«Ақтөбе» — 100!

Жас журналистерге ұстаз да болды

Алғашқы саны 1924 жылы жарыққа шыққан «Кедей» газетінің аяғынан тік тұрып, еңсе тіктеуіне Жиенғали Тілепбергенов, Жанұзақ Жәнібеков сынды көрнекті тұлғалардың еңбегі сіңгенін тағы бір атап өткіміз келеді. Жәнібек Жанұзақов ұлт баспасөзінің бастауындағы «Қазақ» газетінде (1913-1918 жж.) Алаш арыстарымен бірге еңбек етсе, Жиенғали Тілепбергенов Уфада қазақ жастары шығарып тұрған мәдени-ағартушылық бағыттағы «Садақ» қолжазба журналының (1915-1918 жж.) Бейімбет Майлиннен кейінгі редакторы болды. Жанұзақ Жәнібеков «Кедейге» дейін Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде қызмет атқарды, ал Жиенғали Тілепбергенов те кейіннен «Бостандық туы» газетінде, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде және Темір аудандық «Социалды майдан» газетінде басшылық қызметтерде істеді. Екеуі де сол тұста бар қажыр-қайратын жаңадан пайда болған қазақ тілді өңірлік баспасөзді өрге сүйреуге, ұлы көшке ілестіруге жұмсаған қайраткерлер.

Филология ғылымдарының кандидаты, жиенғалитанушы ғалым Ғайша Ниязованың бүгінгі мақаласы Жиенғали Тілепбергеновтің «Кедей» газетіндегі шығармашылығына арналып отыр. 

1925 жылдың  қазан айында Ақтөбеде шығатын губерниялық «Кедей» газетіне жазушы-сатирик, драмашы Жиенғали Тілепбергенов редактордың орынбасары болып келді.

Ол 1918-1925 жылдар аралығында Темір уезінде оқу-ағарту саласында еңбек етіп, мектеп мұғалімінен уездік оқу бөлімінің меңгерушісіне дейін мінсіз қызмет атқарады. Кезекті демалысы аяқталғаннан кейін Ақтөбеде шығатын «Кедей» газетіне қызметке шақырылып, кейінірек газеттің редакторы болып тағайындалды. Филология ғылымдарының докторы, ғалым-ұстаз Темірбек Қожекеев 1974 жылы жазған «Кедейдің» кемелдену кезеңі» атты мақаласында: «Губерниялық партия және атқару комитеттері 1924 жылы 17 марттағы біріккен мәжілісінде қазақ газетін «Кедей» деген атпен шығаруды ұйғарды. Мұнысы газет кедейдің тілі, кедейдің жоқшысы, оның мұңшысы болсын, кедейдей өткір, кедейдей үстем болсын дегендік еді», — деп көрсетеді. Газеттің шығу тарихына тоқтала келіп, ғалым  басылымның сапасын арттырып, тиражын көбейту, нақты айтқанда 1500-ге жеткізу көзделгені, «Кедейді» күшейту мақсатында газет бөлімдері жаңғырып, қайта құрылғаны туралы жазады. «Редакцияға жаңа кадрлар тартылады. Редактор болып Жиенғали Тілепбергенов келді» — деп,  Тілепбергенұлының келуімен газеттің тиражы артып, бұқара арасына  мол таралғанын айтады.

1937 жылы 21 қарашада Ақтөбе облысы қалалық партия комитетінің «Социалдық жол» газеті басқармасы берген анықтамада «Ж.Тілепбергенұлы Ақтөбе өкріктік «Кедей» газетінде 1926-1929 жылдарда жауапты редактор болып қызмет істеді» делінген. Алайда бұл анықтамада Жиенғалидың «Кедей» газетінде  қызмет істеген жылдары жаңсақ көрсетілген. Себебі «Кедей» газетінің 1925 жылғы 64- санынан бастап Жиенғали «уақытша редактор» деп көрсетілген және 1926 жылдың 31 тамыз күнгі 101-санында Ж.Тілепбергенұлының есімі соңғы рет кездеседі.

