Әдебиет

Сағидың даусы — сазды үні құйқылжып тұрар мәңгілік

Қазақтың көрнекті лирик ақыны Сағи Жиенбаевтың туғанына 90 жыл толып отыр.

Сағи Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында туған. 1955 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітірген. Еңбек жолын Жезқазған қаласында мұғалім болып бастап, кейін баспасөз саласына ауысып, «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында еңбек еткен.

19651-1984  жылдары «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында «Ақ Орда» журналының бас редакторы болды.

Сағи Жиенбаев 1994 жылы 15 мамырда, 60 толған күнінде кенеттен қайтыс болды.

Туған жеріне деген ыстық сүйіспеншілігі мен сағынышын ғұмыр бойы жырына арқау еткен ақынның жырларын, сондай-ақ әр жылдары оның шығармашылығы туралы мақалалардан ой-пікірлер ұсынып отырмыз.

Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ:

«Қайсы ақынның болмасын өлең жасаудағы шеберлігін көрсететін тағы бір нышан — оның туған өлке суретін қалай көріп, қалай қабылдайтыны. Сағи ойлайтын, көргенін түсінетін, Сағи төңірегін, тіпті табиғат көріністерін де, мәңгі қозғалыс қалпында қабылдайды. Ақын ұғымындағы қозғалыс. Ол табиғатты құрғақ суреттеп жатпайды, әдемі ырғақ, келісті сөзбен баяндап, бір кезде көргенмен, есте   сақталмаған кейбір ғажайып көріністерді қайтадан көз алдыңа әкеледі. Қанша көргенмен, қалпы өзгермей көкейіңде сақталатын мына бір көрініске қарайық:

Тотығып күрең жалынға           

Жартастың жүзі қызарып,

Күндізгі мұнар жамылған

Шатқалдың бойы ұзарып.

Салқын жел келіп бабына,

Көтеріп сайдың ақ буын,

Таулардың арғы жағына

Еңкейіп бара жатты күн.

Қоңырқай тартып реңі,

Қойғандай алдын құрсаулап,              

Бір шөкім бұлтқа тіреліп,

Сәулелер жерге тұр саулап.

Туған жердің сұлулыққа тұнып тұрған келісті келбетін ақын алабұртпай, алағызбай, байсалды баяндайды. Көп көрген сурет болса да, көңілге оралымды-ақ. Жүрек қылын шертіп өтетін татымды бояулары самсап тұр».

Мұқағали МАҚАТАЕВ:

«…Мыңғырған мың жылқының арасында жалғыз жирен құлынның ғана мойнында әдемі, құйттай жез қоңырауы бар еді. Оның сыңғыры сұмдық тұнық-тұғын. Жылқылар жайылғанда да, жусағанда да, күндіз де, түнде де, сол жез қоңыраудың үні бірде о жерден, бірде бұ жерден дыбыс беріп қояр еді, бір түрлі рахат, бір түрлі сүйкімді естілетін. Жылқы жусап жатса, анда-санда бір ғана сыңғыр етіп, «тыныштық, қорықпа!» дегендей, ал қайсыбір мазасыз түнде жылқы үрке қалса, жез қоңырау толассыз шырылдап беретін. Көзге түртсе белгісіз түнекте табыннан адасып қалсақ, әлдеқалай алыстан үздігіп естілген жез қоңыраудың үнін бағытқа алып, үйір-үйір жылқымызды жинап алатын едік. Жез қоңыраудың қасиеті солай еді. Сағидың поэзиясы — мен үшін сол жез қоңырау. Бірде-бір артық сөзі жоқ, бірде-бір тәртіпсіз буыны жоқ, артық өлшем, жетпей жығылу дегендерді іздесе таптырмайтын Сағи поэзиясы сол жез қоңырауды елестетеді. Қандай да затты, қандай да қимыл-құбылысты алмасын, Сағи оған сағилық әр, өң, сағилық мінез бермей қолынан шығармайды. Міне, мен өз басым, оның өлеңдеріндегі кейде бір ой, тақырып, образ қайталауы сияқты кінәларын кешіремін. Оқи отырып, тіпті ол кемшіліктерін байқағым да келмейді. Себебі сиқыр, оллаһи, сиқыр! Нағыз лириктің құдіреті осынысында болса керек».

