Тарих

Әлиямен кездескен майдангер журналист

Әлия — 100

Былтыр музейде жоспарланған іс-шаралар аясындажазушы Жекен Жұмахановтың 110 жылдығына арналған «Әдебиет майданы» тақырыбындағы әдеби кешті өткізуді өзім таңдап алған едім. Басты себеп — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловамен қан майданда жеке кездесіп, дидарласып, кейін кітап жазған жалғыз журналист Жекен Жұмахановтың музей қорында «Әлия» (Майдан дәптерінен)кітабынан бөлек, ешқандай экспонатының жоқтығын музейдің қор сақтаушысы ретінде өзіме сын санайтынмын.

Қораптан табылған төрт кітап

Материалдың тапшылығына байланысты аталған іс-шараға дайындықты ерте бастап кеттім. Осы мақсатта әуелі жергілікті кітапханаларға хабарластым.С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Жекен Жұмахановтың 1959 жылы баспадан шыққан «Әлия Молдағұлова» атты повесі сирек кітаптар қорында тұрғанын білдім. Бірақ кітап жалғыз дана болғандықтан қолыма тимеді. Онда автордың «Әлия әні» мен «Махаббат пен мансап» повестері де басылған екен. Бүгінде жазушының біреу де болса, бірегей саналатын мұндай еңбегін сақтап отырған бұл кітапхананың кезінде Жекен Жұмахановтың қарулас досы болған, «Комиссардың қатесі» атты әңгімесінің бас кейіпкері — Сақтаған Бәйішевтің атымен аталатындығы көңіл толқытады.Мақсатым — автордың еңбектерімен қорды толықтыру. Іс-шарада екі кітаппен көрме жасақтай алмайтынымды біліп,Жекен Жұмаханов және оның еңбектері жайында мәліметтерді өзге жерлерден іздестіруге кірістім.

Ғаламтор желісінде жазушы жайында жазылған 4-5 мақаланы ғана көзім шалды.

Одан басқа тұшымды көп нәрсе таппадым. Сол себепті ғаламтордан бейнекөріністер арасынан жазушыға қатысты мәліметтерді де іздестірдім. Осылайша Ержан Жұмаханов деген кісінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан жазушының 100 жылдығына орай орыс-қазақ тілдерінде жарық көрген деректі фильмді таптым. Парақша иесіне хабарлама жазғаныммен, одан жауап болмады. Алайда жазушының ұлы Ержан Жұмахановтың баспагер екенін анықтап,«Әкесі — жазушы, баласы баспагер болса, демек, кітаптары қайта басылып шығарылған болуы керек» деген оймен жергілікті кітап дүкендеріне хабарласуға бел будым. Нәтижесінде, Ақтөбе қаласындағы «Атамұра» кітап дүкенінің сатушыларыавтордың еңбектері қайта басылып шыққан су жаңа 4 кітаптың әлі қораптан шықпағанын айтқанда, қуанғаннан төбем көкке жеткендей болды. Бұл — жазушының «Әлия әні», «Мен жұмысшы», «Жазылмаған кітап» және «Махаббат пен мансап»еңбектері еді.

Автордың жаңа кітаптары «8&8» баспасынан жарық көрген. Аталған баспаханаға хабарласып, жаңа кітаптардың редакторы Ержан Жұмахановпен тілдесудің мүмкіндігі туды. Ол әкесінің артында қалған барлық қолжазбалар мен деректерді мемлекеттік мұрағатқа тапсырғандығын айтты. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, ұлынан әкесінің жеке тұтынған заттары жайында сұрағанымда: «Ол туралы анамнан сұрап көріңіз», — деп, анасы Клара Біләлқызының телефон нөмірін жіберді. Жазушының жұбайымен таныстығымыз осылай басталды.

Сәлемдеме және «Сабалақ»

Клара Біләлқызы көп күттірмейпошта арқылы музейге сәлемдеме қорабын жіберді. Қорапқа жоғарыдағы кітаптармен бірге жазушының тағы бір еңбегі салыныпты. Ол — Абылай хан туралы жазған «Сабалақ» шығармасы. Жекен Жұмаханов туралы газет-журнал беттеріндегі материалдарды, соғыстағы суреті,шежіресі жазылған плакат, жазушының 90 және 100 жылдық мерейтойларында түсірілген бейнетаспалар да сәлемдеме қорабынан шықты.

Жазушы мұрасының жоқтаушысы  — Ержан Жұмахановтың осындай игілікті жұмыстар жасауына ықпал еткен анасы Клара Біләлқызының еңбегі зор.

Клара Біләлқызы кезінде кітапханашы болған. Ол — ұлын осы салаға бағыттап, том-том болып шықпай қалған әкемұрасын түгендеу үшін жол сілтеген ардақты жар.