«Кедей» газеті — Жиенғали Тілепбергенұлының журналистік жолындағы үлкен белес, Кенжеғали Абдуллин, Құдайберген Жұбанов, Абдолла Құлыбеков және басқа да танымал қаламгерлердің шығармашылық ордасы, қаламдарына қуат берген басылым, кәсіби тәрбие мектебі. Құжатханалар қойнауында жатып, сарғайып, көнере бастаған «Кедей» газетінің тігінділерін парақтағанда, Жиенғалидың келуіне байланысты газет бетінде оқшау сөз жанры қолға алынып, «Оқшауша» деген айдар пайда болғанын көреміз.Жиенғалидың тікелей араласуымен ұлттық баспасөзде кең орын алған жанр жанданып, оның «Патент», «Бексіл» (Вексель), «Қойшығұлдың қуанышы», т.б. сатиралық туындылары жарық көріп жатты. Жиенғалидың қазір «әңгіме» аталып жүрген «Қойшығұл қуанышы» шығармасы газетке «оқшауша» айдарымен шыққан. Жиенғали енгізген жаңа айдар газетте жарияланған көптеген авторлық туындыларда жақсы жалғасын тапты, атап айтсақ, Р.Оразғазыұлының «Жайлыбай», Ж.Жолайұлының «Мөртабан» атты оқшау сөзі, т.б.

Филология ғылымдарының докторы С.Байменше өзінің «Сәт сағат» атты еңбегінде: «Сол тұстағы баспасөзде «оқшауша», «оқшау сөз», «оқшау», «оқшаулау», «шашауша» және т.б. деп айдар қойылған жарияланымдарының тарихи мәні әлі толық ашылмаған. Баспасөз тарихындағы оқшау сөзінің өзіндік мәні — әдебиет пен публицистика жанрларын, қаламгерлік шеберлікті, сөз өнерін жұртшылықпен байланысын жетілдіруінде. Оқшау сөзді ұлттық баспасөзімізге ғана тән дербес жанр деп танимыз. Ең алдымен, бүгінгі фельетондарымыз, қала берді очерктеріміз бен репортаждарымыз, сатираның поэзиялық және прозалық жанрларының біразы осы оқшаулардың аясында шыққан. Қазақ журналистикасындағы оқшау сөздің жанрлық биігінен көтерілуіне Бейімбет Майлин, Ілия Жансүгіров, Міржақып Дулатов, Аманғали Сегізбаев, Жиенғали Тілепбергенұлы, Ахмет Елшібеков, Қадыр Тайшықов сынды сатириктер елеулі үлес қосқан. Соған сәйкес Жиенғали Тілепбергенұлының «Кедей» газетіндегі «оқшау сөз» айдарының, кейін фельетонға ұласқан жаңа жанрдың тууына тікелей атсалысқан қаламгер екенін білеміз», — дейді.

«Кедей» газетінде жарияланған Жиенғали шығармаларының бір ерекшелігі олардың танымдық сипатында болды. Қаламгер өз шығармалары арқылы оқырманның түсінуіне оңай соқпайтын саяси және экономикалық терминдерді ұғындыруға тырысты. Мысалы, «Жарлы мен байдың арасын айыруға болады» деген мақаласында сол кездегі тап күресінің мән-мағынасын кеңінен ашады, өмірде қалыптаса бастаған кейбір жаңа ұғымдар мен түсініктер жөнінде баяндайды. Қазірдің өзінде «патент», «вексель» деген терминдердің мағынасын екінің бірі егжей-тегжейлі ашып бере алмайды. «Патент» сөзі латын тілінен аударылғанда «ашық, анық» деген мағынаны білдіргенімен, нақты өмірде төрт түрлі мәнде қолданылған. Бұл туралы С.Байменше: «Патент — біріншіден, жаңалық ашқан адамға берілетін куәлік, екіншіден, ол — саудамен немесе кәсіпшілікпен айналысуға құқық беретін құжат; үшіншіден, дипломатиялық істердегі патент — консулдың өз үкіметінен өкілеттік алатын құжаты; төртіншіден, шетелге шығатын кемелердің санитарлық жағдайын білдіретін анықтама, яғни саудамен немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін жағы. Жиенғалидың «Патент»  («Кедей», 1926, 24 мамыр) атты оқшау сөзі, міне, осыған назар аударып, бұл сөздің танымдық мәні мен өмірдегі қолданысына арналған», — деген анықтама ұсынады.