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ:

«…Соғыстан оралған майдангер ақындардың сұсты жүздері жылымықтың лебінен жаймашуақтанған шағында, жаңбырдан кейін дүркірей көтерілген көктей құлпырған Сағи ақынның қатар­лары қазақ өлеңінің жүгін одан әрі көріктендіре түзіп, «жыл келгендей жаңалық сездіріп», әдебиетіміздің алтын отауының керегесін кеңейтіп, дөдегесін әспеттеп, өнегесін өрістетіп әкетті. «Тал жібектей таза сөз, еш жеріңді жырмайды», дейді Тұрмағамбет шайыр. Сағи ақын — тал жібектей таза сөзді күміс инемен көктеп, тебен өтпейтін жерден өткізіп, жүрегіңнің құлағына жеткізіп, өне бойыңды өрлей жүгірген алпыс екі тамырыңды идіріп, жаныңа самал сүйдіріп, мұңын айтса күйдіріп, қуанышын айтса сүйсінтіп кететін өнерпаз. Ақынға өнерпаз деген теңеу көп айтыла бермейді. Сағи ақын, шын мәнінде, зергер, өнерпаз. Сөзден түйін түйген, сезімнен күй қайырған, жа­ман жаза алмайтын, қаламының ұшында Жаратқан берген жеті бояудың шұғы­ласы мен құбыласы тең түскен ақын».

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

Сағидың даусы

 

Аяулы көңіл-көлдердің

Ақ айдынына бойламай,

Туған күн болып өлген күн

Туыңды жықтың тойламай.

 

Көк пенен жерде бақ қоздай

Көктемге тағы еніп қыр.

Төлегені жоқ Ақбоздай

Жыр-жорғаң жалғыз келіп тұр.

 

Сағыз бен Жемдей салада

Сабылтып сағым аттарын.

Сарғая күтіп, жанаға,

Сағынған шығар қарттарың.

 

Өзегін өртеп сезім-от,

Сен туып-өскен жер-мекен.

«Ақ бұлты келді, өзі жоқ,

Ақыным қайда?!» — дер ме екен.

 

Оймауыт өлке ойында

Ор киік сынды күн зырлап.

Желекті Жемнің бойында

Жетпіс бес Мамыр жыр жырлап.

 

Бозала таңда сайланып,

Боз кешіп жүр-ау деп білсем,

Аппақ бір нұрға айналып,

Аспанға сіңіп кеттің сен!

 

Өлеңі момын даланың

Өткерген балғын уақытты.

Башпайың күйген қарақұм —

Байсары қандай бақытты!

 

Май салыса мал сайларда

Майыса есіп майда леп.

Сайрайды бозторғайлар да

«Сағидай жырлау қайда?!» деп.

 

Жайраңдап сонда таныс маң

Жарқамыс толқыр елжіреп.

Сағынта жетіп ғарыштан

«Сағидың даусы келді!» деп.

 

Құлпырған сайын жаз гүлі,

Құбылжи дүние жаңғырып.

Сағидың даусы—сазды үні

Құйқылжып тұрар мәңгілік.

Ертай АШЫҚБАЕВ:

«Сағаңның өлеңдерінде көктем басым пайызға ие екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Суық қаһарын төкпейтін, бұлтты қабағын түймейтін, ылғи жадырап-жайнайтын, кіршіксіз, гүл-шешегі құлпырған дүние — Сағаңның басыбайлы стихиясы. Ақынның кітаптары «Дала гүлі», «Таң алдында», «Ақ самал», «Бозторғай», «Ақ толқын», «Қайырлы таң», «Іңкәр дүние», «Жарық жұлдыздар»… болып келетіні де сондықтан шығар. Егер таза табиғатты қайтадан сүйгіңіз келсе, шаһардағы түксиген көп қабатты үйдің балконы күн сайын ұсынатын жауыр көріністерден шаршасаңыз, Сағаңның өлеңдерін тағы бір оқып шыққаныңыз жөн.

