Әдебиет

«Отамалы» жарыққа шықты

Тобық Жармағамбетов — 90

Биыл белгілі жазушы, жерлесіміз Тобық Жармағамбетовтің туғанына 90 жыл толады.

Осы мерейтой тұсында Алматыдағы «Зият» баспасынан жазушының «Отамалы» атты кітабы жарыққа шықты. Жаңа кітапты «Зият» баспасының басшысы, ақын, республикалық «Алтын тобылғы», «Ұлы дала» шығармашылық байқауларының жүлдегері Асылан Тілеген өз қаржысына шығарып, жазушы шығармашылығына асқан жанашырлығын танытып отыр.

Кітапқа жазушының әдебиет сыншылары тарапынан да, қалың оқырман тарапынан да жоғары баға алған «Отамалы», «Нәзік бұлттар», «Қара жаңбыр» сынды шығармаларымен қатар, бұрын-соңды кітаптарында жарияланбаған «Бозторғай», «Сәния» атты әңгімелері енген. Айта кетейік, «Бозторғай», «Сәния» атты әңгімелер биыл шыққанына 100 жыл толатын біздің газетіміздің оқырмандарына, соның ішінде қазіргі буынға да таныс. Өйткені өткен ғасырдың 60-жылдарында біздің газетте жарияланған бұл әңгімелерді жақын жылдары жазушының жары Сәпия Жармағамбетованың ұсынуымен қайталап берген болатынбыз.

Әлеуметтік желілерде осы кітаптың жарыққа шығуына орай оқырмандардың қуанышы, ой-пікірлері жарияланып жатыр. Мысалы, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек өзінің фейсбук желісіндегі парақшасына: «Бұл кітап байырғы қазақ тұрмысындағы мифологиялық портреттер жинағы сияқты. Ішін ашып, парақтай бастасаң,жан бітіп, қабырғаға тізіле қалатын тәрізді. Сен одан тірі бейнелерді көріп, мифке айналған рухтардың тынысын сезінетін секілдісің. Бұрын бір-екі рет қайталап оқысамда, жақында басылып шыққан жаңасын тағы сатып алдым. Жылда қайталанатын табиғат құбылыстарына туысымызды көргендей жамыраса қалатынымыз бар емес пе? Тобықтың «Отамалысы»да басқа да әңгіме-хикаяттарымен бірге әр оқыған сайын қуантып, таңдандыра беретін аяулы кітап», — деп жазды.

Кітапты ақтөбелік оқырмандар kaspi.kz сауда желісі арқылы сатып ала алады.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button