Оқшауға көз жүгіртейік: «Құрман екі-үш жылдан бері шаруашылығы төмендеп, ел ішінде күнелтуі қиындап, қалаға келіп біреудің бақшасын егіп, біреудің шарбағын тазалап, ол-пұл жұмыспен күнелтіп отыратын. Жылдағы әдетінше, қырдағы көшпелі ағайындары Қойбағар, Тайбағарлар жиырма шақты пұттай түйе жүні- жабағысы бар жәрмеңкеге келе қалды. Қалаға жақындағаннан алдарынан шабуылдап, екі-үш агент-маклерлер жетіп келді.

— Жүндеріңізді сатасыздар ма?

— Сатамыз, сатайық деп келеміз ғой.

— Қаншадан сатасыздар?

— Қаншадан аласыз?

— Бөтен сөзді қой, біз алдаушы маклер емеспіз, біз қазынаның

адамдарымыз, өздеріміз бір тиын да пайда қылмаймыз, тек біздің айтқан жерімізге апарып төксеңіз болады, қазына қақымен алады, — деп келіп, маклерлер жылмаңдатты. Қалашылардың ішіндегі сақтау, базар көргені Қойбағар:​​

— Алатын хақыларыңды айтшы? — деді.

— Қой жүнінің пұты —үш жарым сом, түйе жүнінің пұты — он екі жарым сом, бұдан артық еш жерде хақ жоқ.

Сөйтіп тұрғанда ағайындарының келе жатқанын естіген Құрман келіп қалды.  Аман-сау сұрасты, көрісті. Әлгі сөздерді есітті.

—Қой, бұларды қайтесің, бұлар маклерлер, өзім сататын жерді табам, айда, жүр, — деп ертіп кетті. Маклерлер күліп қала берді.Құрман қалашыларды ертіп, кооперация дүкеніне апарып, қой жабағысына бес сом бірнеше тиыннан, түйе жүнін он төрт сом бірнеше тиыннан кесіліп, төктіртіп жатты. Қалашылар мынаны көріп манағылардың алдап кете жаздағанын, Құрман келіп құдай сақтағанын айтысып, мәз болып тұрды.

Бір  уақытта баяғы маклерлердің біреуінің қасына еріп агент жетіп келді.

—Құрман, айда!

—Қайда?!

—Комитетке.

Әлдене болыпқалды депс асқалақтанып, Құрман комитетке келді. Комитеттің өзі білетін бір қазақ жігіті бар екен, бірақ Құрманды бұрыннан онша тәуір көрмейтін.

—Патентің бар ма?

—Жоқ, оны мен қайтейін!

—Ендеше, неге маклерболасың?

—Қой, қой мен маклер емеспін. Қырданағайындарымкелгенсоңсолардыдүкенгеертіпбардым, бұрынқалакөрмегенадамдарболғансоң, —депҚұрманөзеуреді. Оған комитет бола қоймады. АяғындаҚұрманғажиырма бес сом штраф, үшкүнабақтысалынды.

ДұрыссөзінтыңдатаалмайҚұрманабақтығакетті.Жәрмеңкедегі көп ішінде кімдер жоқ. Саққұлақ біреу газетке жазып, комитеттің  дұрыс тексермей, шаруаға  зәбір ететінін жұртқа жайды».

