Жас бишілер белесі
Ақтөбе қаласының — 155, Қобдаауданының 95 жылдығына орай батырлар мекенінде VIII ашық аймақтық «Ғажайып балалық» атты балалар би байқауы өтті.
Аудан әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты — балалар арасында би өнерін насихаттап, эстетикалық, көркемдік талғамын қалыптастыру.
Байқаудың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айбек Сұлтанов қатысып, жас өрендерге сәттілік тіледі.
Өнер додасының қатысушылары үш жас айырмашылығы бойынша өзара бақ сынасты.
Қазылар алқасының шешімімен 7-9 жас аралығындағы жас бишілердің арасынан Ақтөбе қаласынан келген «Шағала» би үйірмесі бас жүлдені жеңіп алса, 10-13 жас аралығындағы командалар арасынан халықтық ұжым «Қарлығаш» би ансамблі оза шапты. 14 пен 16жас бойынша да «Қарлығаш» би ансамблінің қыздары үздік деп танылды.
Барлық би ұжымдары Алғыс хатпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,
Қобда ауданы.