Алғаның әкімі тағайындалды
Тағайындау
Кеше Алға аудандық мәслихатының кезектен тыс жиырма жетінші сессиясы өтіп, оған облыс әкімі Асхат Шахаров, аудандық мәслихат төрағасы Марат Тулеуов қатысты.
Отырыс барысында өңір басшысы Алға ауданы әкімінің лауазымына Асланбек Шүйіншалиевті тағайындауға ұсыныс білдіріп, өмірбаянымен таныстырды.
Мәслихат депутаттары облыс әкімін қолдап, ұсынысқа бірауыздан келісім берді.
Осылайша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Алға аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен Асланбек Серікұлы Шүйіншалиев Алға ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
Ол 1988 жылы дүниеге келген. Білімі — жоғары. Қазақ-Орыс Халықаралық университетін құқықтану, Алматы экономика және статистика академиясын экономика, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясын өңірлік даму мамандықтары бойынша бітірген. Литва Мемлекетінің Миколос Ромерис университетінде мемлекеттік басқару бағдарламасы аясында халықаралық тағылымдамадан өткен.
Еңбек жолын 2007 жылы Алға аудандық қаржы бөлімінің ісқағаздарын жүргізуші заңгері болып бастаған. Одан кейінгі жылдары «АБУ-ГРУПП» ЖШС менеджері, Ақтөбе облысының балалардың құқықтарын қорғау департаментінің жетекші маманы, бас маманы, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бас маманы, Қарғалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Бадамша ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Алға аудандық қаржы бөлімінің басшысы, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының облыстық терроризмге қарсы комиссияның жұмысын үйлестіру және құқық қорғау органдарымен өзара іс-әрекеттесу бөлімінің басшысы, Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары болды.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарды.
2023 жылдың қараша айынан бастап Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Облыс әкімі Асхат Шахаров, депутаттар жаңа аудан басшысының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Н.ДАБЫЛОВ.