Мына суреттерге үңілейік: «…Бір шөкім бұлтқа тіреліп, Сәулелер жерге тұр саулап» немесе «…Балапан бұлттар жүр жүзіп, Балбырап тұрған ауада» әйтпесе «Бөлініп қалған үйірінен, Қарайды жуас ақша бұлт»… Байқадыңыз ба, қай өлеңде де қамтылған деталь — бұлт және қандай бұлттар десеңші: сәулелерін саулатқан мейірімді бұлттар, балбыраған ауада жүзіп жүрген балапан бұлттар, үйірінен адасып қалған аңқау бұлттар… Осыларды (мысалға алынбаған басқа да бұлттар туралы) оқып отырып, Сағаңа бұлттардың да тек жөндем-тәуірлері кездесетініне қайран қаласың.

Ал ақынның қаламына іліккен дала суреттері тек осылар ғана ма? Жоқ. Егер Сағаңның өлеңдерін одан әрі саралай берсеңіз, көктегі Күн, Ай, жұлдыз, жердегі гүл-шалғын, өзен-көл, қыр-қырат, ауадағы жел-самал, бу-тұман, ән-әуен туралы бірқыдыру парақтарды толтыратын жеке-жеке тізімдер жасап шығуға болар еді. Және бұл тізімдер, мысалы, институтты шала бітірген биологтар мен географтардың өздері тап басып тани алмай жүрген небір сиқырлы құбылыстарға толы қандай бағалы парақтарға айналар еді.

Дегенмен Сағаңның мөлдір сезім жыршысы екенін былай қойғанда, табиғаттың да бірыңғай сұлу шақтарына сүйсінуді мұрат тұтып өткен себебі неде екенін біз бәрібір түсіндіріп бере алмаймыз…»

Жәнібек ӘЛИМАН:

«Гюгоныңөлеңдерікөбелектіңқанатындайжеңіл»дегенбағаберіптіақындыоқығанбірғұлама. Гюгоныңпоэзиясынсүзіпшыққандаақынныңөлеңдеріосындайсөзтудырғанболады. Біздіңше,үлкенбағасындыосысөз.

Бұл жерде мәселе көбелек жасының ұзақ, келтелігінде емес сынды. Көбелек қанатындай жеңіл сөздің зіл-батпан ойы мен қанық сезімінде болса керек әңгіме. Гүлден-гүлге қонған жәндіктің бұл түрінің екінші аты сезім мен шабыт емес пе? Көбелек бір ай болса да шабытпен өмір сүреді. Туып-өлетін уа­қы­ты да жұпар аңқыған мамыр, маусым, шілде айлары. Атырап гүлге оран­ған, ауа — жұпар, дала — шуақ, шөп — шырын, шалғын — шарап, жердің беті жарты жұмаққа айналған кез. Бұдан кейін көбелек көп ұзамай өліп қалғанымен, сол сезімді қыстың қақаған қар-ақпанында да ұстап тұра алуында ғой әңгіме. Қазақ жырында қай ақын сондай дегенде Сағи Жиенбаевтың поэзиясын еске түседі. Оның кез келген жыр жинағын алып парақтай беруіңізге болады. Өкіндірмейді. Өне бойыңды іңкәр сезімге, аппақ үмітке тұндырады».

Сағи ЖИЕНБАЕВ

…Мынау қыр, мынау шағылым —

Талайдан бері көрмеген.

Баяғы күйі бәрінің

Өзгермейді екен жер деген.

 

Соға алмай жүріп, ақыры

Бұған да, міне, жолықтым.

Күн келе жатыр ақырын

Үстімен жылжып Ойықтың.

 

Ығысып қырдың желінен

Сайларға мұнар кілкілдеп.

Ауаның дымқыл демімен

Шилердің басы үлпілдеп.

 

Жарыса қонған жал құмдар,

Сәулені бойға сіңіріп.

Көтермей басын шалғындар

Көктемді жатыр сіміріп.

 

Аспаным, күнім-ырысым,

Көктемім — бәрі қосылып,

Әлемнің әсем бұрышы

Алдымда жатыр көсіліп.

 

***

Пейіліне қарай берген бе,

Көрген жоқ әлі тапшылық.

Момақан далам желден де

Күтетін ылғи жақсылық.

 

Жаңбырдың бұлты шыққанда,

Қуана күліп тұратын.

Жауғалы келген бұлттар да

Жел айдап өте шығатын.

 

Өзі емес оның

Көлдегі

Құстары да аңқау болатын.

Аспанда жүріп, жердегі

Тұзаққа келіп қонатын.

 

Бейкүнә сәби сезіммен

Жүруші ем соған таңғалып.

