БАТЫРЛАР ЕРЛІГІ — ЖАС БУЫНҒА ӨНЕГЕ

Ақтөбе облыстық архивінің қоры — өткен заманнан бүгінге дейінгі сан қилы кезеңдердегі еліміздің шаруашылығын, экономикасын, тыныс-тіршілігін кеңінен айқындайтын, тарихи, мәдени құнды мәліметтер және жеке тұлғалардың өмірін мәңгілікке тарихта қалдыратын мұраның көзі. Архив қоры мекеме ұйымдардың құжаттарын қабылдаумен бірге, қаламызда өмір сүрген белгілі тұлғалардың да жеке тектік құжаттарымен толықтырылған. Жеке тектік құжаттарды жеке тұлғалардың өмірі және қызметі барысында қалыптасып, мемлекеттік сақтауға түскен жеке тектік қорлар, мұрағаттық коллекциялар және дербес жиынтықтар құрайды. Жеке қор бір адамның айшықты ғұмыры және қызметі барысында құралған құжаттардан тұрады. Мұндай қорлар қорды құрушының өмір сүрген уақытын сезінуге және оны тереңірек түсінуге дәнекерлік ететін бірден-бір тарихи мәлімет көзі болып табылады.
Осындай қордың бірі — Кеңес Одағының Батырлары Малкеджар Бөкенбаев пен Валерий Синельниковтерге қатысты құжаттар. Батырлар туралы сыр шертер құжаттардың қатарында олардың өмірбаяндары, майданнан өз қолдарымен жазылған хаттары, төсбелгілерінің қағаздары, яғни соғыстағы ерлігі толық баяндалған құжаттары сақталған. 1946 жылғы соғыс аяқталғаннан кейінгі Валерий Синельниковке қатысты Алматы ішкі істер басқармасы мен Ақтөбе облыстық архив бөлімінің бастығы Радомскийдің арасындағы қызметтік хаттар сақталған. Қызметтік хаттар мазмұнынан соғыстан кейін Одесса қаласына қоныс аударған Кеңес Одағының Батыры В.Я.Синельников туралы мәліметтер жинақтауда Ақтөбе облысының архив бөлімі тың істерді атқарғанын байқауға болады.
1924 жылы дүниеге келген батырлардың өмірінде тағдырларының ортақ тұстары көп екен. Ел басына күн туған сын сағатта олар Ақтөбе қаласы әскери комиссариатынан 1942 жылы шақырылған. Екеуі де пулеметшілер ротасында әскери борыштарын өтеп, ерлік істерімен ұрпаққа өнеге болар сабақ қалдырыпты.
Малкеджар Бөкенбаев 1924 жылы қаңтар айында Істемес ауылында дүниеге келген, кейін бұл ауыл Жұрын ауданындағы Социалистік жол колхозы деп аталған. Мектепті бітірген соң 1939 жылдың маусым айында Малкеджар есепші болып жұмысқа орналасады. Сол жылы қазан айында Ленин комсомолы қатарына қабылданады.
Ол 1942 жылы 17 тамызда Қызыл армия қатарына шақырылады. Батырдың майдандағы алғашқы ұрысы Белгород қаласы үшін кескілескен шайқасқа қатысуы болды, мұнда ол табандылық көрсетті. Келесі тапсырма нағыз ерлікпен ерекшеленді — Малкеджар шайқаста неміс пулеметшісін өлтіріп, екіншісін берілуге мәжбүр етті. Ерлігі және Полтава маңында жеті «тілді» басып алғаны үшін жауынгер Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. 1944 жылы кіші лейтенант курсын бітіріп, офицер атағын алды.
Сол жылдың 20 шілдесінде Люблин-Брест шабуыл операциясы кезінде өз взводымен Батыс Буг өзенінен бірінші болып өтті. Польшаның Челм қаласынан шығысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан Дорохуск деревнясы ауданында тиімді позицияны алу қажет болды. Позиция қамтамасыз етіліп, жаудың қарсы шабуылдары батыл тойтарылды.
Соғыс аяқталған соң 1945 жылы Малкеджар Бөкенбаев Мәскеуге шақырылып, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ерлігі мен қаһармандығы үшін Ленин орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.
Кеңес Одағының Батыры Валерий Синельников 1941 жылы тамызда Ақтөбе қалалық әскери комисариаты арқылы Қызыл армия қатарына шақырылды. 1942 жылы Краснохолмск әскери жаяу әскер училищесіне жіберіледі 1943 жылдың ақпанынан 1944 жылдың мамырына дейін Сталинград, Воронеж, 1-Украина майдандарында соғысып, Воронеж-Касторненск шабуыл операциясына қатысқан, Сталинград және Курск шайқастарында, Украинаны, Молдованы азат етеді, Днепр, Буг, Днестр, Прут өзендері бойындағы шайқастарда ерлік көрсетеді.
1945 жылы қарашада Рязань артиллериялық училищесін бітіріп, кеңес армиясы қатарында қызметін жалғастырады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Синильниковке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.
Валерий Синельников соғыстан кейін де әскери қызметін жалғастырды. Қаһарман қалалардың бірі Одессада тұрып, 1980 жылы өмірден өтті.
Ал Кеңес Одағының Батыры Малкеджар Бөкенбаев 2002 жылы 13 маусымда қайтыс болды. Бүгінде Ақтөбеде оның есімімен заң институты, мектеп-интернат, көшелер аталады.
Дүниежүзіндегі ең жойқын және Кеңестер Одағы үшін ең әділетті соғыста Отаны үшін от кешкен қос батырдың ерлік істері — ұрпаққа өнеге.
Әлібек РАМАЗАНОВ,
облыстық архивтің қор сақтау бөлімінің маманы.



