Мәдениет

Төлегеннің сауыты, Қыз Жібектің көйлегі әлі сақтаулы тұр

Меруерт Өтекешова:

Төлегеннің сауыты, Қыз Жібектің көйлегі әлі сақтаулы тұр

Қазақтың Төлегені мен Қыз Жібегі — Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова Ақтөбеге келді. Биыл актриса Меруерт Өтекешова мерейлі жасқа толды. Шығармашылықпен айналысқанына да 40 жыл болыпты. Осыған орай әуелі Жібектің елі, Батыс Қазақстан облысына барып қайтқан олар Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында ақтөбелік көрерменмен кездесу кешін өткізді. Орайын тауып, мерейтой иесімен сұхбаттасқан едік.

—    Ақтөбе халқы бізді ерекше қарсы алды. Облыстық драма театрда өткен кездесу кеші соған куә. Жиналған қауым әуелі «Қыз Жібек» фильмінен үзінді көрді. Одан соң Құман екеуміз көрермендер сауалдарына жауап беріп, біраз әңгіме айттық. Зал көрерменге толы болды. Көз қуанды, көңіл тойды. Ықыластарын аямай, осындай кешті ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыс және қала әкімдіктеріне рахмет. Темір ауданына да барып, ауыл халқымен жүздесіп қайттық.

Жақында Қызылорда облысының Арал ауданында Төлеген мен Қыз Жібекке арналған ескерткіш ашылмақ, бұйырса, ол шараға да қатысамыз. Бұрын «Қыз Жібек» фильміне арналған осындай ескерткіш Тараз қаласында ашылған, оның да ашылуында болғанбыз.

—    Әңгімені өзіңізге қарай бұрсақ. 1970 жылы режиссер Сұлтан Қожықов түсірген «Қыз Жібек» фильміне 10-сыныпты бітірген бойда түскеніңізді білеміз. Таңдау неге кәсіби әртістерге емес, сізге түсті?

—    Бас режиссер Сұлтан аға Жібекті неге Қазақстанның әр түкпірінен жиналған бес жүз қыздың арасынан таңдауды жөн көрді? Көркемдік кеңесте Сұлтан ағаның «Қыз Жібек ролін жас қыз ойнауы керек» деп айтқаны әлі есімде. Кейін естуімше, көркемдік кеңестің мүшелері фильмге жас қыздың түсетініне онша сене қоймапты. Әрине, сенбеулері де орынды, өйткені, қазақтың болмыс-бітімін дәл беруді көздеген бұл фильмнің жүгі ауыр болатын. Сол кезде мен киноға түсуге кастинг болғалы жатқанын газеттен оқып білдім. 10-сыныпта оқып жүргенмін. Болашақта актриса боламын деп армандап жүрген мен газеттегі хабарландыруды көріп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Киностудияға бардым, суретке түстім. Қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір — төрт ай бойы жауап күттім. Тек 15 мамырда ғана «өлең, мысал және ән дайындаңыз» деген мазмұндағы хат келді. Ол кезде киностудия 8 наурыз көшесінде болатын. Мен барсам, алдында қыздар қаптап жүр. Бес жүзге жуық қыздың сынақ тапсыратын білгенде, ана жерді тастап қашқым келді. Мені сонда режиссердің көмекшісі Ғалия апай тоқтатты. Сынақтан өттім. Кейін мені киностудия қызметкерлері суретке көп түсірді, жаттауға монологтар берді, актерлармен таныстырды, атқа салт мінуді үйретті. Осылайша мені тәрбиелегендерін кейін түсіндім.

1973 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтын бітірдім.

—    Сіз қазір киноға түскенде қай режиссердің қолтаңбасынан тың дүние байқайсыз?

