұрыстап, абаттандыру жұмыстарын жүргізіліп, сулы-жасылды бульвар жасалды. Тұрғын үйлерді биіктеткіміз келді, Ақтөбеде бұрын-соңды болмаған 25 қабатты зәулім үй салдық. Ол жерде бұрын көл болатын. Айналасына қамыс толып кететін. Биік ғимарат салу керек болғасын кішігірім көл топырақпен жабылып, үй салуға шешім қабылданды. Сосын сол маңдағы көшелер абаттандырылды, Мәскеу ауданы мен 12-шағын аудан ортасындағы әуежайға бара жатқан жолдың бойында орналасқан үйлерді биік қақпалармен жауып, қоршадық. Бас сәулетші болған кезде салынып жатқан әр құрылысқа өзім барып қарайтынмын, көзіммен көріп келмейінше, көңілім көншімейтін, — дейді Жәнібек Тәттібаев.Сонымен қатар ол бұрын салынатын жобаларды талқылайтын қалалық сәулет кеңесі болғанын, бүгінде сондай кеңестің ауадай қажеттігін ескертті. Іріктеу, сараптау болмаса, қала көшелерінде ұсқынсыз, дұрыс боялмаған дүниелер пайда болып немесе тұрған жеріне масштабы сәйкес келмейтін ғимараттар салынуы әбден мүмкін екенін де жеткізді.
«Табиғаттан алыстап кеттік…»
Қазақстаның батыс өңірінің астанасы саналатын Ақтөбе күн санап өсіп, миллион тұрғыны бар қалаға айналып келеді.
— Миллион тұрғыны бар қала дегеніміз — ақтөбеліктер ғана емес, оған қоса транспорттық ауыртпалық, тұрғындардың су, газ, электр энергиясына деген қажеттіліктері де екі есеге өседі деген сөз. Шынына келгенде тұрғындарды осылардың бәрімен қамтамасыз етуге дайын емеспіз. Ақтөбенің жаңа тұрғындарына үй салуымыз керек, бірақ үй салатын орын тапшы. Әсіресе миллион тұрғыны бар қалаға сәйкес келетін биік, сәулетті үйлер салатын жер жоқ. Мәселен, Батыс-1, Батыс-2деп тізбелейік десек, ар жағына жекеменшік үйлер толып қалды. Сол жақтағы мал базарының артында да үйлер салып тастады. Қалаға тіреліп тұрған жерден неге біз бір қабатты үйлерге жер телімін береміз? Ол жерге көпқабатты үйлер салынуы керек қой. Үйді қай жаққа саламыз? Меніңше, қаланы Есет батыр тұрғын алабына қарай дамытуға болады. Бір қабатты үйлер қала ішіне де, қала сыртына да керек емес, ол облыс орталығынан едәуір алыста болуы керек. Бұл — менің ойым, — дейді Сәулетшілер одағының мүшесі.
2016 жылы Нұрбек Аужанов басқаратын «Градкомплекс» компаниясы Ақтөбенің бас жоспарын әзірлеген болатын. Бүгінде ол ескіріп, кейін алматылық «Урба-Стиль» мекемесі қаламыздың бас жоспарын жаңадан дайындады, алайда жоспар әлі қолданысқа енгізілмеді.
— Қала болған соң міндетті түрде халық демалатын жер керек. Миллион тұрғын қайда барып демалады, қай жерде серуендейді? Байқасаңыз, ірі қалалардың көпшілігінде шаһар ортасымен су ағып жатады. Ал біз табиғаттан алыстап, өзенге күтім жасамадық. Мәселен, Ақтөбенің маңайында 5 өзен бар. Осы өзендерді абаттандыруымыз үшін гидрогеологтар мен гидротехниктердің ұсыныстары керек. Кемелер жүретіндей етіп, жан-жағын кеңейтіп, табанын тазартсақ, жақсы болар еді. Негізі, абаттандыру нормаларына сай әр адамға жоқ дегенде 10-15 шаршы метр су аймағы керек, көру үшін. Оны біз ұмытып кеттік. Лайықты күтім болмағандықтан өзеннің бәріне қамыс өсіп кетеді. Сазды өзенінің жақтауларына бетон жаптық, алайда платинасы аласа, оған да көңіл бөлген жөн. Себебі биыл көктемде су тасығанда 11 және 12-шағын аудандарды су басу қаупі зор болды, — дейді Жәнібек Қаржауұлы.
Сәулетші көзімен
Бүгінде зейнет демалысындағы сәулет және құрылыс саласының ардагері Жәнібек Тәттібаев Ақтөбе келбеті мен сәулетіне қатысты мәселелерге немқұрайды қарай алмайды. Бұл жолы да бірқатар мәселені қозғап, ұсыныстарымен бөлісті.
