Мәдениет

Мақпал ЖҮНІСОВА: Үш арманым орындалса, менен бақытты адам болмас еді…

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісова газет журналисімен өрбіген сұхбатта Ақтөбемен оны не байланыстыратынын, енді қай тақырыпта ән айтқысы келетінін, сахна сыртындағы өмірі, т.б. туралы айтып берді.

— Мақпал Мұхамедиярқызы, биыл мерейлі жасқа толып, еліміздің барлық қалаcында есеп беру концертеріңізді өткізіп жүрсіз. Қалай өтіп жатыр?

— 60 жасқа толдым демесеңіз, жылда өтетін концерттер ғой. Қай жақтан көп шақырады, сол жаққа араға 2-3 жыл салып, сағындырып гастрольдік сапармен баруға тырысамын. Қазір әлеуметтік желі жақсы болды, көрермен қауым қанша уақыт бармағанымды, неге келмей кеткенімді, бәрін жазып жатады. Сұранысқа қарай концерттерімді өткіземін. Шүкір, биыл да мерейтойыма байланысты бүкіл концертім аншлагпен өтіп жатыр. Халықтың өзі билетін алып, жер-жердегі концертіме жиналады. «60 жасқа толып жатырмын, шығармашылық кешімді өткізіп беріңіздер» немесе «иығыма қамзол жауып, сый-сияпат көрсетіңіздер» деп аудан не қала, тіпті облыс басшыларына бұйымтайымды айтудан аулақпын. Ондайға түбегейлі қарсымын. Ешбір басшыдан да марапат күтпеймін, бәрі қызметтегі адамдар, жұмысы қауырт деген сияқты. Мен үшін концертіме халық жиналса болды.

— Алматы мен Астанадағы мерейтойлық концерттеріңізді теледидардан көрдік. Көрермен залынан бір әріптесіңізді байқамадық…

— Ешқайсысына арнайы шақырту жібергенім жоқ. Шыны керек, үлкен сахнада жүрген 40 жылдан астам уақытта бұлай жасап көрмеппін.  Менің ойымша, сені сыйлап, өнеріңді құрметтеген адам өз ықтиярымен келуі керек. Әйтпесе шақырту жіберсем, келер ме еді? Әңгіменің ашығы, әркімнің өз шаруасы бар, көпшілігі гастрольде жүреді, бұған ешқашан ренжімейтінім сондықтан. Бұрынырақта Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Майра Ілиясова, Қарақат Әбілдиналар концертімде төбе көрсетіп, көрермен боп келгені есімде.

— Сіздің туған күнді тойламайтыныңызды білеміз. Дегенмен өміріңіздегі қай туған күніңіз, сондағы сыйлық немесе құттықтау есіңізде қалды?

—Иә, жаңа жасымды тойлауға аса жоқпын. Бірақ тума-туыс, дос-жаран, әріптестер телефон арқылы құттықтап, әлеуметтік желілерде әдемі тілегін білдіріп жатады. Арасында ақшалай сыйлықтарын жіберетіндер де бар. Қалай құттықтаса да ризамын. Бастысы көңіл ғой.

40 жасым ерекше атап өтілді. Зәкең (марқұм жолдасы Заманбек Нұрқаділовті айтады — А.Т.) ортасында «Мақпал — 40 жас» деп жазылған 4 мың гүл сыйлап, көлік мінгізіп, өлең шығарған. Сондағы ерекше сезімді әлі ұмытпаймын, бақыттан басым айналған еді… Сол азаматым екеуміздің қарсы алған соңғы туған күнім екен. 41 жасымда мүлде басқа көңіл күйде болдым…

Негізі, мен үшін анамның тірі жүргені — үлкен сыйлық.Сол кісі мейлінше ұзақ жасаса, қызым Мерейімді құтты орнына қондырып, содан жиен немере сүйсем, сосын Зәкеңнің жұмбақ өлімі ашылса деген үш арманым бар. Бұл арман-тілектің орындалғанын өз көзіммен көруді Құдайдан ылғи сұраймын. Соған жетсем, менен бақытты адам болмайды.

ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА…

«…Қай кезде болсын, бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде газеттің халық пен билікті, сондай-ақ біз сияқты өнер адамдарын тыңдарманымен байланыстыратын «алтын көпір» екені анық. Қарапайым тұрғындар редакцияға жолығып, мұң-мұқтажын айтса, әншілер сіздер арқылы жылт еткен жағымды жаңалықтарымен бөліседі. Кейде өміріміз бен өнерімізге қатысты сыр ақтарамыз дегендей. Мақсаты дұрыс басылымнан болса, журналист қауыммен пікірлескенде тұрған ештеңе жоқ.