Қолыма түскен кітаптарды оқу барысында Жекен Жұмахановтың өте ұлтжанды адам болғанын сезіндім. Оның қазақ фольклорына деген қызығушылығы, атап айтқанда, М.Жұмабаевтың «Батыр Баянын», Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа айтуы, «Біржан-Сара» айтысы, «Құнанбай мен Шешенқара» тартысын зерттеп жазуы — осының айқын көрінісі. Жазушы соғыс кезінде қазақтың қандай да бір жауынгері ерлікпен көзге түссе, ешқандай қиыншылыққақарамастан, олар жайында жазуға асығатын болған. Жұмахановтың қаламына іліккен жауынгерлердің қатарында Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Ыбрайым Сүлейменов, Бексұлтан Рахметовтар болды. Бұл — оның қазақ ұлтына деген сүйіспеншілігінің көрінісі.

Қаруы мен қаламын қатар ұстаған

Жекен Жұмаханұлы 1913 жылы 5 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Жүреадыр ауылында дүниеге келген. 1925 жылдан бастап Семейде орта мектепте оқып, кейін Семей педагогикалық техникумын бітірген. 1932-1934-жылдары Семейдегі жеті жылдық мектепте ұстаздық еткен. Жарма аудандық жер бөлімінде де хатшылық қызмет атқарған. 1935 жылы Алматыдажаңадан ашылған Қазақ коммунистік журналистер институтына түсіп,  өзінің зеректігі мен аса қабілеттілігінің арқасында оны айрықша дипломмен бітірген.

Журналистикадағы қызметіне енді кірісіп жатқанында сұрапыл соғыс басталады. Қаламды қаруға  алмастыратын кезең туғанда да ол қолынан қаламын тастамады. Керісінше, әуелі Калинин, кейін Балтық жағалауы елдері аймағындағыұрыстарда ротаның саяси жетекшісі бола жүріп, «Суворовец», «Сталин үшін алға», «Жауға қарсы аттан» газеттерінде қаламын шыңдай түскен.

1946 жылы соғыстан кейін Жекен қызметін «Социалистік Қазақстан» газетінде   меншікті тілші ретінде бастап, бөлім меңгерушісі, сонымен қатар «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, «Мәдениет және тұрмыс» журналының бөлім басшысы, «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлер бөлімінің меңгерушісі  болды.

Ол өз кезегінде драматургияға да қалам сермеген. Оның «Махаббат пен мансап», «Қаракөз қарындасым», «Ленинге хат» сияқты пьесалары театрларда сахналанды.

Жекен Жұмаханұлының шығармалары орыс, украин, ағылшын, француз, испан, неміс, тіпті Африка халықтарының бір тіліне аударылған. Белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов Африкаға барғанда Жекен Жұмахановтың «Қаракөз қарындасым» шығармасының сол елдің тіліне аударылған нұсқасын көрген екен.

Жүрісі баяу болғанымен, Жекен журналистің қаламы жүйрік болыпты. Іссапарлардан келіп, редакторға есеп бергенде, мақаласын қоса алып кіреді екен. Редакторлары оның осындай жеделдігін өзгелерге үлгі тұтатын болған.

Шығармаларының дені соғыс пен соғыстан кейінгіжылдардағы халықтың тұрмысы, көрген қиындықтары мен талай сынған тағдырлар, жетім балалар мен жолдасынан, жұбайынан айырылғандардың тауқыметіне арналған. Өмірдің өзін сөйлеткен көрнекті прозашы— өз заманының ең көп шығарма жазған жазушысы. Оның көзі тірісінде жүзден астам мақаласы мен фельетондары және кітаптары жарық көрген.Солардың дені батыр Әлияға арналған.

Әлияның хаты немесе соңғы мақала

Жекен Жұмаханов —майдан даласында тілші ретінде Әлиямен жеке кездесіп, сұхбаттасып, повесть  жазған  жалғыз майдангер журналист. Жазушы Әлия туралы 1958 жылы «Солдат жолы», «Әлия» (Майдан дәптерінен), 1959 жылы «Әлия Молдағұлқызы»  атты кітаптар жазып, әр жылдарда «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері», «Социалистік Қазақстан», «Қазақстан пионері», «Ақтөбе» газеттерінде Әлия туралы «Оқ пен гүл», «Ә.Молдағұлованың достары», «Әлия батыр», «Винтовка №956», «Әлияның жүрегі», «Әлияның екі хаты» сияқты мақалалары жарық көрген.

