Мәдениет

Нулы өңірдің бойжеткені мен шөлді өлкенің бозбаласы

Тәуелсіз елмен құрдас шаңырақ

Шалқар ауданындағы Есет ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Жанасқан Қозбақов пен Гүлайым Әшірбекова — еліміз тәуелсіздік алған жылы шаңырақ көтергендердің бірі.

Жарасымды жұптың айтуынша, осыдан жиырма жыл бұрынғы бозбала мен бойжеткен шақтағы бір-біріне деген кіршіксіз пәк сезімдері бұл күнде әдемі сыйластыққа ұласқан. Отбасында өмірге келген Қуантқан, Мейірхан, Ералхан есімді алтын асықтай ұлдары Қозбақовтар әулетінің алтын іздерін жалғастырып келеді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, қолдарындағы жастары сексеннің сеңгіріне шыққан Саймұқан ата мен Жамал әженің жатпай-тұрмай Тәңірден тілейтіні — жас ұлғайғанда өздеріне демеу болып, көз қуаныштарына айналып отырған бала, немерелерінің амандығы. Күнделікті тірлікте қарияларының қолдарын жылы суға малып, батасын алып отырғандарына баласы Жанасқан мен келіні Гүлайым өздерін бақытты санайды.

Біздің ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері отбасындағы береке-бірлік ұғымдарын әйел атымен байланыстырып келген. Сондай-ақ шаңыраққа түскен келінді көбірек сынға алатыны тағы бар. Ал біз әңгімелеп отырған шаңырақтың келіні Гүлайым Ақжолқызы киелі жерде, көп балалы отбасында өмірге келген. Ол ұлтымыздың салт-дәстүрі күні бүгінге дейін сары майдай сақталған, тарихынан тін суырсаң, тағылымды сыр шертетін, Оңтүстік Қазақстан облысының сұлу өлкесі Қазығұртта 1970 жылы өмірге келген. Ал отағасы Жанасқан Саймұқанұлы Шалқардың Ұлықұмының бойында Ордақонған табанында (қазіргі Айшуақ селолық округіне қарасты Есет ауылы) 1968 жылы туған. Қазақтың кең байтақ жеріндегі нулы өлкенің бойжеткені мен шөлді өлкенің бозбаласы бір-бірімен арман қуған студенттік шақта Алматыда табысыпты.

Енді әңгіме тізгінін кейіпкерлерімізге берейік…

— Кіндік қаным тамған жер Есет ауылы  кеңес үкіметі уақытында «Сарыбұлақ» кеңшарының №3 фермасы болды. Кеңшардың мал шаруашылығын өркендетуге осы ауылдағы ағайындар да сүбелі үлес қосты. Кезінде бұл елді мекенде жүз қаралы үй болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оның қатары сиреді. Ауылдағы клуб, пошта, азық-түлік, монша ғимараттары кеңшар тараған тұста бұзылып, пайға үлестірілді. Тұрғындардың көбі сол кезде тірлік қамымен қалаға көшті. Қазір ауылда отыз шақты үй, бір негізгі мектеп бар. Биыл медпункт құрылысы басталды. Араға ұзақ уақыттар салып, игілікті нысанның салынуы ауылымыз үшін үлкен жаңалық болып отыр.

Әкем Саймұқан Қозбақов 1926 жылы дүниеге келген. Ол ес білгелі ел басына түскен нәубет кездерді басынан өткеріп, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек етіп, мал бағып, жер жыртып, егін салу жұмыстарына белсене араласқан.  1934 жылы туған анам Жамал — өмір бойы отбасы, ошақ қасындағы күйбің тірліктен бір ауыспаған жан. Олар үнемі «сендер мына бейбіт заманның қадірін біліңдер!» деп немерелеріне ақыл-кеңестерін айтып отырады. Ал мен отбасындағы жалғыз бала болғандықтан еркелеу болып есейдім. 1985 жылы кеңшар орталығындағы Қорғантұз орта мектебін бітірген соң, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға  түстім. Жоғары оқу орнында оқып жүріп әскерге алынып, еліміздің Луговой станциясында әскери әуе күштері бөлімшесінде Отан алдындағы борышымды өтеп қайттым.

