Мәдениет

Мекені бар Махамбетов

Ақтөбе қаласының негізінен зауыт жұмысшылары қоныстанған бір аумағы баяғыдан-ақ ел аузында Махамбетовка делініп кеткен. Бірақ бұлай неге аталғанына көпшілік мән бере бермейді. Қазақстанды аграрлық елден дамыған индустриялы өлкеге айналдырудың ардагері, көп жылдар қатарынан Ақтөбедегі хром қосындылары зауытының басшылығында болған Бақытжан Саназарұлы Махамбетов нақ осы кісі еді.

Шалқардан келген ауыл баласы өз қызметінде жедел өсті. Ол бұған дейін де Орынбор темір жолына қарасты кәсіподақ комитетінің меңгерушісі, кадр бөлімі бастығының орынбасары қызметтерінде болды. 1952 жылы зауыт директорының бірінші орынбасары қызметіне келді. Бақытжан Махамбетовті осы ретпен-ақ қазақтан шыққан алғашқы өндіріс басқарған ұлт кадры ретінде тануға болады.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының негізі өте ауыр кезеңде қалыптасты. Оның түбірі сонау Запорожье ферроқорытпа зауытынан бастау алған-ды. Хромтаудағы өте бай пайдалы қазбалар қорына орай мұндай жұмыс қарқынды жүрді. Алғашқы жылдары жұмыстың көбі қолмен атқарылды, механикаландыру деңгейі де төмен болды. Жұмысшылардың тұрмыс жағдайы да жұпынылау еді. Осы жылдары өндірістің басшылығына келген Бақытжанның шебер ұйымдастырушылық қабілеті жаңа қырынан көрінді. Оның алдында бір мезгілде өнім шығарып қана қоймай, жұмысшыларға әлеуметтік жағдай жасау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, олар үшін мектептер, мен балабақшалар тұрғызу мәселесі тұрды. Индустрияны қалыптастыру, табиғи ресурстарды ысырапсыз игеру, өнеркәсіпті қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету арқасында мәдени құрылыс бағдарламасы іске асырылды. Іскер басшы шаруашылық базасын жасау, мәдени-тұрмыстық объектілер салуды қатар жүргізді. Кәсіпорын білікті жұмысшы мамандармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Бәкеңнің қадағалауымен еңбегіне қарай жұмысшыларды моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру шаралары қолға алынды. Ол басқарған жылдары Ақтөбе форроқорытпа зауытының өнімі еселеп өсіп, еліміздің металлургия флагманына айналды.

Ол іргесін қалап, жұмысшылар поселкесіне айналдырған елді мекеннің Махамбетовка аталуына байланысты журналист Г. Дейнекин: «Махамбетовым поселком, Махамбетовкой назвали сами жители, потому что этот человек возглавлял не только строительство, но воистину был и швец, и жнец, и на дуде игрец»,- деп жазады өзінің естелігінде. Қала ауданына кіретін «Жилгородок» қалашығының негізі де АЗФ, АЗХС зауыттарының құрылу тарихымен байланысты жүрді. Жұмысшылар уақытша барақтардан барлық жағдайлар жасалған кең де жарық жаңа қоныстарға көшірілді. Қазіргі Ақтөбе қаласының іргесінде өндірісшілерге арналған жаңа тұрғын үй ауданы бой көтеріп, зауыттың индустриялық дамуынан ауқымды әлеуметтік-экономикалық ахуал қанат жайды. Қалашықтың алғашқы қазығын қағып, кірпішін қалаушылардың бірі осы Бақытжан Махамбетов еді. Оның құрметіне бүгінде тұрғындар қалашығының бір көшесі Махамбетов есімімен аталады.