Соңғы мақаласы өзі қызмет еткен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1965 жылғы нөмірлерініңбірінде басылып шыққан. Ол — Әлияның бұрын-соңды біз білмейтін бір хаты туралы мақала. Аталған мақаланы табу мақсатында қаламыздағы облыстық кітапхана, музей мен мұрағаттардағы газет жинақтарынан іздестірдік. Алайда бұл мекемелердегі жинақтар 1970 жылдан бергі тігінділермен шектелген. Содан біз «Егемен Қазақстан» газетінің мұрағатына сұраныс жібертіп,

2-3 күнде жауап алдық.  Әлияның бір хаты нағашы ағасы Бисенбай Хабиевке арнап жазылған. Бұл — «Әлия» (Майдан дәптерінен)   кітабында жарияланған, көпшілікке таныс хат та, ал екіншісі — Жекен Жұмахановтың жазуы бойынша, Әлияның 1943 жылы желтоқсан айында бұрын өзімен бір бөлімде болған жауынгер Ерғазы Төлегеновке жазған хаты. Бір қызығы, екі хат та өзге хаттардай емес, қазақ тілінде жазылыпты. Мақалада ол 1944 жылдың июнінде екінші Прибалтика майданында әскери құрамалармен бірге,«Суворовец» газетінің  4 әскери тілшісі де шабуылға шыққандығын жазған. Олардың қатарында өзінен бөлек екі майор — Александр Байбиков пен Яков Хелемский және лейтенант, татар тілшісі  Багаутдинов болған. Жолда жау самолетінің бомбасынан Багаутдиновтің қаза тапқанын, үшеуі жиырма екінші армияның қарауындағы  көптеген әскери бөлімнің бірі — жиырма алтыншы полк жауынгерлерімен үш күндей бірге алға жылжығанын және осы дивизияның бір полкінде Әлия Молдағұлова болғанын, оның Казачиха деген хутор іргесінде ерлікпен қаза тапқанын  айтады. Олар полктің штабында темір қобдишада  Әлияның қызыл әскер  кітапшасы сақталғанын, онда бұйра малақай киіп, шинельмен түскен фотосы бар екенін, суретте «Лия Молдагулова, туған жылы — 1924, әскери атағы — ефрейтор, ұлты — қазақ…»деп жазылғанын жеткізген.

Одан әрі мақалада: «Өз қолымен жазған  екі хаты бар еді. Ол хаттарды адресі бойынша жіберген де болар, мыналар қайта жазғаннан кейінгі көшірмесі ме екен?.. Әлде тіпті жіберуге үлгере алмады ма екен? Бұл арасы күмәнді. Штабтағы жолдастарыосы жазбаларды ешкімге бергісі келмейтін көрінді, көшіріп алуға ғана рұқсат етті. Жасынан орысша оқыған, осы тілді ана тіліндей жақсы білсе де, Әлия бұл хатты да қазақша жазған: стилі тым қисынды, оқуға жеңіл.

Бірінші хат: «2005Б дала поштасы, Ерғазы Төлегеновке» деп басталатын хаттың сөз әлпетіне қарағанда, Ерғазы Әлиямен бірге, бұрын бір әскери бөлімде болған жауынгер, қазір енді басқа бір  дивизияда соғысып жүрген сияқты. Әлия мен Ерғазы қатарлас. Бұл хатта Ерғазы келіп қайтса деген де үміт бар, өзінің бөлімі тұрған адресті қазақшалап келтірген. «Зор садақтың шығысында қырық шақырым, бежаницаның мойнында, қос перненің алқымында..» деп келеді де, сені күтуші..» деп қол қойған. «Зор садағы» — Великие луки, Бежаница деген станция атын әдейі кіші әріппен бастап  жазған, мойнында дегені — станциядан шыға берісте дегені, қос пернесі — теміржол…

Әлия хаттарының аяғында ай, күні қойылмаған. Бірақ жоғарыдағы екі хат та 1943 жылдың декабрі ішінде жазылғаны аңғарылады. Өйткені Ерғазы атына жазылған хатта айтылған елді қоныс аттарына қарағанда, ол жерлерде  біздің алдыңғы  шептегі бөлімдер сол жылы декабрьде  болып, жауды жөңкіте, «ілгері басқандығы белгілі».

Бұл — хаттың түпнұсқасы емес, дегенмен бұрын-соңды айтылмаған, «Социалистік Қазақстан» газетінен басқа еш жерде жарық көрмеген  хат болғандықтан, музей үшін бұл мақала құнды экспонат деп білеміз. «Әлия әні» атты повесіндегі бас кейіпкердің бірі Ержан деген жігітке осы хатты жазған жері келтіріледі. Демек, Ержан — Ерғазының прототипі болғаны. Бұл туралы Клара Біләлқызынан сұрағанымызда, ол кісі сөзімді растап, тіпті осы кейіпкердің құрметіне 1975 жылы туған ұлына Ержан деген есімді жазушының өзі қойғанын айтты.

