Әдебиет

Есентүгел ӘЗИ

Есентүгел Әзи 1973 жылы 13 тамызда Байғанин ауданында дүниеге келген.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Сондай-ақ осы институт жанынан ашылған жыршы-термешілер студиясында тәлім алған.С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің магистратурасында оқып, философия магистрі дәрежесін алған.

Ақтөбе педагогикалық институтында ғылыми қызметкер, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Түркі фольклорының философиясы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, облыстық халық шығармашылық Үйінде дәстүрлі өнерді дамыту бөлімінің әдіскері, т.б. қызметтер атқарған.

2018-2021 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде докторантурада оқып, философия ғылымдарының докторы (PhD) дәрежесін алды.

Қазіргі таңда — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасының оқытушысы.

1992 жылдан бері облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық деңгейдегі айтыстарда жүлделі орындар иеленіп, айтыскер ақын ретінде танылды. Халықаралық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі.

Көкбөрі

Тәңірі күш бергені үшін,

әкем қаған —

әскері бөрідей еді, жаулары қойдай еді.

Күлтегін.

Шымнан тартсам, түбім Шене — Көк Бөрі.

Бәлкім, жаным — бөрі, адам кептегі…

Тіршілігім Күлтегіннен көп бері

Болса-дағы,

жолын қудым шалдардың,

Тәңірі күш берер, сірә, көктегі.

Қандасымдай көрінеді

Мына Ащының көкпегі,

Анау қырдың шөптері.

Қонысым да жиі өзгеред —

Атажұртым көшпелі.

Көшпелінің қасиеті бар, жалған-ай,

Жоқ үстімде жадағайы, шекпені.

 

Көк бөрімін көкке қарап ұлыған,

Тау мен тастың сая тапқан ығынан.

Жарақатты жалап жаздым, ал өлсем,

Жан тәсілім етіп барып жығылам.

 

Дос боп келсең,

Қара жерге кіргенше ашық құшағым,

Бір кетіссем, мұздай қатам, жылыман.

Қобыз-кеуде безек қағып зарлайды,

Домбырамда бебеулейді құрым ән.

Заманымның келбетінен жиреніп,

Жүр шықпаған құры жан.

 

Қаған емен, қатардағы бөрімін,

Бойда — намыс, бар басымда бөрігім.

Көрұғлыдан тыңдап кейде көр үнін,

Басылады желігім.

Шашты Әзіздей әулиелік қонбады,

Жұптаспадым қызыменен перінің.

Тасқа емес-ау, компьютерге басылды,

Отты жырым, жалындатқан көрігін.

Тұлпар емес,темір еді көлігім.

Қайқылардай төкпесемде керім үн,

Өз-өзіме кейде ырза, серімін.

Күнә арқалап, мағынасыз зырлаған,

Ай-хай, менің өмірім.

 

«Түбің бөрі» деп танытты әфсана.

Бірақ қазір…

Бөрілікті байқататын жоқ шама.

«Бөрі» сөзін алып қойдық жақшаға.

Тоныкөктей тірегім жоқ,

Көтеретін бастама.

А, Құдайым, шапағатың төк-сана.

Ей, ант ұрған, шақырма арам бақшаңа.

Ар-намысым сатылмайды ақшаға.

Уа, аруақты, хас баба,

Мені жолға тастама!

 

Шайтан заман көңілімді жүр аулап.

Тоңазиды тәнім кейде, тәйір-әй,

Кірпігімде ерімеген қырау қап.

Киелі атақонысым ед бұл аумақ,

Жүр бүгінде жайлауымда жын аунап.

Қаңтарларда қар жауады қылаулап.

Көктем сайын тырна өтеді тыраулап.

Бәрі орнында дегенмен де,

Біртүрлі…

Бұрынғыдай жайқалмайды мынау бақ.

 

Бастауым сен, тасқа түскен ата-жыр,

Ұрпағыңа дем беріп, тіл қата жүр.

Төгілмей тұр бізге көктен сақа нұр.

Күшің қайда бізге берер, а, Тәңір!

Тағдырына көңілі бір толмайтын,

Мен бір жүрген қапалы ұл.