Ақтөбеге жиі келіп тұрамын деп айта алмаймын. 3-4 жылда бір рет, халықты әбден сағындырып, гастрольдік сапармен жолым түседі. Сондай кездері «Ақтөбе» газетінің тілшісімен сұхбаттасамын. Қателеспесем, осы басылыммен әр жылдары 3-4 үлкен сұхбат жасадық. Қазір интернеттің дамыған заманы ғой, барлық сұхбатыммен газеттің сайты арқылы таныстым. Ұнады, қалай айттым, солай беріпсіздер.

Журналистер мен газет редакциясына амандық, өмірдің бар қызығын, шығармашылық табыс тілеймін. Газеттің ғасырлық тойы құтты болсын!»

— 60 жасқа толдыңыз. Мақпалдың қартаймауының құпиясы неде?

— Жасымды жасартып айтсакәдімгідей мәз боп қаламын. Бірақ әр жастың өзіне тән ерекшелігі болады екен. Уақыт өз дегенінжасайды… Дей тұрғанмен өнер адамы болғандықтан, бетіме, жалпы өзіме ерекше күтіммен қарап, қолдан келгеннің бәрін жасайтыным рас. Әрі алдымда анам барда өзімді әлі күнге бала сезініп, еркелегім келіп тұрады. Қарағандыға барған сайын мамамның құшағына тығылып, сол бала кезімдегідей еркелеймін. Мамам да бұны қызық көріп, «бұрынғыдай құшағыма сыймайтын болыпсың» деп күледі. Бәрібір көңіл жас.

— Репертуарыңыз бай. Жеке адамдарға арналған әндеріңіз де бар: Әлия-Мәншүкке («Қос шолпан»), Фаризаға, Тоқтағұл ата, Болат Әбішұлына. Мүмкіндік болса тағы қай тұлғаға ән арнар едіңіз?

— Есімі әнге қосуға лайық тұлғалар аз емес қой. Мысалы, өзім әндерін орындайтын ұлы композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев, Әсет Бейсеуовке арналған әндер болса, орындауға дайынмын. Жақсы адамдарды жырлағанға не жетсін? Өзім композитор емеспін, әйтпесе қадірлейтін адамдарға бір-бір әннен шығарар едім.

— Махаббат, сағыныш, туған жер, тіпті немере туралы әндеріңіз де көп. Сіз шырқамаған тағы қандай тақырып қалды деп ойлайсыз?

— Дұрыс айтасың. Лирикалық та, патриоттық әндерді де бір адамдай орындадым.

Бұйыртса, 3 жылдан кейін шешем 90 жасқа толады. Сол кісінің арманы орындалып, қазірдің өзінде 2-3 шөбере сүйіп үлгерді. Анамның атынан шөбереге арналған әнді репертуарыма қосқым келіп жүр. 2-3 авторға тапсырыс беріп үлгердім. Сәтті туынды шықса, анамның қатысуымен соған клип түсірмек ойым бар.

— Осы орайда бірнеше ақтөбелік ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқайтыныңыздан хабардармыз. Олардың арасынан алда 100 жылдығы келе жатқан көрнекті ақын Бәкір Тәжібаев туралы естелігіңізбен бөліссеңіз.

— Иә, Бәкір ағаның жөні бөлек. Ол кісінің «Ақбұлақ» әнін бала кезімнен орындаймын. Ағаны алғаш рет 5-сыныпта оқып жүргенде көрдім, кейін талай дастарқандас болдым, әңгімесін тыңдадым. Өмірді шексіз сүйетін, әншілігі бар адам еді. Ақтөбеден шыққан ақынның «Туған жер», «Қос шолпан», «Анажан», «Папажан» сияқты өлеңдеріне шығарылған әндерді әлі күнге айтамын. Бірталай өлеңіне құрбым, композитор Ақтоты Райымқұлова ән жазды. Ол кісімен кезінде сол Ақтоты арқылы шығармашылық байланыс орнаттық. Бәкір ағаның қайтқанына да біраз болды ғой, Алматыдағы Кеңсай зиратында жатыр. Маңынан өткен сайын Құран бағыштауға тырысамын.

