Мәдениет

Құлағымда — қобыз үні

Серғали Қоблашев

Серғали алыс ауылда — Ырғыздың Шеңберталында тұрады. Нағыз ауыл адамы. Және ақыны. Өте кішіпейіл, өзін де өте төмен ұстайтын осы жігіттің табиғи, қазақы мәдениетіне таңдандық. Бірер өлеңін қысылып-қымтырылып әзер берді. Керемет ақын емес-ақ шығар. Бірақ, ақын. Себебі, оның өлеңдерінде әбден жаттықтырылған шеберлік аз. Есесіне, шынайы, қазақы сезім бар. Ақынжанды қазақтың сезімі. Оқып көріңіз.

Қоштасармыз…

Қоштасармыз бір күндері

сіз бен біз,

Тосар алдан жапырағын

үзген  күз.

Бәйбіше боп жолығады,

бір күні

Баяғыда өзің күдер

үзген қыз.

 

Өткен өмір оралмайды

қайтадан,

Буырқанып, бурыл басты

шайқағам,

Бір кездері, біз қыдырған

көшеде

Өзге жігіт, өзек үзіп

айтады ән.

 

Келісесің – бәрінің де

соңы бар,

Жөніміз жоқ бостан босқа

торығар,

Тірлігіңде көре алмаған

көп пенде

Я тамұқта, я жұмақта

жолығар.

 

Қоштасамыз, өмір заңы,

жоқ амал,

Соны ойласам, байғұс көңіл

тоналар.

Ой салады кейде маған

осылай

Көз ұшында қарауытқан

обалар.

***

 

О, балалық, естен кетпес елесің!

Көңіліме

Ерекше нұр себесің,

Жетімдігің

Батты ма әлде жаныңа,

Сен түсіме

Неге жылап енесің?

 

Іштей мүжір

Рас, кейде құса-мұң,

Жаным салып

Сағынышты құс әнін,

Аңсап кейде

Жыртық көрпе жылуын,

Сағынам ба

Бауырлардың құшағын?

 

Тербетеді

Балалықтың күйі шын,

Естіген күн

Аға, ападан жиі сын,

Тарылады

Кей кездері тынысым,

Аңсаймын ба

Мен солардың иісін?

 

Тыңда үнсіз,

Тек жүрегім сөйлесін,

Қайта оралтып

Бала күннің бейнесін,

Еске салар

Құрау-құрау көңілім

Анашымның

Жамап берген жейдесін.

 

Дымқылданып

Өзді-өзінен кірпігім,

Күн еңкейіп,

Орнағалы тұр түнім.

Көйлек бүтін, балалық жоқ – жоғалған.

Кім жамайды көңілімнің жыртығын?..

Күзгі сыр

Күз келіпті-ау, тағы да күз келіпті,

Сарғайыпты төбелер қыз бөрікті.

Өмір жазын бір кешкен досымның да

Қырау шалып самайын үлгеріпті.

 

Қалайынша тез өткен күндер деген,

Көп секілді ісіміз үлгермеген.

Қызы кеткен ауылдай қызықсызбыз

Көбелектей қоштасқан гүлдерменен

 

Суы қашқан халіндей жылғалардың,

Кейбір досты іздедім, қырға бардым,

Сағынышын биіктен толғайтұғын

Әні бізге бұйырды тырналардың.

 

Сары түске бояған дала таңын,

Күз келіпті сап-сары алақаны.

Екеумізге ұқсайды, қарашы дос,

Қаздар анау ұшырған балапанын.

 

Күз келіпті, ей, достым, күз келіпті,

Ата бола қалыппыз біз бөрікті.

Тоба дейміз томсарып тұрсақтағы —

Ұл беріпті, қылықты қыз беріпті.

 

…Күз келіпті-ау, тағы да күз келіпті,

Байтақ дала бір ғажап күйге еніпті,

Жан-жапырақ сарғайып кеткенімен,

Өмір бізге еншілі сый беріпті!

 

Жусан иісі

 

Иіскеп көр

Боз жусанның бүршігін,

Ғажап иіс,

Боз далада тылсым үн.

Боз төбеде

Бейіт жатыр белгісіз,

Біле алмадым –

Кімнің алған қыршынын?

 

Көмкеріпті

Боз жусан мен бетеге,

Неге ойымнан

Кетпей қойды со төбе?

Қарауытқан көне бейіт – көне өмір,

Бұл өмір де көнере ме, өте ме?

 

…Бейіт басы.

Боз жусанның исінен,

Жан тербетер

Бір ғажайып түйсінем,

Боз төбеде

Дамылдаған, ей, баба

Жусан иіскеп

Жатқаныңа сүйсінем!

 

* * *

 

Көзін көрген

Ғұнның, сақтың, оғыздың,

Толғай тарсаң,

Тоқтамастай тоғыз күн,

Серік болып

Қорқыттайын бабаға,

Үні қалған санамызда қобыздың.

 

Қия тартып

Қыл ішекті, қияғың,

Зарлы, мұңды

Көкірекке жияды үн,

Сыңсып салған

Әніндей бір арудың,

Хасыл қылған

Бар арманын, қиялын.

 

Аруана

Үніндей бір боздаған,

Ішкі шерді

Күңірене қозғаған,

Қобыз үнін

Қайталаса  тау мен тас

Үнсіз ғана

Иеді бас боз далам.

 

Ащы мұңнан

Боталап бір жанарың,

Қобыз үні

Шерді қозғар, қарағым,

Ақтабанда

Елін бастап шұбырған

Құлағыма

Келеді үні бабаның!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button