Оп-оңай менің өзім де

Қаламын кейде алданып.

 

***

Өстім мен осы қырларда

Көгала мұнар қалқыған.

Жазықта, сайда, құмдарда

Даланың желі аңқыған.

 

Бірге өстім жусан, шилермен,

Тербесең нәзік күй шығар.

Көзім де соған үйренген,

Өзімде соның исі бар.

 

Сезім бар менің жанымда

Далаға сіңіп кеткендей…

Жақынмын —

Жердің баурына

Жабысып жатқан шөптердей.

 

***

Аңызақ желмен арбасып,

Тығылып күндіз жаппаға.

Кеудені тозаң, шаң басып,

Кеберсіп жүрген шақта да…

 

Табаннан ызғар, сыз өтіп,

Оранбай үлде-бүлдеге.

Сарылып таңды күзетіп,

Көз ілмей жүрген күнде де…

 

Арылмай бір бұлт түнерген

Есеміз кетіп өзгеге.

Қағажу көріп біреуден

Қиналып жүрген кезде де…

 

Тұқыртып тағдыр долдана

Тұрса да жаншып, үстем боп,

Бір саған деген,

Кең дала,

Сезімге қылау түскен жоқ!

 Батыр бабамен сырласу

 Есет Көкіұлының 325 жылдық тойына арнау

 

Қашаннан сені күтіп жатыр далаң,

Күні жоқ атыңды айтып, аһ ұрмаған.

Бізде енді еңсемізді көтерейік,

Қасқайып тұршы осылай, батыр бабам!

 

Жан барма осы күнді аңсамаған,

Сарғайып, сағысынып,шаршамаған?

Қырларын Ақтөбенің дүбірлетіп

Арғымақ ақпағалы қанша заман?!

 

Жертеуіп, жұлқынып тұр пырақтарың,

Қанша жыл соны аңсады қыраттарың.

Жиналып жатыр, міне, талай жылдар

Бір-бірін көрмей кеткен шырақтарың.

 

Осы той басы болғай берекенің,

Білдіргін құт дарыған жер екенін.

Дәл бүгін, қайран бабам, ұрпағыңның

Есіне бір түсірдің ел екенін.

 

Бұл күнді хақтан тілеп, тау күткендей,

Жүздері арулардың албырт гүлдей.

Тебіреніп, түрленіп тұр Ақтөбенің

Тасымен талынада жан біткендей.

 

Төгіп тұр бүгін, міне, таң арайын,

Той-думан, сән-салтанат, ән маңайың…

Көтерген ең семізді көкке бүгін,

Жан-ата, аруағыңнан айналайын!

 

Алғашқы кездесу

(«Әлия» поэмасынан)

Айнала орман, алаң бір,

Тоқтаған атыс белеңде…

Жалт ете қалды командир

«Мергендер келді» дегенге…

 

Алдамшы қулар дәндеген,

Алдынан кесіп өтпейтін.

Алдыңғы шепке әлде де

Мергендер жағы жетпейтін.

 

Амалсыз бұғып, «тыныстап»,

Оңтайын күтіп тағы бір.

Ашынған жаудың ұрысқа

Қамданып жатқан шағы бұл.

 

Осындай шақта… кеңесіп,

Картаға салып көк белгі.

Мергендер келді дегесін

Алдымен өзі жеткен-ді.

 

Ұшқындап жалын көздегі

Келеді сырттай қызығып.

Әскери салтпен өздері

Қалыпты қаздай тізіліп.

 

Алыпты бойын тез жөндеп,

Бусанып жатыр сыз-дала…

Мәссаған!

Міне, безгелдек…

Мергені — кілең… қыз бала.

 

Болар деп бұлай сезбеген,

Білмеді сенер-сенбесін.

Он бес қыз екен, көзбенен

Аралап шықты он бесін.

 

Осы ғой қазір хал деген…

Ой келді талай басына.

Тоқтады келіп жайменен

Шеттегі қыздың қасына.

 

Сәби ғой мынау, бауырым,

Ернінен уыз кеппеген.

Балалық шақтың әлі бір

Балауса табы кетпеген.

 

Бел буып, қалай бекінген,

Барады қайда…

Бұл түрі?

Өңі де жүдеу секілді,

Өзінен ұзын мылтығы.

