Әдебиет

Алыптар үмітінің ақталуы

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына — 100 жыл

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің алыптарының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толады.

Кеңес заманында оның «Қан мен тер» трилогиясы қазақ әдебиетінің Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейінгі үлкен жетістігі ретінде бағаланды. Бергі уақытта бұл туындыны «коммунистік идеологиямен жазылған» деп, жоққа шығарғысы келгендер табылғанымен, ойлы оқырман «Қан мен тердің» ХХ ғасыр басындағы ел тағдыры, халықтың тұрмысы, жан-жақтан қыспаққа алған күштерге қарсы күресі жайлы шығарма екенін, ешқашан құндылығын жоғалтпайтынын жақсы түсінеді. «Әбдіжәмілдің өмір бойы жазғаны біртұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «XX ғасыр және қазақ әлемі» деп атауға да болар еді. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы сұрапыл («Курляндия»), ғасыр соңындағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас сабақтастығымен көркем полотно құрайды», — деп Ақселеу Сейдімбеков айтқандай, Әбдіжәміл Нұрпейісов халқымызға аса ауыр соққан ХХ ғасырдағы қасіреттер туралы дер уақытында жазып, ұлт тарихының осы бір бөлігін кейінгі ұрпақтар ұмытпасын, еске алып, толғана жүрсін деген мақсатпен ұлы туындыларға айналдырып кетті.

Тереңге кеткен тамыр

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы күзде дүниеге келген. Құжатында туған күні 22 қазан деп көрсетілгенімен, нақты қай күні дүниеге келгенінің белгісіз екенін өз естелігінде айтыпты. Атап айтқанда, 2003 жылы жазушы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің телестудиясында болып, сол кездегі университет ректоры Мырзатай Жолдасбековтің бастамасы бойынша өзінің өмірі, әдебиетке қалай келгені, алдыңғы толқын — ағалардың қамқорлығы жөнінде ұзақ әңгіме жаздырады. Міне, осы әңгімесінде: «Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: «Қай күні тудым?» — деп сұраған едім, «Оны қайтесің?» — деді. «Комсомолға өтейін деп едім». «Ит біліп пе? Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін»деген еді жарықтық», — дейді.

Нақты туған күнін білмеуді қазір надандық санаймыз. Алайда бұл халықтың қараңғылығынан, күнтізбені қолдана алмағанынан емес, мыңдаған жылдар бойы ұстанып келген күнтізбесінің, салт-дәстүрінің өзіндік ерекшеліктерінен еді. Қазақтың дәстүрінде жыл сайын туған күн тойлау болмаған, ал уақыт есебі мүшелдік жылмен жүргізіліп, тек мүшел жас атап өтілгенін білеміз.

Жазушының туған жері — Қызылорда облысы Арал ауданының Үшкөң ауылы. Бұл — 1938 жылға дейін Ақтөбе облысына қараған өңір, жалпы Арал, Қазалы, Шалқар жағын ғасырлар бойы арғы тамыры ортақ, бір атадан тараған рулар мекен етіп келе жатқаны белгілі. Әбдіжәміл Нұрпейісов те түп-тамырын, жеті атасын жатқа біліп өскен буынның өкілі. Арғы бабасы Әбілқайыр ханның замандасы Бәйдібектің 1745 жылы дүниеден өткені орыс офицерінің жазбасында қалыпты. Жетінші атасы Тайқожа қалмақтармен шайқаста санынан жарақат алып, бірақ «жау марқайып кетеді» — деп, жарасына қарамай, шайқаса береді. Ақыры жарасын асқындырып алып, аяғын кесуге тура келіпті. Сөйтіп, Ақсақбөрі атанған екен. Міне, осы атасы туралы жазушы: «Бұл кісінің мінезін «Қан мен тер» романындағы Еламанның базбір тұстарына қиыстырып келтірдім», — дейді.

Басқа да кейіпкерлерінің мінезін өзі шежіреден қанық арғы аталары мен айналасындағы таныс адамдардан алғанын айтады. «Сүйеуді Сүйеубай деген кісінің болмысынан алдым. Ештеңе қосқаным жоқ. Көшіре салдым», — деп ағынан жарылады.

«Курляндиядан» басталған жол

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бала кезі оқу-ағарту мекемелерінің жұмысы әлі де дұрыс жолға қойылмаған кез еді. Мектеп деген аты бар да, заты жоқ болуы әбден мүмкін. Мектепке ғимарат ретінде жеке адамдардың үйі жалға алынған. Жазушының естелігі бойынша, ол тек 5 сыныптан кейін жүйелі түрде оқи бастаған. «Кейін алғашқы ұстазымның хатын көрдім, өзі де қатемен жазады екен», — дейді естелігінде. Біз, бір жағынан, мұның емле ережелерінің өзгеруінен болуы мүмкін екенін де ескереміз.