— Инстаграм әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысысыз. Қайда барып, кіммен кездескеніңізді, тіпті итіңіздің аулаңыздан қашып кеткені жөнінде соның арқасында біліп отырмыз. Сіз үшінжаһандық желінің пайдасы мен зияны қандай?

— Жасыратыны жоқ, қазір күніміз соған қарап қалды ғой (күліп). Баяғыда телефонсыз-ақ өмір сүріп, троллейбуспен қатынайтын едік… Бүгінде үйден телефонсыз шықпайтын болдық, ешқандай шаруамыз да онсыз бітпейді.

Инстаграмда әншілердің бәрі отырады, бұл концерттердің жарнамасын салып, жалпы өзіңнің бар екеніңді білдіретін құралға айналды. Осыданбір сәт демалайыншы деп 3-4 күн кірмей қойсаң, тыңдарман кәдімгідей іздеп, хат жазып, көшеде көріп қалғанда: «Ауырып қалған жоқсыз ба? Желіден көрінбейсіз…» дейтін болды.Бір жағынан, жер-жердегі тыңдарманмен хат-хабар алысып отырғанмен, зиянды тұсы да бар. Уақытты көп алады. Кімнің не істеп жатқанын, қайда барғанын көремін деп кейде шаруаларымды бітіруге үлгермейтін сәттер болады. Дегенмен бұл да заман талабы, елмен бірге болу керек деп ойлаймын.

— Белгілі әнші болғасын әр адам сізді көргенде ерекше әсерге бөленіп, әртүрлі пікірде қалады. Тамсанады, қызығады, болмаса ұнатпай қалады деген сияқты… Әйтеуір, назары ауады. Ал өзіңізге алғаш көргенде айтарлықтай әсер еткен, таңғалдырған өнер адамы кім?

— Роза Бағланова. Сол кісінің әнін бала кезден радиодан тыңдап өскендіктен бе, өмірде бірінші рет көргенде таң-тамаша күйде қалдым. Роза Тәжібайқызының дауысы да, өзін ұстауы да бөлек еді ғой. «Апай» десең басың бәлеге қалады, халыққа еркелеген, әдемі қылықтарымен есте қалды.

— Алдағы жылы зейнеткерлік демалысқа шығасыз…

— Әзірге дауысым сыңғырлап тұр, бабымдамын. Келесі жылы қандай күйде болатынымды бір Алла біледі… Денсаулық барда елдің алдында өнер көрсеткенге не жетсін?! Мейлінше осы деңгейде қалуға барымды саламын ғой. Биыл 60 жас мерейтойыма орай еліміздің барлық өңірінде көбірек концерт өткізуге талпынып жатырмын. Бәлкім, зейнет демалысына шыққанда концертімді сирек ұйымдастырармын… Дәл қазір тап басып айту қиын.

— Ақтөбеде өткен концертіңізде өміріңіз, Заманбек Нұрқаділовпен қалай отасқаныңыз туралы бар шындықты ашатын кітап жазып жатқаныңызды айтып қалдыңыз. Мемуарлық кітап қашан шығады?

— Жадымда не сақталды, соның бәрін қағазға түсіріп, өз аузымнан халыққа жеткізсем деген ойым бар. Өйткені қазірдің өзінде біздің өмірімізге қатысты өтірікті шындай айтып жүргендер кездеседі…  Әйткенмен, жазғанымды әуелі кітап шығаруға маманданған, сөз құдіретін білетін жазушыларға көрсетіп, өңдетіп аламын. Егер солар басуға жарайды десе ғана бұл іске шындап кірісемін. Бұның нақты қашан іске асатыны белгісіз.

— Жаз мезгілі де келіп қалды. Қайда, қалай демаласыз?

— Үйімді жаңартамын. Осыдан тура 30 жыл бұрын Зәкең 7 айда салған коттедж әбден ескірді. Күрделі жөндеу жасатайын дегенмін, жұмысы көп екен. Одан да сол 4 қабатты бұзып, орнына 2 қабатты шағын үйді жаңадан тұрғызуды жоспарлап отырмын. Мерей екеумізге сол жарайды, әйтпесе оны жинаудың өзі оңай емес. Сөйтіп, қартайғанда жайлы жерде отырсам, дұрысынан демалсам деген ой ғой. Бұйыртса, әкімшіліктен рұқсат қағазын алып, бұл шаруаны бітірсем, жаздағы демалысым сол болғалы тұр (күліп).

                                             Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button