Мәдениет

Ахмет Ескендіров: «Өлеңім жаман болса жаттамассың»

Нұрпейіс Байғанин сынды ақынның әдеби хатшысы болған, өзі де  ақын, қаламы өткір журналист Ахмет Ескендіровтің «Қазақстан — Гүлстан» атты кітабы жарық көрді. Ахметтің зайыбы марқұм Нәсіл әже сандық түбінде сақтап, ұлдары Темірболатқа қалдырған қолжазбалары түгел дерлік кітапқа еніпті. Кітаптағы ақынның өлеңдері, дастандары, журналистік мақалалары, баласының естелігі мен әріптестерінің ол туралы жазған  мақалалары оқырман қауым  үшін айрықша сый болары анық.

Оқырман қауым Ахмет Ескендіров туралы «Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы болған» немесе «Социалды жол» газетінде қызмет істеген» дегеннен әріге бармайтын сараң мәліметтен артық  көп ешнәрсе білмейтін. Ахметтің өмір жолы мен шығармашылығынан мол хабар беретін кітапты парақтап отырғанда,  ақынның артында мол мұра қалғанына көзіңіз жетеді.

Әкесінің шығармаларының бас-аяғын жинап, еңбек етіп шығарған ұлы Темірболат Ахметұлы өз естелігінің алғысөзінде:

«Менің әкем Ахмет Ескендіров 44 жыл өмір сүрді. Жиырма жасынан мұғалім болып, он екі жыл бойы ел ішінде сауатсыздықты жоюға атсалысты, бала оқытты. Одан Ақтөбе облыстық «Социалды жол» газетінде 7 жыл мәдениет бөлімінің меңгерушісі, журналист болып қызмет жасады. 1938 жылдан бастап халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы болып 4 жыл тер төкті. От ортасында 2 жыл жауымен арпалысып, қан майданда қаза тапты. Ширек ғасырлық саналы өмірінде 55 өлең, екі поэма, 6 әңгіме, 1 деректі хикаят қалдырды. Бұлар — тек менің қолымда сақталғандары. Аумалы-төкпелі уақытта өмір сүрген ақынға бұл да аз дүние емес. Бірақ артында қалған шығармалары күні бүгінге дейін түрлі себептермен кітап болып шықпады. 80 жылдан кейін ғана оқырманына жол тартқалы тұр», — депті. Шынында, Ахмет ақын қысқа да болса мағыналы ғұмыр кешіпті.

Расында, артында осындай жоқтаушысы болмаса, Ахметтің бұл дүниелеріне де зәру болып қалар ма едік?!

Ахмет Ескендіров  Нұрпейістің 78 жасында әдеби хатшысы болып бекітіледі, содан кейін-ақ қарт жыраудың көкірегінен жыр тиегі еркін ағытылып, шымыр  шумақтары тыңдаушысын бұрынғыдан да  айрықша баурай бастайды. Көкірегі сайрап тұрғанымен, хат танымайтын Нұрпейіс атамызға  көп жыл мұғалім болған,  облыстық газетте жұмыс істеген  көкірегі ояу, көзі ашық Ахметтің тап келуінің өзі бір жақсылықтың нышаны іспетті.  Екі ақынның шығармашылық одақ болып жұмыс жасаған кездері  жеміссіз болмапты. 1939 жылы  Нұрпейіс Байғаниннің кітабы  Ахметтің әдеби редакторлығымен жарық көріпті.

Ахмет Ескендіровтің кітабының алғашқы бөлімінде ақынның өлеңдері берілген. Оның жиырма бір жасында алғаш рет «Кедей» газетінде жарық көрген «Ұлан даусынан» бастап «Жалшыға», «Еңбекті сүйемін» сияқты жас кезіндегі өлеңдерімен қатар  ақынның таланты толысқан шағында жазған «Гүлстан» поэмасы,  басқа да шығармалары бар. «Өлеңім жаман болса жаттамассың, Аузыңнан жақсы болса тастамассың» деген өлең жолдарының өзі Ахмет Ескендіровтің өзіне сын көзбен қарай алатын, талапшыл, әділ адам болғанын байқатады.

Кітапта газеттің байырғы редакторларының бірі Қ.Қожамұратовтың Ахмет жайлы:

«Газеттің мәдениет бөлімін басқарған журналист, ақын Ахмет Ескендіров соғыс жылдары алдында жалынды революционер Әліби Жангелдинмен бірге Ырғыз бен Торғайды ұзақ уақыт аралап,  даңқты большевиктің жауынгерлік жолдары, большевик батыр Амангелді Имановтың ерлік күрестері туралы «Социалдық жолдың» бірнеше нөмірлеріне үлкен материалдар жариялаған еді», — деген сөзі беріліпті. Осы сапарда елдің көнекөз қарияларымен кездесіп, көп мағлұмат алып қайтса керек. Кейінірек «Жығылмаған ту» атты деректі хикаятын жазады.