—    Қалай айтуға болады?.. Әттең, Сұлтан ағаның басқа киноларына түсе алмадым. Әрине, одан басқа да біраз режиссерлар бар ғой. Бірақ, әу баста режиссерлар мені Жібектен басқа образда көруге «қорыққан» болулары керек, көп мазаламайтын. Одан кейін де көп киноға түстім. Қазір көбіне үлкен кісілердің ролінде ойнаймын, экран болғандықтан келбетіме қарайды, кейде «бұл рольге тым әдемісіз» деп алмай жатады. Кеңес дәуірінде «Жайлаудағы үй», «Шоқан Уәлиханов», «Айдаһар жылы», «Қиырдағы хикая» және тағы да басқа фильмдерге түстім. Соңғы кезде «Ұмтылыс», «Махамбет» фильмдеріне, «Арман қала», «Жаным» телесериалдарына түстім. Өнер жолым кинодан басталса да, театрды жақсы көремін.

—    Театр жолындағы еңбегіңіз туралы айтып өтсеңіз?

—    Театрда көрерменнің сені қалай қабылдап отырғанын сезесің. Қазір Құман екеуміз халық «әкемтеатр» атап кеткен қара шаңырақта — Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істейміз. Біраз спектакльдерде ойнадық. Жаныма жақыны — Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» шығармасындағы Қарагөз образы. Сол спектакльмен ел араладық, Ақтөбеге келген бір сапарымызда да осы қойылымды қойдық. 1984 жылы Мәскеуге бардық. Мәскеу сахнасында да Қарагөз боп ойнадым. Лауреат болдым. Газет-журналдар жазды. Осы ролім үшін сыйақы да алдым. Қазір де Құман екеуміз театр сахнасында көптеген қойылымдарға белсене қатысамыз. Сондай-ақ мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ беремін. Әртіс ретінде де, ұстаз ретінде де Ақтөбе театрына жаным ашиды.  Өкінішті-ақ, Ақтөбе театры өте керемет, бірақ, кәсіби мамандар аз екен. Білмеймін, атқарушы биліктің көзқарасы өзгермесе, театр жоғалады. Театр — нағыз ұлттық идеология  орнықтыратын орда, сондықтан оны қолдан келгенше сақтауға тырысу керек. Әртістерді де түсінемін, кей жағдайда кейбір рольдерді шебер ойнау кәсіби актерлардың да қолынан келмей жатады. Кеше Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасының «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» спектаклін көрдік. Әртістердің шеберлігін шыңдауға маңыз беру керек секілді. Әйтпесе, дұрыс актерлары жоқ театрға көрермен бармайды ғой. Бір қуанатын нәрсе, Ақтөбе көрермендерінің ықыласы жақсы, өнерді тамашалауға ынтық, жаңа қойылымды көргісі келеді. Осыған сай енді театрға кәсіби мамандарды тарту қажет. Сіздердің «Алақай» қуыршақ театрларыңыз қандай керемет! Маған қатты ұнады, қойылымдарын көріп, балаша мәз болдым.

—    «Қыз Жібек» фильміне түскеннен кейін өнерге біржола бет бұруыңызға не, кім ықпал етті? Басқа салаға кетіп қалу ойыңызда болған жоқ па?

—    Бала кезден киноға қатты қызықтым, «фанат» болдым. Құрбы қыздарға киноға барайықшы десем, ешкім бармайтын. Алматының кинотеатрларын жақсы білетін мен кинолардың кестесін қараймын да, өзім бара беретінмін. Ата-анам Алматыға менің кішкентай кезімде көшіп келген. Әкем партия қызметкері болды, сосын партияның нұсқауымен ел аралап жүре беретін. Негізі, Жібектің еліненмін. Бірақ Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келсем де, Алматыда өстім. Көп адам опера, оперетта, балетті жақсы көрмейді ғой. Ал оны мен оқушы кезімнен ұнататынмын. Балаларыма да ұнайды.

—    Қандай киноларды жақсы көресіз?

—    Философиялық ойға құрылған киноларды, сәтті шыққан комедияларды жақсы көремін. Қазір жұрттың көбі кәріс, түрік сериалдарын көреді. Мен де кәрістің кейбір киноларын қараймын. Өйткені, комедияға құрылады. Әрі олардың өмір салты біздің қазақтарға ұқсас келеді.

