Әдебиет

«Оның рухымен күнде сырласамын»

ТОБЫҚ — 90 

« — Тыңдашы деймін, әже!

— Құлыным, тыңдап отырмын.

Бала әуелі бір рет «мінеші» деп алды да, тақпақтағандай қылып, алдындағы кітабын оқи жөнелді.

Бұл екі қаладан қарама-қарсы шыққан пойыздар туралы есеп еді. Үлкен екі қаладан — Москва мен Ленинградтан.

Кемпір… жасы жетпіс екіге жетсе де, жүзден аса көп санап көрмеген адам болатын-ды. Мүмкін санайын десе мыңға дейін де, одан әрі де санай алар ма еді, бірақ олардың кемпірге қажеті шамалы болды. Өмірінде көп қолданыс таппаған сандар еді ар жағы. Мына есептің сондықтан қиын соққан түрі бар. Дегенмен үндемей қала алмады.

— Бұлар әлгі дәу шаһарлар ма?

— Шаһар деген не, әже?

— Қала ше?

— Иә, иә.

— Ояқта соғыс болып жатқан жоқ па?

Бала ішек-сілесі қатып біраз күлді.

— Бұл әшейін есеп қой, әже…»

Бұл аз ғана үзінді жазушы Тобық Жармағамбетовтің «Қара жаңбыр» повесінен алынды. «Қара жаңбырға» тағы бір мәрте үңілген себебіміз — бұл туындының автордың өз өмірінен алынғанын жазушының жары Сәпия Жармағамбетовадан да, марқұм қарындасы Әсем апайдан да сан мәрте есіткен едік.

Повестегі Нияздың прототипі — бала Тобық. Жазушының шын есімі Тобанияз екен де, кейін Тобық атанып, құжаттарға солай түсіпті. Жазушы өз есімінің екінші бөлігін осы шығармасында қалдырып кеткен.

Міне, биыл, жазушының 90 жылдық мерейтойы тұсындағы әңгімеміздің басында да Сәпия апай «Қара жаңбырды» бір айтып өтті:

Біз Тобық екеуміз —көп қиындық көріп өскен жандармыз. Мұны «Қара жаңбырдан» да білесіздер. «Қара жаңбыр» — оның өз балалық шағы туралы шығарма. Мен бұрын да айтып келдім, тағы да айтамын: Тобықтың барлық туындысы өмірден алынған. Ол адамдармен араласып, тіпті кейде танымайтын жандармен де шүйіркелесе кетіп, не жазса да, өмірдің өзінен алып жазатын.«Бәйтеректің жас шағы» — Нұрпейіс Байғанин туралы шығарма. Оны жазарда ақынның зайыбы Аймекен апаймен, балаларымен, Нұрпейіс Байғаниннің көзін көрген басқа да адамдармен қайта-қайта кездесіп, көп ізденді. «Қызыл ай» повесінде журналист Төлеміс Меңдіғали мен оның ата-анасының тағдыры баяндалған. «Екі жүректің» кейіпкерін де «оқиға желісін сәл өзгерткенім болмаса, өмірде бар адам» — деп айтып отыратын, — деді.

—Тобық ағамен алғаш қай кезде, қалай кездестіңіз?

— Біз үлкен қиындық көріп өскен буынның өкіліміз деп жоғарыда айттым. Ал біздің ата-аналарымыздың тағдыры одан да ауыр болған: аштық, саяси қуғын-сүргін, соғыс… Соның бәрін бастан өткерді. Менің анам — Байғанин жақтың, Тобық туған өңірдің қызы. Бай отбасына келін болып түскен екен, кейін қудалауға ұшырағанда жаяу-жалпылап жүріп, Ақтөбе маңына қашып келеді. Осы жақта тағдыр менің әкеммен жолықтырып, екінші рет тұрмысқа шыққан. Әкем соғысқа қатыспағанмен, теміржолда майданнан келген жаралыларды күтіп алу, азық-түлік тиеп жіберу секілді жұмыстарға жегілген. Жасы үлкен адам, ауыр жұмыстарға денсаулығы шыдамаса керек, көп ұзамай дүниеден өтті. Інім екеуміз анамның қолында қала бердік. Жесір әйел, жетім баланың тірлігі белгілі ғой. Тезірек ержетіп, анама қолғабыс тигізсем деген арманмен, 8 класты бітірген соң, Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Мамандық алып шығып, Алға ауданыныңсол кездегі Максим Горький атындағы колхозына кітапханашы болып орналасқанда қуанышымда шек болмады. Жұмысымды жанымды салып атқардым. Көбіне жаңа газет-журналдар мен кітаптарды арқалап, егінші, малшыларға барып, жұмыс арасында жаңалықтарды, жақсы туындыларды дауыстап оқып беремін.Ол заманда «ауыл тілшісі» деген ұғым болатын. Ауылдың әсіресе шаруашылықтардың жаңалығын газеттерге жазып тұрасың. Араларында жүрген соң мен де шаруа қауымының титтей бір табысын түртіп алып, аудандық газетке жолдайтынмын. 1958 жылдың күзінде Ақтөбеде ауыл тілшілерінің республикалық семинар-кеңесі өтті. Аудандық газеттің редакторы мені осы жиынға жіберген болатын. Қыздар жағы бірен-саран, көпшілігі — ер-азаматтар. Өзім қатарлас жастар көп. Тобықпен алғаш осы жиында таныстық. Ол ҚазМУ-ды бітіріп келіп, Байғанин аудандық газетінде еңбек етіп жүр екен. Тобық осы сапарында біздің ауылға да соғып, анаммен танысып, екеуі бір өңірдің адамдары болған соң ба, бірден шүйіркелесіп, ұзақ әңгімеге кірісті. Сол жылдың желтоқсан айында қосылдық. Алғашқы жылдары Жарқамыста тұрдық. Алайда үлкен қалаға, тіпті республика астанасы — Алматыға да көшкіміз келді. Тобықтың Алматыға барып, бір айдай жұмыс істеп, ол жақта үй-күйсіз, тұрмысымыздың қиын болатынын түсінген соң ауылға қайтып келген сәті еді. Соңынан шақырту келді. Ақтөбеде жаңадан облыстық телеарна ашылып жатқан. Соған қызметке шақыртыпты. Сөйтіп, облыс орталығына көшіп келдік.