Архив сөресіндегі қолжазбалар

Сонымен, былтыр межелеген уақытта жазушының 110 жылдығына арналған «Әдебиет майданы» тақырыбында өткен іс-шарада Әлияның туыстары — Сапар Молдағұлов пен Әрия Хабиевалар батыр қызымыздың өмірі жайлы, жазушының кітабын қалай қастерлейтіндері әрі ондағы әрбір сөзге ерекше мән беріп оқығандығы жайында  айтты. Өйткені ол кітапта Әлияның Әрия Бисенбайқызының әкесіне жазған хатының мәтіні бар.

Жекен Жұмаханов күй саласын зерттеуге де қалам термебен жазушы болған. Сол шарада Жекен Жұмахановтың зайыбы Клара Біләлқызының бейнеүндеуі көпшілік назарына ұсынылған еді. Оның айтуынша, Жекен Жұмаханов — Әлия Молдағұлова туралы үлкен повесть жазған адам. «Ол соғыста Әлиямен бірге жүріп, бірге ұрыстарға қатысқан.  Бұл туралы ол кітабында да жазады. Соғысқа қатысқан майдангер жазушы кейін КСРО Жазушылар,Журналистер  одағының мүшесі болды. Соғыс кезінде «Суворовец»  газетінің тілшісі болды. Сол кезде қазақтың көптегенжауынгерімен бірге жүріп, бірге тұрды. Олардың ерліктерін көрді, солар туралы жазды. Ол «Соғыста қазақ жауынгерлері жанкешті әрекеттерге баратын, Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты ерліктер жасап еді», — деп үнемі айтып отыратын. Солардың көпшілігінің ерлігін қағаз бетіне түсірді де. «Ал соғыстан оралмаған жауынгерлер «мен туралы жазшы» деп тұрғандай болады» дегенді жиі айтушы еді.

Ол Әлиямен барлауға шыққан кездерін жиі айтып отыратын. Тілші ретінде майдангерлердің арасында жүрген. «Әлия әні» кітабындағы тілші — Жекеннің өзі болатын. «Әлиямен бірге барлауға шықтық. Еңбектеп жау тылына бара жатырмыз.Траншеялардан, қазылған окоптардың барлығынан қоянша ырғып, тез орнын ауыстырып, алға қарай кетіп қалады, мен де  еңбектеп, секіремін, бірақ Әлияға ілесе алмайтынмын», — дейді. Сол кездегі оқиғаларды жиі еске түсіретін. Кейін осы  айтқандары кітапқа да енді.

Жекен Жұмаханов — жазушы, ауызша әңгіменің шебері болған адам. Академик Тұрсынбек Кәкішев: «Қазақ жазушылары арасында ауызша әңгіменің шебері екі-ақ адам, бірі — Әзілхан Нұршайықов, енді бірі — Жекен Жұмаханов», —деген.  Бұл кісінің әңгімелерін қарапайым адамдардан бөлек, жазушылардың өздері іздеп жүріп тыңдайтын. Жазушы Марат Мәжитов Жекең екеуі бір кабинетте отырып жұмыс істеді. Сол кісі  Жекеңнің 26 әңгімесін ауызша біледі екен. Соны қазір халық арасында насихаттап, айтып жүр.

Кеңестік заманда Жекеңнің мерейтойлары дүркіреп аталып өтіп еді, қазір аты ұмытыла бастады. Төртінші сынып оқулығында оның Әлия туралы еңбегі басылған. Жас ұрпақ жазушының есімін сол әңгімесі арқылы ғана білгенмен, жоғары оқу орындарында оның аты мүлдем аталмайды. Жекеңнің есімін ұлықтап, мұрасын сұратып, осындай іс-шаралар өткізуді қолға алып жатқан музей ұжымына айтар алғысым шексіз.

Жекен Жұмахановтың көзі тірісінде 15 шақты кітабы жарық көрді. Ал оның том-том болатындай қолжазбалары Алматы архивінде сақталып тұр. Сол қолжазбаларды кітап етіп шығару — біздің міндетіміз. Баламыз Ержан әкесінің қолжазбаларын біртіндеп кітап етіп шығарып, осы жолда жұмыс жасап жатыр. Біраз кітабы қалың оқырманға жол тартты», — деді Клара Біләлқызы.

P.S. Жекен Жұмахановтың туыстарының өтініші бойынша былтыр Семей, Алматы өңірлерінің ономастика бөліміне жазушының атына көше беру туралы хат та әзірлеген едім. Әзірге олардан сүйінші хабар келмеді…

Толқын ЖАҢАБЕРГЕНОВА,

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың

облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button