—    Айтпақшы, «Қыз Жібекті» көріп отырған кезде көрермендер Бекежанды қарғап жатады. Ал сіздің көзқарасыңыз қандай?

—    Қыз Жібектің қара жамылып тұрып, «Өлгені Төлегеннің рас болса, құдайым Қыз Жібекті неге алмайды» деп зар илеуіне себепші болған Бекежанды Асанәлі ағамыз фильмге шырай бере ойнады. Киноға түсіп жүрген кезде ол кісі маған көп көмектесті. Ол тұста 33 жастағы Асанәлі аға «Қыз Жібектен» бөлек, «Атаманның ақырына» қатар түсіп жүрді. Ағамыз одан кейін де қанша рольдерді шебер ойнады. Чекист Чадияров пен батыр Бекежанды ойнаған ол түсіру алаңдарының ортасында шапқылап жүріп, халықтық кейіпкерге айналып кетті. Тек актер ретінде ғана емес, адам ретінде де адамгершілігі мол жан. Құманның кей кезде «осы жасымда маған жағымсыз бір үлкен рөл берсе екен» дейтіні бар.

—    Кинода ғашықтар ролін әдемі бейнеледіңіздер, тіпті көзқарастарыңыз да шынайы шықты. Сонда Құман аға екеуіңіз бір-біріңізге бір көргеннен ғашық болдыңыздар ма?

—    Жоқ. Ғашықтар ролін ойнауға тиіс болғандықтан, екеуміз де образға кірдік. Әрі кинодағы қатар түскен бірінші көрініс құда түсу эпизодынан басталды, ал бұл жерде сүйіспеншілік сезімін көрсетпеу мүмкін емес еді… Кино түсірілімі бір жылға созылды. Түсіру алаңында күнде кездесетінбіз. Менің ол кездегі ойым тек киноға дұрыстап түсу болды. Қос ғашықтың сезімі бірінші бөлімнің аяғындағы отаудың ішінде сөйлесетін жерде анық көрінді. Комиссия менің шеберлігіме күдікпен қарады. Кейін тәуір шыққанына қуандым. Мүмкін, сезім сол жерден басталған шығар. Оны айту қиын… Айтпақшы, түсіру жұмыстары қыста павильонда, жазғытұрым далада болды. Бірде көктемде, үзілісте Құман маған дала гүлдерін теріп әкеп, сыйлады. Бір қызығы, сол гүлдердің кепкен түрі үйде әлі сақтаулы. Гербарий дейміз ғой, әлі бар. Гүлді сыйлағанда ағаң жиырма үште, мен он сегізде болатынмын.

—    Төлеген мен Қыз Жібек — махаббаттың символы. Жастарға қандай кеңес бересіз?

—    Қазір жастар арасында есеппен үйлену бар. Кейін жарасып кетерміз деп үйленетіндер де болады. Бірақ, араларында махаббат болмаса, түбінде ажырасып тынады. Мәселен, қыз сонша ақылды болса да, ер азаматтың көңілі басқа қызда болса, шаңырақтың шырқы бұзылады. Негізі махаббат бар, тек оған деген теріс пікірді өзгертіп, оң көзқараспен қарау керек. Өмірде махаббат деген ұлы сезімнің барына сену керек. Әрине, үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Құманның да кейде ашуға бой алдыратыны болады, соған бола ажыраса салуға болмайды ғой. Кешіре білу керек. Шыдау керек. Отбасының ұйытқысы, берекесі — әйел. Кейбіреулер «екі қошқардың басы бір қазанға қалай сыяды?» деп ойлайды. Бірақ, егер мен шыдамсыз болсам, біз баяғыда ажырасар едік. Әрине, Құман жақсы адам, ешқандай арамдығы жоқ, өзінің отбасы десе жанын береді. Балаларын, туыстарын жақсы көреді. Жұмысына жанын салады. Ол — талантты адам.

