Скрининг жүргізіледі
Президент тапсырмасы
Облыста лудоманияның алдын алу және тәуекел топтарын анықтау үшін халықтың әртүрлі топтары арасында скрининг жүргізіледі. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен құмар ойынның құрбаны болған адамдарға көмек көрсетуге маманданатын клиникалық психологтарды оқытуға қаражат бөлінеді.
Аймақ басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен өңірлік штаб отырысында құмар ойындар мен қаржы пирамидаларының қызметіне қатысты мәселелер қаралды. Бұл проблемалар халық арасында, әсіресе жастар арасында өзекті бола түсуде. Қатысушылар лудоманияның алдын алу жолдарын және азаматтардың ақпараттандырылу деңгейін арттыру шараларын талқылады.
— Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес лудоманияның алдын алу және осы тәуелділіктен зардап шеккендерге көмек көрсетуге қатысты шаралар қабылдануда. Көптеген адамдар, әсіресе жастар арасында құмар ойындарға тәуелді бола бастағанын ескере отырып, лудоманияның алдын алуға және емдеуге бағытталған кешенді шараларды әзірлеу қажет, — деп атап өтті облыс әкімі.
Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбиннің мәліметінше, биыл 20 млрд теңгеге жуық шығын келтірген қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 57 қылмыстық іс тіркелген.
IMAS жүйесінің көмегімен жаңалықтар порталдары, блогтар, сайттар мен аккаунттар бақыланып отыр, күдікті мазмұны бар барлық заңсыз контентке тоқтау салынды. Осы жылдың өзінде 403 қаржы пирамидалық сілтеме бұғатталды және 23 мың жазылушысы бар 6 аккаунт жойылды.
Өз кезегінде ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтық және лудоманияның алдын алу үшін қандай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.
— Ақтөбе қаласында жастармен жұмыс істейтін мамандарға арналған мемлекеттік жастар саясаты мектебі өз жұмысын бастады. Жоба аясында жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері лудомания, репродуктивті денсаулық тақырыптары бойынша үш күндік оқыту бағдарламасын өткізді. Алғашқы курсқа Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 32 жас маман қатысты. Бұл аталған жобаның еліміздің барлық өңірлері үшін ауқымы кең екенін, маңыздылығын көрсетеді, — деп атап өтті Әлібек Байнешов.
Облыстық психикалық денсаулық орталығы басшысының орынбасары Гүлмира Оразова атап өткендей, құмар ойыннан зардап шеккен азаматтардың барлығы бірдей медициналық көмекке жүгінбейді. Бүгінгі таңда осы диагнозы бар науқастарды емдеу Жаңақоныс тұрғын алабында орналасқан орталық базасында жүзеге асырылады. Соңғы үш жылда төрт адам емделген, олар өздерінің ауруын мойындаудан қорықпапты және қолдау сұрай келген. Олар емдеу курсынан өтіп, динамикалық бақылауға алынған. Орталықта арнайы кабинет жұмыс істейді, онда пациенттер кеңес ала алады. Барлық өтініштер құпия түрде қаралады.
Облыс әкімі жиын соңында құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күрес аясында оның зияны туралы мемлекеттік қызметшілер мен жалпы халық арасында насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жастарға профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аударылуға тиіс. Түрлі алаңдарда, соның ішінде білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдарда лудоманияның зияны және олардың адам өміріне, денсаулығы мен әл-ауқатына кері әсері туралы пікірталастар өткізу керек.
Сондай-ақ Асхат Шахаров ойынға тәуелділікке бейімділікті ерте кезеңдерде анықтауға мүмкіндік беретін бағдарламаны әзірлеу туралы ұсыныс жасады. Зардап шеккендерге білікті көмек көрсету үшін клиникалық психологтарды оқытуға қаражат бөлінеді. Лудоманияның алдын алу және халықтың әртүрлі топтары арасында тәуекел топтарын анықтау мақсатында скрининг жүргізу жоспарланған. Оқушыларға, қаржы қызметкерлеріне және мемлекеттік қызметшілерге ерекше көңіл бөлінеді.
— Бұл құбылыстар, әсіресе жеңіл ақшаға оңай кенелудің құрбаны болған жастарға үлкен қауіп. Біз осындай схемаларды уақтылы анықтау және олардың таралуын болдырмас үшін күш біріктіруіміз керек, — деді аймақ басшысы.
М.ТАБЫН.