Бұл фәниден абыроймен өтейін,

Уа, Ұлы Баба, «әумин» деп бата қыл.

Мен…

Мұхаммедтің үмбеті,

Бір Алланың құлымын.

Абайдың сөзін құран қып,

Абылдың жырын ұран қып,

Қапастың бұздық құлыбын.

Сәкеннің сәнін салдырып,

Шәкеңнің әнін шалдырып,

Шайырдың тарттық шығырын.

Қазтуғанша қамығып,

Доспамбетше долданып,

Шалкиізше шамданып,

Көненің төгер жырымын.

Тарих деген бабаның,

Көкірегінде қатталып,

Шертілмей жатқан сырымын.

Көкпенен жердің арасын,

Қаһарымен қорғаған,

Күлтегіннің үнімін.

Қобыз болып сарнаған,

Қорқыттың мұңлы жырымын.

Азғантай күн, ғұмырым,

Толқытып көңіл тұнығын,

Сүйрейді алға бір ұғым!

Елге сыр

Басымды ұрдым тауға да,

Тасқа соқтым, маңдайды.

Жауға түстім, дауға да,

Кім ұқты, біздің, жағдайды?

 

Туады алдан қандай күн,

Тоқтайды жолым қай маңға?

Жарасы кетер маңдайдың,

Жүректі жазар жан бар ма?

 

Тірліктің кейбір сәттері

Қарамайды екен көңілге.

Жанымның аппақ дәптері

Айналды қара көмірге.

 

Сездірмей жанға мұңымды,

Жымиып жүрдім тек жалған.

Айта алмай ашып сырымды,

Оңаша кезім көп қалған.

 

Көнеден жеткен күй сіңіп,

Көреген  жұртым, киелім!

Самғасам көкке, сүйсініп,

Сүрінсем, өзің сүйедің.

 

Сынатып қатал тағдырға,

Болаттай берік шыңдадың.

Жаурамай содан жаңбырда,

Дауылда құлап, сынбадым.

 

Сол елдің ұлы азғын деп,

Күлмесін деп жұрт сыртымнан.

Атыңды биік жазғым кеп,

Абыройлы іске ұмтылғам.

 

Артымда қалың жұртым бар,

Мен неге жалғыз болайын?

Әйтеуір, мені бір тыңдар,

Сен аман болшы, ағайын.

Перзент үні

Байғанин ауданының 90 жылдық тойына арнау 

Уа, дариға!

Жайлауыңда жалғанға аштым есік,

Аңғал жұртым алдымнан шашты несіп.

Мен өзіңде жаралдым,«Сен» деп өлем,

Әзірейіл алса да басты кесіп.

 

Перзентің боп туылдым, пырақ міндім,

Қымыранын қылғыттым құрақ күннің.

Алты құрлықты аралап жүрсем-дағы,

Жетпейтінін өзіңе бір-ақ білдім!

 

Кербез қырлар қасқиған құба шыңмен,

«Құлыным» деп ашады құлашын кең.

Бауырыңа басып ап жібересің,

Жусаныңмен ұшықтап дұға сіңген.

 

Керімсал кереметім, кермиығым,

Қоңыр күй қалыбыңа келді ұйығым.

Асан қайғыдай жерұйық іздемеймін,

Өзіңсің менің жұмақ — Жерұйығым!

 

Домбырамда іркілді үкілі жыр,

Пір Бекеттің секілді зікірі бір.

Бекзат болмыс балаға таңғалмаңдар,

Кешегі көк түркінің тұқымы бұл!

 

Қызылүйік нұсқайды ғұн заманын,

Алтын Орда қоныс қып құрған әлін.

Үстірт үсті үйілген оба жатыр,

Көк түркінің моласы бұл, қарағым!

 

Күйкі дала, кейуана, елтіп жатыр,

Кеудесін кесірткелер кертіп жатыр.

Қорқыттың қобызындай күңіреніп,

Жем-Сағыз шежіресін шертіп жатыр.

 

Мен сені қалдырмаймын жаман атқа,

Сен де мені тіріге табалатпа!

