Жастар алаяқтан қалай сақтануы керек?
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» және «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Ұл бала – ұлттың болашағы» атты өңір жастарымен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Аталған іс-шараның бірі Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінде өтті.
Жиынды өткізудегі мақсат — жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлық, құқықбұзушылық, лудомания және буллингтің алдын алу. Сонымен қатар осындай кездесулер арқылы отбасылық, ұлттық құндылықтарды насихаттап, саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру көзделген. Осы мақсатта облыстық жастар ресурстық орталығы оқу орындарын аралап, жастарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іс-шараға аталған колледждің жүзден аса оқушысы қатысты. Жиында полиция қызметкерлері алаяқтардың, ойынқұмарлар мен есірткі тасымалдаушылардың құрбаны болмас үшін қалай сақтанып жүру керек екенін айтты.
— Жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргіземіз. Оның ішінде есірткіге қарсы іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Себебі қазіргі таңда жасөспірімдер синтетикалық және шөп есірткіге әуес. Көпшілігі бұндай нәрселерді интернет арқылы біледі. Қазір барлығында ұялы телефон бар. Әсіресе телеграм каналдар арқылы хабарламалар келеді. Мәселен, «бір күнде 100 мың теңге табасың» деген хабарламаны алған жас ойланып қалады. Көп ақша тауып, қыдырғысы келеді. Жеңіл ақшаға қызыққан жастар есірткі тасымалдап, күйіп кетіп жатады. Есірткіні тасымалдау, тығу, сату ауыр қылмыс түріне жатады. Сондықтан 14 жасқа толған әрбір азамат жауапкершіліктен құтылмайды. Егер жастар осындай қателіктерге жол берсе, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан жастарға айтарымыз — телефонға келген күмәнді хабарламаларды ашпау керек. Оның артында алаяқ тұруы мүмкін. Қандай да бір кодты сұрап, несие рәсімдеп жіберетін алаяқтар болады. Тіпті полиция, банк қызметкері болып хабарласатындар бар. Сондықтан телефон алаяқтарынан сақтанған жөн, — деді Астана ауданы №1 қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Есенғали Жолмұханбетов.
Кәмшат ҚОПАЕВА.