Білікті жұмысшылар ол кезде әдетте сырттан әкелінетін. Алғашқы жылдары қала халқы Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Свердловскіден келген жұмысшылар, инженерлер мен техниктер есебінен көбейді. Қазақстанның индустриялық жұмысшы табының ұйытқысы да солардың есебінен қалыптасты. Ол жылдары ұлттық жұмысшылардың саны аз еді, маман кадрлар саусақпен санарлықтай болды. Бақытжан жергілікті ұлт кадрларын қалыптастыруда үлкен еңбек сіңірді. Қазақтан шыққан жұмысшылардың ара салмағын ұлғайту үшін көптеген ұтымды шараларды жүзеге асырды. Ұлттық кадрлар үшін зауыт жанынан ашылған қысқа мерзімді мектептердің, техника тілін үйрену үйірмелерінің кең жүйесі құрылды. Ауылдан келген жұмысшыларға жатақхана берілді. Жаңа өнеркәсіп цехтары ашылып, ғылыми-техникалық жетістіктің жекелеген жаңалықтары өндіріске енгізіліп, ұлт мамандары соған кеңінен тартылды. Оның бұл ісі республикаға, қала берді облысымызға «халықтар достығы» желеуімен сырттан келуші иммигранттардың легін тежеді. Ұлттық жұмысшы табы қоғамның қозғаушы күштерінің бірі дейтін болсақ, бұл оның ұлт теңдігі үшін атқарған азаматтық ісі еді.

Ол зейнеткерлікке шыққанға дейін осы қызметін абыройлы атқарды. Сол жылдары өндірісті басқарған директорлар Герман Сорокин және Ростислав Сорокин, АЗФ зауыты директорының орынбасары Аязбаевтармен әріптес болды. АЗХС  зауыты механикалық цехының бастығы болған А. Черенков бір газет тілшісіне берген сұхбатында ол туралы: «Мне повезло увидеть деятельность легендарного среди рабочих завода и общественности города Б. С. Махамбетова. Он очень много сделал для них, создав уютную, теплую обстановку в общежитиях. Много времени посвещал воспитанию молодых рабочих и специалистов, постоянно встречался и обшался с ними. Это был человек большой души»,— деген жүрекжарды жақсы сөздерін арнапты.

Былтыр Бәкеңнің туғанына 100 жыл толды. Туыстары, балалары мен оның көзін көрген зиялы қауым болып оған ас беріп, атап өтті. Оның өнегелі өмір жолы туралы жақсы сөздер айтылды. Ол туралы айтқан естеліктеріміз оған қойылған ескерткішіміз болсын деп тарасты жиналғандар.

Үлгілі әкенің, зиялы жанның артында қалған алтын асықтай ұл-қыздары да өмірдің түрлі саласында абыройлы еңбек етуде. Қызы Сара Бақытжанқызы көп жылдар Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина  университетінде шет тілдер кафедрасының меңгерушісі болды, қазір сол кафедрада доцент болып жұмыс істейді. Немересі Карина Тұрақбайқызы — Мәскеуде И.М.Сеченов атындағы медицина университінде жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры, ғылым докторы. Бәкеңнің күйеу баласы Тұрақбай Үмбетов республикаға белгілі ғалым-дәрігер, Ақтөбе медицина университетінде қызмет істейді, ҚР Медицина ғылымы академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы. Бақытжанның жұбайы Жанкен апай Ақтөбе қаласында көз нұры, көңіл қуанышы ұрпақтарының ортасында бақуатты тұрып жатыр.

Қазақ индустриясының пионері, партия және қоғам қайраткері Б.Махамбетовтің жүріп өткен өнегелі өмір жолы кейінгілердің есінде мәңгі қалып, оның бейнесі жылдар өткен сайын тұлғалана бермек. Ол небір қиын кезеңдерде де өзінің қызметіне адал берілген күйінде қалды. Уақыт зымырып өткен сайын ондай адамдар бір халықтың ғана емес, барша адамзаттың мәдениетінде ұлы құбылыс, ортақ қазынаға айналады. Осы тұрғыда досшыл жүрек, интернационалист кеңес қызметкерінің есімін ескеру туралы облыстық ономастика комиссиясына 1997 жылы сол кездегі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.М.Тырсин және жұмыстас болған завод ардагерлері А.Г.Халимуллин, Н.А.Ткаченко, Л.С.Слюсарь, Р.Г.Хусаинов, т.б. ұсыныс хат түсірген болатын.  Қаламызда оған жаңа бір еңселі көше аты берілді.

…Ақтөбе қаласы бүгінде күн сайын, ай аралатып жаңарып, жасарып келеді. Бақытжан Махамбетов есімі де көненің көлеңкесінде қалып қоймай, сол шаһармен бірге шырайлана берсе игі.

Төлеуғали Адайбаев,

профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button