Жазушы оқшау сөзінде ХХ ғасырдың басында ел ішіне келіп жатқан жаңалықтардан бейхабар, сауда-саттықтағы өрескел бұрмалаушылықтың мәнін  түсіне бермей, момындардың қуларға жем болуы жайының ел ішінде етек алуын көркем оқшауша арқылы баспасөзде жариялап, халыққа сақ болу керек дегенді жеткізуді мақсат тұтқан. Аталмыш «оқшауша» көркем шығарма талаптарын толық қамтып тұрған жоқ, бірақ соған қарамастан, алға қойған мақсаты айқын — «патент»  деген сөздің мәнін ел адамдарына ұғындыру,түсіндіру. Құрманның басынан өткен оқиға арқылы газет оқырманына мәселенің  дұрыс-бұрысын аңғарту. Ал бұл аталған кезең үшін өте-мөте қажет нәрсе болатын.

«Бексіл» («Вексель») атты оқшауына келсек, қазаққа бейтаныс сөзді тақырып етіп ала отырып, Жиенғали ел ішіндегі тағы бір дүрбелеңді сықақ етіп, мән-жайын мысалмен түсіндіреді. «Вексель»— бір нәрсені ауыстыру, алмастыру, айырбастау деген мағынаны білдіретін неміс сөзі. Орыс, қазақ тілдерінде көбіне қаржылық қызмет саласында қолданылып, жазбаша түрде берілетін қарыздық міндеттеме дегенді аңғартады», — дейді ғалым С.Бәйменше.Жиенғали «вексельді» осы мәнде алып, оқырманның, танымдық дәрежесін арттыру үшін «Бексіл» («Кедей»,1926 жыл,13 қыркүйек) атты оқшаушасын жазған.

Жиенғалиға сөз берсек: «Жоламан мен Құлманды, — деп бастайды жазушы, —қайдакөрсең, арақшының үйінде 5-6 бөтелкенің мойнын қылтитып, өздері де сонымен бірге қылтиып, қызара-бөртіп отырғаннын көресің». Сұраған адамға екеуінің жауабы қашанда:«Дүкеніміздің сүрегі жеткен бексілі бар еді, соған келіп едік, соған ақша таба алмай сасып жүрміз…» — болып шығады.

«Жолды бұрқыратып, — дейді одан әрі  жазушы, — пар ат жеккен лаушы Құлман мен Жоламанды алып келеді.

— Қайдан келесіңдер?

— Қаладан келеміз, бір бексіліміз сүрегі бітіп, оған ақша таба алмай, піратеске кететін болып, сасып келеміз…

…Қарабек жұрттан 2-3 сажындай барып, демін бір-ақ алды.

Бір атты кісі келіп жолықты.

— Қайдан келесің?

— Қаладан келемін, каператсиядан шай-су алайын деп барып едім, дүкенде дым жоқ, қайтып келем.

— Құлман мен Жоламан арғы үлкен қалаға кетті деп еді, тауар әкелемін деп?

— Келген екен, бексіліміз бар деп сасып тағы кетіпті.

— Қайда көрсең бексіл деп жоқ болады, «бексіл» деген дүкен басындағы адамдардың науқасының аты ма? — деп, Қарабек орақшыларды ду күлдірді…»

«Бексіл» оқшаушасы: «Құлманның үйі базарға топтап мал айдады.

— Бұны базарға неге айдағаны?

— Құлманның бексілі мойнына түсіп, соған керек көрінеді.