— Мен қазір қаламыздағы жоғары оқу орындарында сабақ беремін. Студенттерді сәулет пен дизайнға қатысты көптеген сұрақ мазалайды. Олар сабақ барысында «біздің қаламызда неге стильді сәулет нышандары жоқ, жобаны зерделейтін кеңес бар ма, студенттер жасаған әдемі жұмыстарын көшеге қою үшін не істеу керек?» деп сұрайды. Қазір қаламыздың бір жерінде әшекей бұйымдары, тағы бір жеріне төрт түлік пішініндегі кіші сәулет нышандары қойылған. Меніңше, ұсынылған жобаларды бірден көшеге орналастыра салуға болмайды, арнайы кеңес құрылып, сараптама жасалуға тиіс. Себебі күнде көріп жүрген бұйымның не бір заттың көшірмесін жасап, үлкейтіп, көшеге қоя салуға дизайнер керек емес, ол өнерге жатпайды.Ал егер,мәселен, қобыздың пішініндегі кіші сәулет нышанынбір өнер ордасының алдына орналастырса, онда жарасымды болар еді. Мәселен, Грузияның Батуми қаласында қыз бен жігіттің бейнесінде «Али и Нино» атты дизайнерлік мүсінбар, қозғалып, бір-біріне кірігіп, бір адам болып кетеді. Ерекше стиль!Біз де сондай бір ерекше дүниелер жасауға талпынып, ізденіп, тырысуымыз керек. Жалпы, сәулет өнерінде ұлттық нақышқа мән бергеніміз жөн, этнодизайнды дамытып, этносәулетті жандандырғанымыз жөн. Қазақ сәулет өнерінің шежіресі ұлтымыздың бай тарихымен тығыз байланысып жатыр. Оған сан мыңдаған жылдар өтсе де, бұзылмай тұрған, ұлы даламызда кездесетін көне қалалар мен тарихи ескерткіштеріміз куә, — дейді Жәнібек Қаржауұлы.
Ардагер сәулетшінің айтуынша, миллион тұрғыны бар қалаға айналсақ, теміржол вокзалы таршылық етеді. Сондықтан Астана қаласындағыдай үлкен вокзал салуымыз керек.
— Ақтөбе теміржол вокзалы батыс өңірінің ең үлкен вокзалы болуға тиіс. Меніңше, жаңа вокзалды теміржолдың арғы бетінен Мәскеу ауданы жақтан салған жөн. Ескі вокзал мен жаңа вокзалдың төбесін қосып, пойыздар соның ішіне кіріп тұруы керек. Ақтөбеліктердің саны миллионға жеткенше неге электр теміржолын салып, соған «электричка» жібермеске? Бірде мен Жапонияның Йокагама деген қаласында болдым, өте тығыз орналасқан. Сол қалада электрлі теміржол көлігі жүріп жатыр. Үйлері «электричка» өтіп жатқан жерге екі метр жетпейді. Ақтөбеге де кемі он аялдамасы бар электрлі теміржол салуға болады, — дейді кейіпкерім алдағы онжылдыққа ұсыныс-тілегін айтып.
Сонымен қатар Жәнібек Қаржауұлы пойызбен қалаға кіріп келе жатқанда ескі қоймалар мен қараусыз қалған нысандардың Ақтөбенің сәнін кетіріп тұрғанын, оның орнына биік әдемі ғимараттар салынса жақсы болатынын айтты. Оның айтуынша, бұрын жаңа құрылыс ғимараты жолдан 50 метр қашық болуы талап етілетін, бүгіндемейрамханалардың ауласы, ал мекемелердің көлік тұрағы жоқ, бұл да ескеретін жағдай.Сондай-ақ ол «ескі қаланың жолдарын кеңейту қажеттігін, жалпы қаланың енді салынып жатқан бөлігінде де жолдардың кең болуын, тротуардың міндетті түрде салынуын қадағалау керектігінде айтты.
— Биыл қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой сәулетші, қазіргі сәулет мектебінің негізін салған алғашқы ғалым-педагогтердің бірі, Сәулетшілер одағының алғашқы төрағасы, Шалқар ауданының перзенті Төлеу Бәсеновтің туғанына — 115 жыл. Осы ретте еліміздегі көптеген ғимараттың сәулетшісі болған аңыз адам құрметіне бір ескерткіш орнатылса, дұрыс болар еді, — деді Жәнібек Қаржауұлы тілегін жеткізіп.
Әр жылдары қаламыздың екі мәрте бас сәулетшісі болған Жәнібек Тәттібаевеліміздің батыс өңірінің бас қаласы — Ақтөбенің болашағы зор екенін, болашақта миллион тұрғыны болатын облыс орталығының саябақтары мен гүлзарларының күтіміне де көңіл бөлу қажеттігін, тек «әкімдік жасайды» деп қол қусырып қарап отыруға болмайтынын айтып,барлық ақтөбелікті қаламызды таза ұстап, көркейтуге атсалысуға шақырды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.