Кітапқа осы  хикаяты да енгізілген. Ел Тәуелсіздігі тарихының негізгі парақтарының бірі — 1916 жылғы көтеріліс жайлы дүниені жазғанда журналистің көп ізденгені көрінеді. Осы хикаят жайлы Темірболат аға:

«Ахмет 1916 жылғы қазақтың 19 бен 31 жас аралығындағы жастарын соғыстың қара жұмысына жегу туралы  патша жарлығына қарсы Ырғызда ұйымдастырылған көтерілістің тарихын зерттеп, оның 20 жылдығына арнап жазған. 1936 жылы «Социалды жол» газетінің бірнеше санында жарық көрген. Зеңбірекпен қаруланған патша әскерінен тайсалмай, Ырғыз, Қарабұтақтың бас көтерер ер азаматтарының қолдарына қылыш, айбалта, найза алып жауына қарсы майдан ашқаны, олардың ерлігі  жайында  жазылған. Қарақан бастарының қамы үшін орыс патшасының шашбауын көтеріп, елін, жерін сатқан сатқындар да сынға алынған», — деп жазыпты.

Сондай-ақ Ахметтің журналистік мақалаларының өзі күні бүгін жазылғандай әсер қалдырады. Кез келген кемшілікті  сынға алады. Көргендерін қағаз бетіне еш боямасыз, сол күйінде дәл түсірген. Мысалы, «Бесқопа совхозы егін орағына дайындалмай отыр» деген мақаласында: «Егін техникалары жөнделіп болмаған. Керекті бөлшектер жеткіліксіз. Жегін құралдары да айтарлықтай тап-тұйнақтай емес»,— деп кемшілікті  қолмен қойғандай етіп  жазады. Ал «Оқу бөлімі не ойлайды?» деген мақаласында  Қобда ауданындағы  жетім балалар үйінің жайына бас ауыртады: «Есік алды толған қоқтық, тізеден құм, жуынды, сыпырынды тастайтын арнаулы жер жоқ. Тазалық дегеннің он екіде бір нұсқасы болса бұйырмасын», — дейді. Журналистің  қырағы көзінен ешнәрсе таса қалмайды. Тіпті аудандық оқу бөлімінің бастығына: «Аудандық оқу бөлімі (бастығы: Сұлтанғалиұлы), сізге жол болсын. Балалар үйінің тұрмысын оңдау сіздің міндетіңіз емес пе?.. Өткен қыстағы балалардың ауыр тұрмысын қалайша ұмыттыңыз? Бұл ұмытарлық жұмыс емес еді ғой», — деп, ойындағысын тіке айтады.

Әртүрлі тақырыптарға қалам тербеген журналистің «Теңге қотыр» атты мақаласының жөні бөлек.  Қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған теңге қотыр (сифилис) ауруы туралы әріден қозғап, жан-жақты талдап береді, оның алдын алудың жолдарын айтып, елді ойсыз әрекеттерден сақтандырады.

Осы жағынан келгенде, Ахметтің қазіргі журналистерге   сабақ боларлық жақтары да жоқ емес.

Отан үшін шайқаста опат болған қайсар ақынның өмірі — кейінгіге өнеге. Нұрпейістей ақынның әдеби хатшысына соғысқа бармауға да мүмкіндік (бронь) бар еді. Ал Ахмет ел басына күн туғанда бас сауғалап қалғандай болғысы келмеді. «Үйде отырман тағат тауып, Шабам жауға киіп сауыт»  деп өзіне ант беріп, соғысқа сұранады. «Әділ іске жан құрбан» деп 1942 жылы соғысқа аттанған Ахмет Ескендіров майдан кешіп жүріп те өзінің сүйікті газетіне өлеңдерін жіберіп тұрады.  «Майданда», «Колхозды ауыл көрінді», «Алып батыр» өлеңдері газет бетінде жарық көреді. Оның:

Ұлыңды майдандағы мыңға бала,

Бір мыңнан жер қайысқан қолға сана.

Болғанда ұл сенікі, ер елдікі,

Осыны жадыңызда сақта, ана, — деген өлең жолдары  соғысқа кеткен ұлдарын екі көзі төрт болып тосқан аналарға қайрат берді.

Ахметтің асыл жары Нәсілге майданнан жазған хатында мынадай жолдар бар:

«Нәсіл, сен менің, мен сенің саулығыңды тілеймін…

Қайран менің балаларым, өздеріңді бір көрсем арман болар ма еді?! Қуатжан мен кетерде дардай сырқат еді, сауығып кетсе жақсы ғой папасын зар еңіретпей. Болатжан, папаң түсіңе кіре ме, сағындың ба? Қашан көрер екенсің әлде «папа» деген сөзге ғана ие болып қалар ма екенсің.

Мен мінген үміт атының желігі басылып тұр.