 

Жасаған екен батылдық,

Жіберген адам мұны да.

— Жауынгер, қане, атың кім?

— Әлия Молдағұлова!

 

Жалынға талай оранып,

Көрді ғой бұл жан көпті де.

Әкелік мейірім оянып

Әлияны аяп кетті ме?

 

Офицерге айтты бұрылып,

— Жұмыс көп шығар қазірде,

Асхана жақта… тынығып,

Аршысын картоп әзірге!

 

Жай болды қызық кенеттен

Ақылға сол шақ қонбайтын.

Жай кезде болса,

бөлектеу…

Әскери кезде болмайтын.

 

Әлия — саптан ұмтылып,

Жүгіріп шықты аптығып.

Құшақтап алған мылтығын,

Кірпігін қақпай қалт тұрып.

 

Өзіне-өзі сенгендей

Мінезге басып елдегі.

— Картоп аршуға келгем жоқ,

Соғысқа келдім мен! — деді.

 

Көргеннің аты — көрген ғой,

Бір шолып көзбен байсалды:

— Жарайды, қызым, мерген бол!

Қарай гөр өзін… — дей салды.

 

Ана қолы

Атырдық таңды көз ілмей,

Арылдық біраз кірбіңнен.

Сонау бір сәби кезімдей

Қолыңнан ұстап тұрдым мен.

 

Көрінді жүдеу маған ол,

Қалдыма келіп құрғыр жас.

Қолың ның үсті —

Қаражол,

Қиырда шиыр,

Қым-қиғаш.

 

Қиялмен жүріп сан жылым,

Қолыңа —

көптен қарағам…

Мен жүрген жолдың барлығы

Қолыңда тұр ғой,

Жан анам.

 

Бәрі тұр —

Қайда барғаным,

Түскенім қандай қыспаққа.

Осы ғой мені,

Ардағым,

Жеткізген мына ұшпаққа.

 

Жатыр ғой талай жол артта,

Тұрады бәрі жаңғырып…

Оралдың бір күн

Орақтан

Саусағың басын алдырып.

 

Көруге батпай қолыңды,

Көзімнен жасым тұрды ыршып.

Онсызда жарым көңілді

Оңдырмай соқты бұл қырсық.

 

Сауылмай қалды сиырда,

Жағылмай қалды жер ошақ.

Үйіріліп ұшты құйындар,

Сыпырып күлді,жел асап.

 

Қабағы түннің салбырап,

Дүние кенет қушиып,

Жанарда тұрды жаудырап

Жалғыз-ақ ұрттам тіршілік…

 

Меніңде сәби көңілім

Сезді ғой — соның тұсында

Тұрғанын барлық өмірім

Бір ғана саусақ ұшында.

 

Қызыл жиде

 

Жиде гүлін ашады екен екі рет,

Жиде жұпар шашады екен екі рет…

 

Алғаш рет гүлдейді екен көктемде,

Сыр бойына құстар аңсап жеткенде.

Қайран дала қалады екен бір жайнап,

Қызыл жиде қызыл гүлін төккенде.

 

Жаралған ба Сыр бойының бағына,

Күзге қарай гүлдейді екен тағы да.

Көз біткенді жаутаңдатып өзіне,

Құс біткенді жинайды екен маңына.

 

Тұрған шақта өзгелерден әр қашып,

Жүдеу тартып, өне бойын шаң басып.

Қызыл жиде тұрады екен құлпырып,

Соққан дауыл, ескен желмен арбасып.

 

Білмейді екен бұршақ па екен, сел ме екен,

Бар тілегі — тек осынау жер ме екен?

Қуаң тартып, қоңырайған далаға

Күз келгенін сездірмейін дей ме екен…

 

***

Еркелеймін далама,

Кең болғасын,

Сәби күннен қалған бір жел болғасын.

Еркелігін ұлының жалғыз ғана

Ауырсынбай көтерер сол болғасын.

 

Еркелеймін досыма,

Ер болғасын,

Мен дегенде көңілі көл болғасын.

Жасырмаймын сырымды, жалғыз ғана

Жан күйімді түсінер сол болғасын.

 

Солар менің — кең жайлау, көк орманым,

Солар менің — сенерім, солар — барым.

Екеу ғана тірегім!

Екеуіне

Еркелігім өтпесе, не болғаным?

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button