Жас ақындар жауһары
Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас ақындар арасында республикалық «Жыр жауһары» атты поэтикалық дуэль өтті. Оған Астана, Түркістан, Жезқазған, Қызылорда, Семей, Атырау, Орал, Шымкент және Ақтөбе қалаларынан жиналған жас ақындар қатысты.
Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, бұл іс-шара рухани, мәдени құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізу және жас таланттарды анықтау, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылды.
— Осындай форматтағы жыр додасы өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған 12 жас ақын қатысып, үш кезең бойынша сынға түсті. Жас таланттар алғашқы кезеңде Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арналған және патриоттық тақырыптағы бір өлеңін оқыды. Поэтикалық дуэльден үздік шыққан 4 ақын еркін тақырыптағы өлеңдерін тарту етті. Қатысушыларды ақын, филология ғылымдарының магистрі, Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы Мерей Қартов, ақтөбелік жас жазушы, Жазушылар одағының мүшесі Әлихан Жақсылық, филология ғылымдарының докторанты Рита Жұмағалиева, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Индира Кереева сынды қаламгерлер бағалады. Қазылар алқасы ақынның сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі, тақырыптың ашылуы, ой мен қиялдың ұшқырлығы және идеялық мазмұнына баса назар аударып, жеңімпаздарды анықтады, — дейді ол.
Поэтикалық дуэльде әдемі тіркестерімен, тосын теңеулерімен өзгелерден дараланған жерлесіміз Дәурен Тілеуханның өлеңдері оқырманды бейжай қалдырған жоқ.
— Көптеген облыстық жыр байқауларында топ жарып келемін. Поэтикалық дуэльге алғаш рет қатыстым. Алғашқы кезеңдерде «Жан жұмақ», «Кие» сынды патриоттық және еркін тақырыптағы өлеңдерімді оқыдым. Іс-шараға қатысудағы мақсатым — жеңіс емес, жас қаламгерлермен шығармашылық байланыс орнату. Бүгінде аударма саласын қолға алып жатырмын. Жақында Өзбекстанның Бұхара, Ташкент қалаларына барып, жас қаламгерлер форумына қатыстым. Қазіргі таңда Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Батыржан Эргашевтің өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалап жатырмын. Бауырлас мемлекеттің ақындары менің өлеңдерімді өзбек тіліне аударып, жас ақындар жинағына енгізді, — дейді Дәурен Тілеухан.
Поэтикалық дуэль қорытындысында 1-орынды шымкенттік Сезім Мергенбай жеңіп алса, 2-орынды астаналық Дәулет Жадырасын, 3-орынды ақтөбелік Дәурен Тілеухан иеленді. Жеңімпаздар дипломмен, қаржылай сыйақымен марапатталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.