— Ол кезде Ақтөбеорыстілді қала болатын…

— Мен Алға ауданының Тамды ауылында туып-өстім. Орыс тілін жетік білетінмін. Тобық та екі тілге жүйрік еді. Менің жұмысқа тұруыма сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Өскенбаев деген ағай көмектесіп, Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасына орналастым. Әріптестерім, негізінен, өзге ұлт өкілдері екен. Тобық та жағдайды бірден түсініп: «Қалада бұл салада еңбек ету оңайға соқпайтын сияқты. Сондықтан уақыт оздырмай, жоғары білім алуға кіріс. Онда да Қазақстанда емес, Мәскеуге барып оқығаның дұрысырақ», — деді. Тобықтың ақыл-кеңесімен Мәскеудегі Надежда Крупская атындағы институтқа сырттай оқуға түстім. Бес жыл бойы мен сессияға кеткенде, бірауыз артық сөз айтпастан, балаларды үйде өзі алып қалатын. Сол оқудың арқасында кейіннен облыстық балалар кітапханасының директоры қызметіне де көтерілдім. Осы ұжымда 50 жылдай еңбек етіппін…

Тобық жалғыз мен ғана емес, көп адамның жоғарыбілім алуына көмектесті. Ел есінде қалған бір оқиғаны баяндайын: 1952 жылдың жазында Тобық бірінші курсты аяқтап ауылға келеді де, сол жылы мектепті жақсы бітірген он шақты баланы үй-үйді аралап жүріп жинап алып, қайтадан Алматыға кетеді. Әрқайсысының құжатын қалаған жоғары оқу орнына тапсырып, жатақханаға орналастырып, қалай жүріп-тұруды үйретіп кетіпті. Сол жылы бәрі де оқуға түседі. Сол жастар өз саласында мықты-мықты маман болып шығып, кейін кездескен кезімізде: «Сонда біз үшін әлекке қалғаның-ай!» — деп еске алысып жататын. Ал Тобықтың бірде осындай сөзге: «Біздің ауылда дарынды, қабілетті жастар көп болғанымен, көпшілігі әке-шешесіне қарайлап, әрі қарай оқу-білім қумай, ауылда қала береді. Осы жағдайды біржола өзгерткім келді. Бір толқын жаппай оқу іздеп шықса, кейінгілер де оның соңынан ереді. Көздегенім осы болатын», — деп жауап бергені есімде.

Тобықтың бір қасиеті — адам баласының көңілін қалдырғысы келмейтін еді. Кейде көшеде келе жатып, бір адаммен әңгімелесіп тұра қалады. Соңынан «Бұл кім?» деп сұрасаң, білмейтін, танымайтын адам болып шығады. «Танымайтын адаммен сонша әңгімелескенің қызық екен», — деп ренжисің. Сондайда: «Енді адам бетіңе қараған соң, онымен сәлемдеспей, сөйлеспей өте шықсаң, көңілі қалмай ма?» — дейтін. Қарындасы Әсемнің ол қайтыс болғаннан кейін, қатты сағынған бір сәтінде: «Құдай-ау, ең болмаса көңілімді неге бір рет қалдырмады екен? Бір рет ренжіткен адам болса, осынша сағынып, осынша қиналмас па едім?» — деп жылағаны бар. Расы да сол. Жасым 90-ға таяды. Осы ғұмырымда адамға деген мейірімі жағынан дәл Тобықпен теңесе алатындай жанды көрмеппін.