Қалай болғанда да, ол қазақ қаламгерлерінің туындыларымен ерте танысып, соларға еліктеп жазушы болуға ерте қам жасайды. 10 сыныптан-ақ жаза бастайды. Дегенмен соғыстан қайтып келгенде алғашқы жазған дүниелерін таппай қалады.

Соғысқа әкесі, оның бауырлары бар, бір әулеттен 4-5 адам аттанып, өзі ғана аман қайтыпты. Бұрынғы талабын ұмытпай, бірден соғыс жайлы жаңа туынды жазуға отырады. 12 беттік оқушы дәптеріне толтыра жазған дүниесін өзі «Курляндия» романы деп атап, мықты жазушыларға көрсетіп, шама-шарқын байқау үшін Алматыға аттаныпты.

Жазушының естелігіне үңілсек: «Поез­бен Алматыға келдім. Күту залында жаттым. Ақшам болсада қонақүй дегенді білмеймін. Көшеге шығып ұшырасқан адамнан: «Мұқанов қайда, Әуезов қайда, Мүсірепов қайда?»—деп үшеуін кезек-кезек сұраймын, ешкім білмейді. Үшінші күн дегенде бір кісі: «Сен бұлай жүріп таппайсың, Жазушылар одағына бар», —деп жөн сілтеді. Сонымен Панфилов пар­кінің төменгі жағында бір келте көшеден Одақ үйін тауып алдым. Есік аузында тұрмын. Бір кезде Тәжібаев келді… Әбішев келді, Хакім­жа­нова келді. «Виллис»деген мәшинемен Мұқанов келді…«Неге кел­дің?»—деп сұрады. Өзімде іш­тей екі жоспар болды. «Егер жазғаным ұна­са,өз аты-жөнімді айтамын, егер ұнамаса,жалған аты-жөн айтамын ғой»деп ойладым. Мұқанов аты-жөнімді сұрағанда мен: «Каримов» —дедім. «Қа­зір менің қолым тимейді, шаруам көп, Ғабиден Мұстафин деген жазушы бар, соған жіберсем ренжімейсіңбе, менің баяндамам бар еді», —деді. Мұстафинге тілдей хат жазып берді… Ол кезде Ғабиден Мұстафин «Әдебиет майданы»деп аталатын журналдың бас редакторы екен. Үйін тауып алып, Сәбең берген хатты ұсындым, оқушы дәптеріне қара қарындашпен жазылған шимай-шатпағымды ұсындым. «Бұл не?»—деді. Мен бетім бүлк етпестен: «Роман»—дедім. Мырс етіп күл­ді: «Шырағым, роман деген үлкен нәрсе, мынауың 12 бет, не айтуға бо­лады?» —деп тосылып қалды… Ертесіне Сәбит Мұқановтың бөлмесінде кездестік. Мұстафин: «Жазу қолыңнан келеді екен», —деп айтқаны сол,қуанып кеттім. «Ағайлар, кешіріңіздер. Менің фамилиям Каримов емес, Нұр­п­е­йісов» —деп шынымды айттым сол жерде».

Мұстафиннің пікірінен кейін Мұқанов: «Бала, енді не істейсің?»— деп сұрайды. Әбдіжәміл ауылына қайтып, романын бітіріп әкелгісі келетінін айтады. Сол жерде Сәбең тиісті орынға звондап, 11 келі қағаз бен қалам әпереді. Оған қоса сол кездегі Шалқар ауданының басшысы Дәден Букешовке хат жазып, оны мәшеңкеге бастырып, қол қойып береді. Соңында: «Бала, Пролетарская 11 деген адрес­ке хат жазып тұр, жоғалып кетпе!»—деп қатты тапсырыпты. Осылайша оқушы дәптеріндегі жазбаға сеніп, болашақ жазушыға қолынан келген бар көмегін көрсетіпті.

Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл оқиға жөнінде:«Шынымды айтсам, сол кезде өзі­м­нің тарапымнан қозғау, сұрау, жалыну бол­мапты. Мен үшін күйіп-жанып, өзі ой­ланып, өзі кесіп-пішіп, бар істі тындырып жүр­ген Сәбең ағамыз екен. Мұндай жақ­сылықты әкемненде көрген емеспін. Сол кезде үлкен жазушы ағамызды ңжой­қын қызметін я балалықпен, я шала­­лықпен сезіне бермеппін. Осының бәрін кейін ойлап,өз-өзімнен қысыламын баяғы… Шалқардан аудан­ның басшысын көп іздедім. Райком кең­се­сін іздеп жүріп тауып алдым. Букешев әкеліп берген хатымды асықпай оқып шықты. Хизматулин деген қалалық сауда бөлімінің бастығын шақырып алды. Ерінбей отырып тізім жасады. 22 зат, ішінде тұз, сіріңке, сабын, тағы сондайлар толып жатыр…Апайым барып әлгі 22 түрлі затты алып келгенде көршілер ебіл-себіл, жалаңаш, аш, аспаннан шұға жауғандай сезінді. Сонымен, мен 1947 жылы 1 қаңтар күні романға отырдым», — дейді.

«Курляндия» 1950 жылы басылып шыққан. Бұл кезде жазушы 26 жаста екен. Одан соң Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, 1954 жылы Мәскеудегі Әдебиет институтына ауысады. Бұл институтты 1956 жылы бітірген. Дипломдық жұмысы ретінде өзінің «Курляндия» романын «Күткен күн» деген атпен қайта өңдеп, жазып шығады. Ол шығарма 1958 жылы жарыққа шыққан.

Айта кетейік, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өз шығармаларының көркемдік деңгейіне өте қатты мән беретіні соншалық — жарыққа шығып кеткен туындыларын да қайта-қайта өңдеп жаза берген. Мысалы, «Қан мен терді» 17 рет өңдеп жазған. Қалтай Мұхаметжанов:«Әзірше мен білетін Нұрпейісовтің екі қасиеті бар. Оның біріншісі — өз шығармасына қатал сын көзімен қарайтын ондай жазушыны өзім жер басқалы көргенім жоқ. Оған дәлел — мойнында берешек жиырма алты мың сом қарызы бар осы Нұрпейісов ертең шығайын деп жатқан «Қан мен тер» трилогиясын баспадан алып кетіп, бір жыл бойы қайта қарап, көк-ала шимай қылғанын өз көзіммен көргенмін. Бұған не айтарсың?!» — дейді. Иә, мұндай жағдайда басқа қаламгер алдымен қаламақыны тезірек қолға түсіруді ойласа, Нұрпейісов қаламақы мәселесінің бір жылға кейін шегерілетінін ойлап та жатпастан, шығармасының өз көңілі тола қоймаған тұстарына қайта оралса керек…

Трилогияның бірінші кітабы «Ымырт» — 1961 жылы; «Сергелдең» — 1964 жылы, ал үшінші кітабы «Күйреу» 1970 жылы жарыққа шыққан.

«Қан мен терде» 200-ге тарта кейіпкер бар. Ресейлік сыншы Лев Аннинскийдің: «Нұрпейісов романы — дала психологиясының энциклопедиясы», — деген пікірді бекерден-бекер айтпағанын түсінеміз.

Осы романнан кейін Нұрпейісов бұрынғы Одақ қана емес, дүниежүзіне танылды. Оның туындысы 30-дан астам тілге аударылған. Француз аудармашысы Лили Дени: «Белгілі бір дәре­жеде мен Нұрпейісовті Лев Толс­тоймен салыстырар едім», — десе, ал испан жазушысы Аугуст Видал:«Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіп­керлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады», — деп, қазақ жазушысын орыстың әлемге әйгілі классиктерімен қатар қойған.Бұл пікірлер жазушының КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атануына белгілі бір деңгейде әсер еткен болса керек. Бүкіл Одақ тарихында аталған сыйлық қазақтың үш қаламгеріне ғана берілген: 1959 жылы — Мұхтар Әуезов, 1974 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов алса, 1978 жылы ақын Жұбан Молдағалиев осы сыйлыққа лайық деп танылды.

Көп жазуға ұмтылмайтын, аз жазса да, барынша терең, көркемдік деңгейі жоғары, халықтың рухани қазынасына айналар дүние жазуға ғана ұмтылған қаламгердің тағы бір кесек туындысы «Соңғы парыз» романы еді. Арал қасіретіне, экологиялық апатқа ұшыраған аймақтағы ел-жұрттың тағдырына арналған бұл роман сонау 70-жылдардың соңында жазыла бастап, алайда тек тәуелсіздік тұсында толықтай жарыққа шықты. Ал кеңестік заманда: «Қан мен терде» үстем таптың тепкісінен жылап жүрген балықшылардың бүгінгі ұрпағы өмірге еш өкпе-реніш айтуға тиіс емес» — деп, романның жарыққа шығуына қырын қарағандар болды.