Оқуды тәмамдамай жатып, отбасын да құрып үлгердім. 1992 жылы қолыма зооинженер мамандығы бойынша диплом алып, ауылға қайттым. Зооинженер бұрын ең тапшы мамандықтардың қатарында болды. Бірақ менің мамандығым бойынша ауылдан жұмыс табылмады. Мен диплом алған кезең — кеңшарлар тарап, елде жаппай жұмыссыздық, қысқарту көбейген уақыт. Өзге өңірлерден жұмыстар табылғанымен, ауылымды қиып кете алмадым. Одан да әкеме қолқанат болып, алдындағы бірді-екілі малын бағысайын деп ой түйдім. Шүкір, бүгінде сол малдың арқасында қатардан қалмай, балаларымызды оқытып отырған жайымыз бар.  Зайыбым Гүлайым шаңырағымызға келін болып түскеннен бері ауылда медбике болып қызмет істеп келеді, — дейді отағасы Жанасқан.

Екеуінің алғаш бір-бірімен танысқандығына тоқталсақ,  ол кезде Жанасқан 4-курста оқиды екен. Айтуларынша, екеуі достарының үйлену тойында танысыпты. Сол бір ыстық сәттерді зайыбы Гүлайым Ақжолқызы былайша еске алады.

— 1988 жылы туған жерім Қазығұрт ауданындағы орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы республикалық медициналық училищеге оқуға түстім. Студенттік кезде-ақ құрбыларым  тұрмысқа шығып жатты. Бірде Гүлсім деген құрбым тұрмысқа шығатынын айтып, тойына шақырды. Құрбымыздың тұрмыс құру тойына дос қыздар  болып, біріміз қалмай  бардық. Жас жұбайларға жігіт жолдас ақтөбелік Дәурен есімді жігіт болды. Артынан білгенімдей, ол Жанасқанның жандай досы екен. Ол кездегі тойлардың өтуі қазіргіге қарағанда бөлектеу еді. Ұзын-сонар тост сөйлеп, әр тілектің арты биге ұласып жатпайтын-ды. Дастарқанға бір жайғассаң, молынан отыратынсың. Бірақ той қызықты өтетін. Құрбымыздың тойы да әдемі өтіп жатқан-ды. Бір кезде жігіт жолдас Дәуреннің масаңдау болып қалғаны байқалды. Қыз жолдас сонысына ренжіді ме екен, орнынан тұрып кетіп қалды. Оны іздеймін деп Дәурен де ұзағынан кетті. Содан жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлардың жанына отыратын қыз бен жігіт керек болды. Содан әлгілер келмеген соң қыз жолдастың орнына мені отырғызды. Бір кезде көпшіліктің арасынан суырылып шығып «жігіт жолдастың орындығына отыруға мен дайынмын» деп ұзынша бойлы, толқындай бұйра шашы бар бір жігіт келіп, орындыққа жайғасты. Бір-бірімізбен сол тойда таныстық. Әзіл әңгімелерінің арасында ол маған «құдай қаласа, енді жас жұбайлар орындығына екеуміздің отыруымыз қалды» деп айтқан еді. Сол сөз періштенің құлағына шалынса керек, көп ұзамай таныстығымыз махаббатқа айналып, біз де үйлендік.

Гүлайым  Ақжолқызы — отбасындағы тоғыз баланың сегізіншісі. Өзінен үлкен төрт ағасы, үш әпкесі мен бір сіңлісі бар. Әке-шешесі Қазығұрт ауданында ұзақ жылдар киім дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген. Анасы Кеңескүлдің бойында емшілік қасиеті болған. Оны ауылдастары «емші апа» деп атайды екен. Қызы Гүлайым: «Мен анамның жолын қуып, медбике болдым», — дейді.

— Шалғай өңірге тұрмысқа шығуға үй-ішіңіз қарсы болған жоқ па? — деген сауалымызға ол былайша жауап берді:

