Жаңалықтар

Қала тазалығы — басты назарда

Қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында экологиялық акция өтті. Іс-шараға ALT Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжінің оқушылары мен белсенді жастар қатысты.

Табиғат жанашырлары алдымен Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен ақтөбелік ардагерлерге арналған ескерткіш маңын күл-қоқыстан тазалады. Олар гүлзар маңын тазалап, жапырақтарды жинады.
— Жастар жиналған қоқыстарды қапқа салып, белгіленген аумақтарды көркейту жұмыстарына атсалысты. Тазалық — денсаулық кепілі. Ал қала тазалығын сақтау — әрбір тұрғынның міндеті. Жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуге бағытталған іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылғаны жөн. Осы уақыт ішінде қала аумағында 20-дан астам экологиялық акция өткізіліп, қоқыс қалдықтары полигонға жөнелтілді. Жуырда «Таза қоғамдық көлік» акциясы ұйымдастырылып, қаланың Астана, Алматы ауданына қарасты аумақтары тазаланды, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Әбуов.
Экологиялық акцияға қатысқандар арасында Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны Байдос Тәжібек те бар.
— Мен биыл ALT Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжіне техникалық мамандық бойынша оқуға түстім. Қаланың жасыл желекті саябақтарын тазалауға бағытталған тазалық акцияларына жиі қатысамын. Өкініштісі, кейбірі көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары тазалық жұмыстарына атүсті қарайды екен. Қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығарып жатқан тұрғындарды да көрдім. Әр адам қала тазалығына немқұрайды қарамай, қоршаған ортаны таза ұстаса деген тілегім бар, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button