— Қайда көрсең «бексіл,бексіл» деп жер дүниеге тұрмайтын еді, өзімен кетсе болар» —деген жолдармен аяқталады. Жазушының бір ерекшелігі — болған істі бажайлап баяндап отырмай, диалогтар арқылы ықшам да ыңғайлы етіп, езу тартқызар әдемі юмормен, шағын туындыда мол мағлұмат береді. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейсің. Жиенғалидың «Кедей» газетіне жарияланған көрнекті еңбектерінің бірі — «Қойшығұлдың қуанышы» атты шығармасы(«Кедей», 1925 жыл, 4 қазан).Жиенғали Тілепбергенұлы бұл туындысына өзіне жете таныс ауыл мектебі мұғалімінің мәдени-ағарту жұмыстары жайын сөз етеді. Мұғалім Біржанұлы шәкірттері мен Қойшығұл үйіне жиналған ауыл адамдарына Қазақстанның мемлекеттік дербестігі жөнінде әңгімелеп, бұл күнді бүкіл республика атап өтетіні туралы айтып береді. Оқушылар соған орай ауыл тұрғындарына ойын-сауық көрсетуді ұйғарады. Мұғалім жиналған адамдарға: «…Қазақстанның бес жылдық тойы, ертең жоқ, бүрсікүні — жаңаша ақырабтың төрті күні, біздің қазақ елінің еркін республика болып, автономия туған күні. Соған, міне, бес жыл толады. Сол күн қазақ кедейінің бақытты күні, теңдік алған күні, оның ішінде биыл Қазақстан үкіметі қазақ елінің астанасы Қызылордаға көшіп барып, ордасын тігіп, туын көтеріп, әрі бес жыл толғанына сол Қызылордада той болайын деп жатыр. Сол күні біз де — қазақ кедейі, шаруасы болып, той жасауымыз керек. Бұл той әсіресе сендердің тойларың»,  — дейді.Ертең қуанышты күн деген сезім осылайша үлкенді де, кішіні де баурап алады.

Бұл әңгімеде Жиенғали жеке бір образды сомдап, көркем сөзбен сурет салуға да ұмтылған, адамдар бойындағы таза мінез, ақ ниет, ізгі тілекті қарапайым тілмен шынайы баяндап шыққан.Жиенғали тікелей журналистикамен айналыса жүріп, Құдайберген Жұбановпен бірге жас ұрпақ тәрбиесіне де баса көңіл бөлді. Ақтөбе педагогикалық техникумында олардан дәріс алған әрі журналистиканың әліппесін үйренген талантты жастардың бір тобы — Ғұмар Аққұлов, Мұса Дінішев, Смағұл Мұқашев, Ерекеш Бірманов, Кәрім Ержанов, Ғабдыр Садықов, Сабыр Ілиясов, Ғұбайдолла Юсупов, т.б.кейіннен республикаға танымал журналистер болып шықты.

Солардың бірі — байырғы журналист Кәрім Ержанов өз естелігінде Құдайберген Жұбановты, «Кедей» газетінің редакторы Кенжеғали Абдуллинді, Жиенғали Тілепбергенұлын «Жарыққа жетелегендер» деп, құрметпен атаған.

Ақтөбеге келісімен Ж.Тілепбергенұлы газет қызметімен шектеліп қалмай, қоғам өміріне де, әдебиет қызметіне де ерекше ынтамен араласады. Сонымен қатар педагогикалық техникум, партия-кеңес мектебінде мұғалімдік қызметті қоса атқарып, ойын-сауық кештеріне қатысады, қаланың мәдени өміріне араласады. Сол жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде Қ.Жұбановтың: «Январьдың 14-інде «Еңлік-Кебек» ойыны өтті. Ойынға келген жұрт театр үйіне сыймай, көбіне билет жетпей қалды. Басты рөлдердің бәрі де бұрын ойнап ысылған жігіттерге жүктеліп еді. Әсіресе, Тілепбергенұлы Жиенғали…өте келістіріп жіберді. Үстіп, біз де ұлт театрына қарай маңдайлап келеміз» —деп жазғанын көреміз. Қ.Жұбановтың халық арасында кең тараған «Сегіз бен Мақпал» атты дастан бойынша Ж.Тілепбергенұлымен бірлесе жазған өлең-пьесасы Ақтөбедегі кеңес-партия мектебі, педтехникум оқушыларының күшімен қала жұртшылығына көрсетілгені белгілі.

Бүгінгі «Ақтөбе» газеті, өткен ғасыр басындағы «Кедей» газеті жылнамасында  жерлесіміз, журналист-жазушы Жиенғали Тілепбергенұлының алар тарихи орны биік, тағылымы терең дегіміз келеді.

Ғайша НИЯЗОВА,

жиенғалитанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button