—    Балаларыңыз туралы әңгімелесеңіз…

—    Қыздарым әкесіне тартқан. Үлкен қызымыз Жібек екі институт бітірді. Шетел тілдері және экономика саласының маманы. Жібектің жолдасы, күйеу балам Ибрагим — әскери хирург. Олардан Әділжан, Анара, Тимур, Нұркен есімді жиендеріміз бар. Ал кіші қызымыз Томирис —  әнші оқуын биыл бітірді. Ортаншымыз Фараби де өнерге жақын болатын. Екі киноға түсті. Үш жыл бұрын ауырып, қайтыс болды…

—    Театр, кинодан қол босағанда немен айналысасыздар?

—    Құман ағаң спортты жақсы көреді. Әсіресе, үлкен теннисті. Жас кезінде ойнаған. Қазір тек тамашалайды. Ал мен бала кезімде көркем гимнастикамен айналыстым. Хорға, ансамбльге қатыстым. Коньки, велосипед тебуді де үйрендім. Әкем бақша салса, мен гүл егуші едім… Осыны үйрен деген ешкім болған жоқ, бірақ бәріне қызығатынмын. Қазір үйде екі күшік және үш мысық асыраймыз. Қызымыз Томирис оларды қатты жақсы көреді. Соның өтінішін жерге тастай алмадық. Бір күн тұрсыншы деп әкеліп еді, асырағанымызға жеті жыл болды. Құман да күшіктерді далаға алып шығып, серуендейді. Біздің отбасымыз осындай, қалыпқа сыймайды. Кейбіреулер таңғалады, не үшін керек болды, қажеті қанша, неге асырайсыңдар деп жатады. Жақсы көреміз, кей кезде ренжимін, ренжісем де оларды жақсы көремін. Бірде мысықтың бірі аяғын сындырып алды, мен оны ветеринарлық пунктке апардым. Операция жасады. Бір ай «больницада» жатты. Сосын үйге алып келдім. Оны Құман «Катя» десе, мен «Белоснежка» деймін. Аяғы сынған мысықты бәріміз жақсы көреміз. Тағы бір мысықтың аты «Банни», енді бірі «Бэмби». Әрине, үйде ұстау қиындау. Бірақ, қайтеміз енді… қызым жақсы көреді.

—    Айтпақшы, «Қыз Жібек» фильмі дүкен сөрелерінде жоқ. Тағы шығарыла ма?

—    Киноның екі нұсқасы — толық және ықшамдалған түрі бар. Бұрын толық нұсқасының кей тұстары жоғалып кетіпті. Мен оны ақша төлеп, өзімізде сақталған нұсқа бойынша қайта қалпына келтіріп, фильмдегі өз орнына қайта кіргіздім. Кеше шығармашылық кеште көрерменнің көргені де сол нұсқа, оны біз Құман екеуміз сақтадық. Біз сақтамағанда, кім білсін, не боларын… Былтыр осы таспаны қайта өңдеуге бергенбіз, қазір жұмыстар жүріп жатыр. Бұл нұсқада Қыз Жібектің суға кетіп бара жатқанын көруге болады. Сондай-ақ, фильм соңында сәукелені жыртады, бұл — «қазақ жерін жан-жақтан келушілер, сол кезде жоңғарлар, бөліп алмақшы, сақ болыңдар» дегенді білдіреді. Режиссер Сұлтан аға киноны осылайша түйіндейді. Қазір фильмдегі Төлегеннің күміс түстес сауыты мен Қыз Жібектің жібек көйлегі «Қазақфильмде» әлі сақтаулы. 40 жыл бойы сол күйінде тұр. Киім тозбаса да, кинолента жыл өткен сайын көнеріп барады. Сол себепті «Қазақфильм» басшылығы қазір фильмді сандық форматқа көшіріп жатыр. Бұйырса, халық оны алдағы уақытта көретін болады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button