Жазушының бұл шығармасы да бірнеше тілге аударылып, жоғары бағаланды. Ресейлік жазушы әрі аудармашы Анатолий Ким:  «Соңғы парыз» — бүгінгі күннің бас тақырыбына арналған түйінді роман. Роман біз бастан кешкен адыра қалған арман, ақталмаған үміт, зая заман жайлы.Романныңфиналы таңғаларлық. Автор аспан құлап жерге түскендей заман­ақыр­лық пессимизмді қалай еңсерген?Бәрі қарапайым. Тіл безеу атымен жоқ», — дейді.

Әлемдік деңгейде танылған қазақ жазушысы саусақпен санарлық. Тіпті халықты танымайтын елде де оның жазушысын білетін жағдайлар ұшырасады екен. Сондай жағдай туралы жазушы Дулат Исабеков: «Мен Колумбияда болған кезімде бір оқиға болды. Олар Қазақстан деген елді естіп те көрмепті. Сонда бір адам келіп, орысша сөйлесті. Сол кісі: «Әбдіжәміл Нұрпейісов қандай жаңа шығарма жазды?» дегенде, төбем көкке бір елі жетпей қалды» — деп еске алыпты.

Жазушының ең даңқты шығармасы — «Қан мен терге» деген оқырмандардың құрметі ретінде 2008 жылы 14 қарашада Ақтөбедегі Абай даңғылының бойында осы трилогияның кейіпкерлеріне арналған ескерткіш ашылды. Оның авторы — Ерік Жауымбаев. Бұл — еліміздегі әдеби шығарма кейіпкерлеріне арнап қойылған алғашқы ескерткіш.

«Халық жөнінде бәріміз жазуымыз керек»

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кеңес дәуірінде Одақтың ең беделді сыйлығын иеленген үш қазақ қаламгерінің бірі екенін жоғарыда айттық. Олардың үшеуі де сол сыйлықты жеке басы үшін ел алдындағы мәртебе деп түсінбей, керісінше, үлкен жауапкершілік ретінде қабылдады.

Қайта-қайта қудалауға ұшыраған Әуезовтің тағдыры, Желтоқсаннан кейін Колбин өткізген жиында жастарды жақтап сөйлеген Жұбан Молдағалиевтің ерлігі — өз алдына бөлек тақырып.

Ал Нұрпейісов те Арал тағдыры жөнінде одақтық деңгейдегі баспасөзде алғашқылардың қатарында мәселе көтерген қаламгерлердің бірі. Өзінің қаламгерлік басты ұстанымын: «Халық жөнінде бәріміз жазуымыз керек» деп айқындаған жазушы тіл тағдырына қатты алаңдаушылық білдірген. Осы мәселеге орай КСРО кезінде жазған пікірі мынадай: «Ал сондай беделді-беделді бір топ адамның «Известияда» ұлттық республикалардағы тіл мәселесін орыс тілінің пайдасына шешу керек деп мәлімдеуін қалай түсінуге болады?

…Әрине, олардың елдегі тілдер мен ұлттық мәдениеттердің тең құқылығы туралы пікірлерін түсінемін, ол менің жаныма жат та емес, кез келген адамға ұлтына, тіліне қарап қысым жасауға болмайтыны болмайды.

Бірақ мен мынаны түсінбеймін: «Осы бір адамгершілікшіл, демократияшыл адамдар Қазақстанның солтүстік өлкелерін игеру деп аталатын науқанның өзі де осы қасиетті қағидаларды бұзудан басталып, қазақ тілінде оқытатын мектептер жаппай жабылып, тарихи ескерткіштер, ата-баба зираттары қиратылып, жергілікті халықтың ең бір маңызды тіршілік көздерімен қатар, ұлттық салт-дәстүрі аяққа тапталып жатқанда, бұл азаматтар қайда жүрген? Олардың, осы бір құрметті адамдардың бірде-бірі бас-аяғы бірер жылдың ішінде-ақ тың өлкесінде жүздеген қазақ мектебі, жабылып, қазақтардың тең жартысы ана тілінен, ұлттық мәдениетінен айырылып, қазақ тілі ажал алдында екені туралы баспасөз бетінде бірауыз сөз айтқанын естіген де, көрген де емеспін».

Жазушының қаруы — қалам. Нұрпейісов қаламын нық ұстап, Желтоқсанға қатысқан қазақ жастарын ақтау, Қазақстандағы экологиялық ахуал, тіл мәселесіне қатысты өз пікірлерін әрдайым білдіріп отырды.

Ол 2022 жылы 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қаламгер ретінде де, ұлт перзенті ретінде де елінің үмітін ақтап кетті.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button