Сұм жалған, төрің майдан, түбің ойран,

Жырымды жалындатып салам отқа!

 

Уа, дүние!

Керуен көшті,

қыңсылап күшік қалды,

Қара қарға басына ұшып барды.

Қалқайып құлпытасым қалар бір күн,

Қасиетті құмыңды құшып мәңгі.

 

Сақа тұяқ салт атпен сайрандаған,

Жайлауыңа шапанын жайған бабам!

Мерейтойың торқалы құтты болсын,

Қасиеті кетпеген қайран далам!

Төбелер

(Ақтөбе қаласы туралы толғау)

Бір кездері қала атымен жоқ екен,

Саудагерлер жүрген «Жібек жолы» екен.

Есіл біздің Есет ерлер мал жайған,

Ағараңдап жататұғын төбе екен.

 

Көшпенді едік шатқал, сайды паналар,

«КамАЗ» емес, бар көлігі қара нар.

Бір заманда балалары «City» деп,

Тұратынын сезді ме екен, бабалар?!

 

Беу, Ақтөбем, жарылқасын алдыңнан,

Сен төбесің, бәсің биік сан қырдан.

Ұрпақтарым зәулім үйлер салсын деп,

Бабаларым байтақ дала қалдырған.

 

Күлтөбедей кеңес қылса еленер,

Жаушылары жарау атпен жөнелер.

Жау шапқанда ұран отын маздатар,

Хабаршы екен дейді осы төбелер.

 

Жұмақ таппай Асан бабам сенделген,

Қабыландай Қобыланды сенде өлген.

Ол заманда мықтылардың барлығы,

Биік-биік төбелерге жерленген.

 

Не көп бізде — төбе көп,

Әр төбеде қадаулықұлпытастар жебе боп.

Бір төбеге Дербісәлі тоқтады,

Есет жатыр бір төбеге еге боп.

 

Жау көрмесе жүдеген,

Ұлы түгіл қыздары да дүр екен.

Ботакөздер шүршітті айдап, бостырып,

Ай кез оғын адырнаға шіреген.

Дүйім жұртын дұшпанынан қорғаштап,

Ақбота қыз адыр үсті түнеген.

 

Қыр басында қарауыл тұр қарғадай,

Өлсе де сол биігінде қалғаны-ай.

Төменде емес, төбеде өлген өлсе де,

Қайран қара шалдар-ай.

 

Кетті кеше кер заманға ақы көп,

Жақсаң лаулар бұ қазақтың заты шоқ.

Өлгендері биік жерде жатқанда,

Тірілердің төмендеуге хақы жоқ.

 

Қанын төге қорғап дархан даласын,

Ұрпағына мұра қылған, бабашым!

Балаларым аласармай өтсін деп,

Ақ төбеге салып кеткен қаласын.

Тағдыр

Шебер Құдайым жіберсе тастап,

Тіршілік дейтін аңғарға.

Мәңгілік өмір сүргісі келмес,

Кім, сірә, мына жалғанда.

 

Қайда барсаң да — Қорқыттың көрі,

Көрмедім тозақ-көр қандай?

Иленіп кешер күндерін иттей,

Пенделер неткен сормаңдай.

 

Итшілеп тірлік кешсе де, Алла-ай,

Толтырып жанын шимайға,

Тамұқ басына көшсе де, пенде,

Жалғанды мына қимайды, ә!

 

Аз-ақ ғұмырды ірәсуа қып,

Жерұйық іздеп сенделмен.

Баратын жерің — «Қорқыттың көрі»,

Желмая мініп желгенмен.

 

Мәнсіз фәниден дана Қорқыт та,

Қобыздай сырлас таппаған.

Саналыларға қапас қой жалған,

Ұқтыра алмас хаққа мән.

 

Уа, Қорқыт көке, Асан бабам,

Тұяғыңды бұл сөкпеңдер.

Мені сендердей данышпан етсе,

Алмасып кетер көк пен жер.

 

Төрін қимаса тас бауыр тағдыр,

Тақ сұрап имен басымды.

Көрін де қимай ғасырға дейін

Домалатса ғой тасымды.          

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button