—Жазушы небәрі 39 жыл өмір сүрді. Өмірден өтер сәттегі ең үлкен өкініші не еді?

— Жетімдік көріп өскен біздің буынның бар сенері — өзінің маңдай тері, адал еңбегі еді. Бел жазбай, тынымсыз еңбек етсек, барша мұратымызға жетеміз деп сендік пе екен?.. Соның ішінде Тобықтың еңбекқорлығы тіпті ерекше болатын. Ол күнімен жұмыс істеп келіп, түндешығармаларын жазуға отыратын. «Демалсаңшы» деген сөзге мән бермейтін. Көзінің тірісінде 4 кітабы жарыққа шықты. Әр кітабы шыққан сайын күнделікті өзімізбен араласып жүрген жандар: «Осы Тобық қашан жазып үлгереді? Күндіз — жұмыста, кешке бізбен бірге қыдырып жүреді ғой», — деп таңғалып жататын. Сөйтіп жүріп жүрек ауруына шалдықты. Оны да елей қойған жоқ. Есі-дерті жазу болатын. Ауырып жүріп те жазды, жаңа дүниелер жазуды армандады. Тек ауру әбден меңдеген кезде, беті бері қарамасын сезді ме: «Осы дерттен жазылсам ғой, шіркін! Өмірді басқаша сүрер едім», — деп өкінді.

Қағаздарын қарап отырсам, 1973 жылдың қараша айында «Жалын мен оттан жаралған» деген роман жазып тапсыруды жоспарлапты. Бұл Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тарихы, жұмысшылары туралы роман болуға тиіс еді. Зауыттың алғашқы директорының ол кезде Челябинскіде тұратынын анықтап, сол кісіге барып келуді жоспарлап, біраз материалдарын да жинақтады. Бірақ арманына жете алмады. Тірі болса, өлке тарихына қатысты қаншама дүние жазғандай екен… Амал не?

— Ол өмірден өткеннен кейін, мұрасын көзіңіздің қарашығындай көріп, сақтап келесіз. Жазушының жары ғана емес, оның шығармашылығының нағыз жанашыры ретінде танылдыңыз.

— Бұл — менің Тобықтың алдындағы адамдық парызым. Ойлап отырсам, осы өмірде тек Тобықпен өткізген жылдарымда ғана жетімдік көрмеппін… Бірге өткізген жылдарда, бәлкім, жоқшылық, қиындық көрген кездер болған шығар, бірақ ешқашан өзімді жалғыз, жетім сезінген жоқпын.

Тобық кеткеннен кейін, алдыма екі мақсат қойдым: бірі — оның мұрасын ұмыт қалдырмай, кітаптарының шығып тұруына мұрындық болу; екіншісі — оның атына кір келтірмей өмір сүру.

Көзінің тірісінде төрт кітабы жарыққа шықса, кейіннен жарияланған-жарияланбаған дүниелерін қайта жинақтап, реттеп, бірнеше папка етіп «Жазушы» баспасына тапсырдым. 1977 жылғы «Соңғы хат», 1984 жылғы «Ақ жауын», 2002 жылғы «Отамалы» кітаптары осылайша жарыққа шыққан еді. Одан кейінгі әркім өз тірлігін өзі күйттеген, кітабын өз қаржысына шығарған жылдар, расы керек, қиынға соқты. Дегенмен үмітімді үзбей, шығармаларын тағы бір жинап, компьютерге бастырып қойдым. Міне, сол үміт текке кетпей, жуырда ғана Алматыдағы «Зият» баспасынан «Отамалы» кітабы жарыққа шықты. Оған бұрынғы кітаптарында жоқ «Бозторғай», «Сәния» атты әңгімелерін де енгіздік. Аталған баспаның басшысы, Тобық шығармашылығының жанашыры Асылан Тілегенге айтар алғысым шексіз.

Тобықсыз өткен 40 жылда оны ұмытқан, оның рухымен сырласпаған күнім жоқ. Мен балаларға да әрдайым: «Сендерден басты тілегім — әкелеріңнің атына кір келтірмеңдер» дейтінмін. Үш баласын ол қатты жақсы көрді. Саяны мойнынан түсірмейтін.Сөйткен балаларын ешкімге алақан жаймай, қатарынан кем қылмай өсіремін деп,кітапханадағы қызметімнен бөлек, партия, кеңес органдарында қоғамдық жұмыспен де айналыстым. Үшеуін де оқыттым. Бұл күнде ұлдары — Марат пен Серік те өмірде жоқ… Немерелеріміз өсіп жатыр. Тобықтың шығармаларының іздеушісі, оқырманы бар екеніне көзім жетті. Соған шексіз шүкірлік етемін.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button