Жаным балам, жарым Нәсіл, мен қазір ақсап қалған құландай болып госпитальда жатырмын. 31 март күні жарақаттандым. Тез хат салыңыз. Ахмет. 15.04.44. Новгород-Волынск, часть «3209» Почтовый ящик №39».

Бұл хатты тебіренбей оқу мүмкін емес. Бірнеше баласының шетінегенін көрген қырықтың ішіндегі жігіттің жаны балаларының үстінде, өмір мен өлімнің ортасында жүріп те солардың қамын ойлайды.

Ахмет сол жолы жарақатынан жазылып, соғысқа қайта кіреді. 1944 жылы 12 қазанда Чехословакия жерінде Отан қорғау жолында шейіт болады. Мәйіті әуелі Прешув қаласының солтүстігіндегі  Вапеник селосында жерленген екен. Кейін ұзақ жылдар бойы сұрау салып, әкесінің қайда жерленгенін  іздестіріп  тапқан баласы Темірболаттың өтініші бойынша  Вапениктен Ахметтің сүйегі қазылып алынып, Свидника қаласындағы бауырластар зиратына 231 нөмірмен қайта жерленді.  Осы жерде қаза болған кеңес әскерлерінің тізімі  Свидника қаласының Дукельск музейінде сақтаулы көрінеді.

Ахмет Ескендіровтің «Қазақстан — Гүлстан» кітабы оқығанда  оның шығармашылық әлеуетінің жоғарылығына,  журналистік шеберлігіне  тәнті боласыз. Тәуекелшіл, үлкен жүректі азамат болғаны көрінеді. Бұл кітап та,  оның баспа жүзін көруі үшін аз тер төкпеген Темірболат ағамыз да — Ахмет Ескендіровтің көзі. Ендеше, Ахмет атамыз да ешқашан ел жадынан шықпақ емес.

 

 

 

Тұсаукесер

Тағылымды тұсаукесер

С.Бәйішев атындағы  облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында ақын, журналист Ахмет Ескендіровтің туғанына 110 жыл толуына орай жарық көрген «Қазақстан — Гүлстан» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Оған Ақтөбенің Идош Асқар, Нұқы Қартбайұлы, Кәдірбай Бекмағамбетов, Төребек Досқалиев, Бақытжан Ниеталин, тағы да басқа ардагер журналистері, зиялы қауым өкілдері, колледж, мектеп оқушылары қатысты.

Ахметтің өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен толғаған  ұлы Темірболат Ескендіров: «Әкемнің артында қалдырған мұрасының кеш те болса кітап болып оқырманымен қауышып отырғанына қуанып отырмын, бұл сәт мен үшін тым қымбат. Осы кітапты бала-шағасынан бір уыс топырақ бұйырмай, сүйегі шет жерде қалған әкеміздің бейітіне қойған гүл шоқтары деп есептеймін», — деп тебірене сөйлеп, көзіне жас алды. Шараның ұйымдастырушыларына, кітаптың шығуына атсалысқан адамдарға алғысын білдірді.

ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Жолмырзаұлы: «Темірболат әкесінің алдындағы перзенттік парызын орындады деп ойлаймын», — деді.

Ал Нұрпейістің ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, дәулескер күйші Момын Байғанин: «Болат құрдасым, бауырым, әкеңнің мерейтойы құтты болсын. «Орнында бар оңалар, орнында жоқ жоғалар» деген осы. Ағаның аты өшпейді. Менің әжем: «Әй, Ахметім-ай, атаңа тигізген шарапатың мол еді-ау, өзі адал, еңбекқор болатын», — деп,  Ахмет ағаны ылғи  еске алып отыратын. Ахметтің ұлдары Болат пен Қуат бәріміз қатар өстік, әжем олар үйге келгенде де осы әңгімелерін  айтатын.

Атамның өзі шығарған «Ақкенже», «Нарқыз» дастандарымен қатар «Қарасай-Қази», «Қобыланды» сияқты ұзақ жырларды латын әрпімен түгел  жазып алған да Ахмет аға көрінеді. Атамның даусы қарлыққанша өлеңін айтқызып қойып, бәрін қағазға түсіріп отырған ғой.  Нұрпейістің үш әдеби хатшысы болған, 1930 жылдары Мәселе Жаңабаев, 1938 жылдан Ахмет Ескендіров, ол соғысқа кеткеннен кейін Қуандық Шаңғытбаев болған. Нұрпейіс Байғанинді айтқанда,  Ахмет Ескендіров  есімі де қосарлана айтылады, оны елі-жұрты ешқашан ұмытпайды. Енді  Ахмет ағамның тойына шашу ретінде Динаның «Тойбастарын» орындап берейін», — деді. «Тойбастар» мен Қазанғаптың «Өттің дүние, кеттің дүние» атты күйлерін төгілтті.

Мектеп оқушылары Ахмет Ескендіровтің өлеңдерін оқыды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button