— Әрине, өзге облыста тұратын бейтаныс жігітке тұрмысқа шығуыма әу баста ағайын-туысымның қарсы болғаны рас. Оның үстіне анам марқұм мен  тұрмыс құрмай тұрып о дүниелік болды. Бауырларымның барлығы жер шалғайлығын, барыс-келістің қиын болатынын көбірек ескерте берді. Бірақ «жүрекке әмір жүрмейтіні» рас екен, Жанасқан екеуміз бір-бірімізге берген сертімізді бұза алмадық. Сөйтіп, 1991 жылдың 10 шілдесінде мен Есет ауылына келін болып түстім. Ел экономикасы тұралап жатқан шақта той жасаудың өзі қиын болатын. Қалтаңда қаржың болғанымен, дүкендерде  азық-түлік тапшы. Той жасайтын үйдің өзіне арақ-шарапты талон арқылы белгілі бір мөлшермен береді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, ата-енем біздің үйлену тойымызды ешкімнен кем қылмай дүркіретіп өткізді. Тұрмысқа шықпай тұрып Жанасқанға: «Мен Шалқар өлкесін өмірімде көрген емеспін, сен маған туған жеріңнің табиғатын суреттеп берші», — деп жиі қолқа салатынмын. Ол ауылын мақтаса алдына жан салмайтын. «Біздің ауылдың табиғаты керемет, еліміздің Швейцариясы деуге болады» дегені бар. Келін боп түскеннен кейін оған әзілдеп: «Сен туған жеріңнің табиғатын тым артықтау айтып жіберген жоқсың ба?» — десем ол: «Мен өз туған жерімнің табиғатын Швейцариядан да артық көремін», — деді. Әрине, қазақтың жері бәрімізге ортақ, тез үйренісіп кеттім. Үйленгенімізге биыл 20 жыл болды.

Қазірде Есет ауылында ақ халат киетін келіншек біреу болса, ол — осы Гүлайым Әшірбекова. Өйткені бұл елді мекеннің медбикесі де, дәрігері де өзі. Басы ауырып, балтыры сыздағанға қолынан келетін көмегін ол ешқашан аяған емес. Биыл ауылдан жаңа медпункттің салынуы оның жұмысқа деген жігерін жани түскендей. Шалқар аудандық емханасы басшылығының айтуынша, қомақты қаржыға салынып жатқан бұл медпункт заман талабына сай жабдықталатын көрінеді. Ендеше бұл — ауылдың медбикесінің жұмыс істеуіне алда толық жағдай жасалады деген сөз.

— Президентіміздің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық саласына да ерекше назар аударылады. Мекенімізден жаңа медпункттің салынуы соның бір ғана дәлелі дер едім. Бұл ел Тәуелсіздігінің  20 жылдығы аясында ауылға жасалатын үлкен сыйлық болғалы тұр. Медицина саласының қызметі қашаннан да жеңіл болған емес. Қазіргі ел экономикасы өркендеген кезеңде ақ халатты жандарға қойылатын талап та, жүктелген міндет те жоғары. Бұқара халықты салауатты өмір салтына тарту, оларды шылым, ішімдік секілді теріс қылықтардан арылту бағытында түсінік жұмыстарын жүргізу, әрбір тұрғынмен жеке сұхбаттасу… Міне, осылардың барлығы бүгінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне жүктеліп отыр. Дәрігер адамды емдеуші ғана емес, тәрбиелеуші де болуы қажет. Науқас әр түрлі болады. Олардың мінездері де сан алуан. Сол адамдардың мінезіне тән барлау жасап, жабырқаған жүрегіне жол табу — дәрігердің міндеті. Мен осы мақсатта жинақтаған тәжірибем мен бар білімімді өз қызметімде көрсетіп келемін, — дейді Гүлайым Ақжолқызы.

Оның осы ауылда фельдшер болып еңбек еткеніне де жиырма жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында оның аудан, облыс тарапынан алған марапаттары да жетерлік. 2011 жылы облыстық медицина мекемелері арасында өткізілген «Шапағат» конкурсында «Үздік медициналық пункт» номинациясын  иеленіп, облыс әкімінің сертификатымен марапатталуы — осының бір ғана парасы.

Тұңғыш ұлдары Қуантқан қазірде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде физика-математика факультетінің үшінші курсында, ортаншысы Мейірхан ауылдағы Сарыбұлақ негізгі мектебінде 9-сыныпта оқиды, кенжесі Ералхан биыл осы мектептің 1-сыныбына қабылданған.

«Бала тәрбиесі — ата-анаға ортақ парыз. Сондықтан біз баланың күнделікті оқуын қадағалау, бос уақытын тиімді өткізу жағына екеуміз де бірдей көңіл бөлеміз. Үшеуі де ер бала болғандықтан, олар үйден гөрі сырттың жұмыстарына  араласқанды жақсы көреді», — дейді ата-аналары.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болған  шаңырақ иелері  «Отбасындағы береке — ауызбіршілікте» деген қағиданы берік ұстанады. Бақыт деген қастерлі ұғымды отбасы мен жан-жағының амандығы деп түсінеді.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button