Білім

«Заңсыз ақша жинауға жол жоқ!»

Аманғали Құдайбергенов:

«Бұдан былай білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жиналмайды». Бұл – облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергеновтің сөзі. Басқарма бастығын соңғы кездері, әсіресе, мектептер мен балабақшаларда ата-аналардан ақша жинаудың көбейіп кеткендігі алаңдатып отыр. Осы проблеманы шешу мақсатында облыстық білім басқармасы жақында ғана, нақтырақ айтқанда, сәуірдің 23-і күні «Білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жинауға тыйым салу туралы» бұйрық шығарды. Сонымен қатар мәселені шешуде бірқатар жұмыстар қолға алынған. Осы және қаржы жинауға қатысты мәселелердің алдын алуда қандай істер жасалып жатқандығы жөнінде білмек ниетпен Аманғали Құдайбергеновпен тілдескен едік. Сонымен…

–  Менің бұл жұмысқа тағайындалғаныма көп уақыт өте қойған жоқ, желтоқсан айынан бастап қызмет істеп жатырмын. Содан бері сенім телефондары арқылы білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектепте  ақша жинау көбейіп кеткендігі туралы біраз деректерді білдім. Іле-шала бұл проблеманы шешудің жолын қарастырдым. «Білім беру ұйымдары алымшылықтан тыс» деп аталатын акция ұйымдастырдық. Шара облыстың барлық білім беру мекемелерінде қаңтардың 28-інен бастап ақпанның 28-іне дейін өтті. Сонымен қатар бір апта «Қазақстан-Ақтөбе»,  10 күн бойы қалалық «Рика» телеарналарынан роликтер берілді. Жұмысты осыдан бастадық. Одан кейін мектеп директорларын жинап, қыркүйек айынан бастап оқушылардан жиналған ақшалардың жалпы көлемін және қаржының қандай мақсаттарға жұмсалғандығы жөнінде мәліметтерді алдым (Айта кететін жайт, мұндай тексеру әдісі бірінші рет өткізіліп отыр). Қазір бұл жұмыс сараптамадан өтіп жатыр. Қолда бар деректерден байқағаным, ата-аналар комитеті ақшаны түрлі мақсатта жинаған. Мысалы, жиһаз, құрылыс материалдарын алу үшін, ағымдағы жөндеу жұмыстарына, мәдени шаралар өткізуге, фото суретке түсуге. Кейбір мектептер фото суретке  түсудің  өзіне (9, 11-сынып оқушылары) 180 мың, 200 мың теңгеден жинаған. Бұл мәселені шешудің тиімді жолын қарастырамыз.  Тағы бір дерек: бір мектеп оқушылары тест кітапшалары үшін 65 мың теңге жинаса, енді бір білім шаңырағында осы мақсатта 182 мың теңге жұмсалған. Мұндай деректерді көптеп келтіруге болады. Сараптама барысында бұл қаржылардың қаншалықты заңды екендігін анықтаймыз.

Ауылдық мектептер ақша жинаудан таза деуге болады. Тек аудан орталықтарындағы бірлі-жарым мектепте ақша жинау дерегі кездеседі.

Бір қызығы, кәсіптік лицейлерде ешбір оқушыдан ақша жиналмайды, – дейді

А. Құдайбергенов.

Жақында білім басқармасы «Білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жинауға тыйым салу туралы» №263 бұйрық шығарыпты. Онда Ақтөбе қаласы, аудандық білім бөлімдерінің басшыларына және облыстық білім мекемелерінің директорларына заңмен бекітілген тізбеден артық заңсыз қаражат жинау  фактілерінің алдын алу жұмыстарын күшейту туралы жазылған. Бұйрықтың қосымшасында сынып бөлмелерін ағымдағы жөндеуден өткізу, сыныптың (мектептің) қорын құру – бұл «Білім туралы» Заңның 64-бабын бұзу екендігі жазылған. Және мұны педагогикалық ұжым және ата-аналар қоғамы арасында кеңінен түсіндіру керектігі міндеттелген. Сонымен қатар қосымшада демеушілік және қайырымдылық түріндегі көмектер, еріктілік жарна барлық оқушылар мен ата-аналарға міндетті және тұрақты еместігі жазылған. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің педагогикалық және лауазымды қызметкерлеріне демеушілік және қайырымдылық түріндегі көмектерді бөлу және жұмсау кезінде араласуына (қатысуына) тыйым салынған.

Ата-аналар қоғамы алдында демеушілік көмектен түскен қаражаттардың мақсатты жұмсалуы туралы айқын және қатаң есеп беру тәртібі болуы керек. Жалпы, «Білім туралы» Заңда демеушілік көмекке тыйым салынбаған. Яғни ата-ана өзінің ынта-ықыласымен мектепке немесе балабақшаға демеушілік көрсетіп, ақша аударғысы келсе, оған ешқандай қарсылық жоқ. Мұндай қайырымды азаматтар кездеседі. Мысалы, жақында бір кәсіпкер мектеп маңындағы өсімдіктерді, ағаштарды суару үшін мотор мен сорғы алуға 350 мың теңгеден аса қаржы аударатындығын айтты. Айта кететін жайт, әлгі мектепте кәсіпкердің балалары оқымайды. Ол кісі мектепке жаны ашыған соң мектеп директорына хабарласқан, – дейді А. Алхатұлы.

Ата-аналар қоғамының ұйғарымымен ақша жиналса, онда сыныптағы аз қамтылған отбасы оқушыларына көрсетілген тиісті қаржыны толық төлеуге міндеттемеген дұрыс. Бұл ретте аталған қоғамның төрайымы, мүшелері оқушыға, оның ата-анасына жанына ауыр тимейтіндей етіп майда тілмен сөйлесіп, бр шешімге келгені жөн.

Облыстық білім басқармасының бастығы республикалық және жергілікті бюджеттерден жылуға, жөндеу жұмыстарына жыл сайын көптеген қаржы аударылып жатқандығын айтады.  Оның айтуынша, мұғалімдердің жалақысы да уақытында беріліп жатыр. 2009-2010 жылдары күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін  республикалық және жергілікті бюджеттерден 2 млрд. 400 мың теңге аударылады екен. Бұл қаржыға облыстағы  145 білім беру мекемесінде күрделі жұмыс жүргізіледі.

90-жылдары мемлекеттен бөлінген қаражат тіпті электр қуаты мен жылуға төлеуге жетпей қалды. Ол кездері ата-аналардан аз мөлшерде ақша жинауға рұқсат етілді. Арнайы ереже жазылды. Жетім балаларды тамақтандыруға қаржы жетпеді. Мұғалімдер үйлеріне алып кетіп, тамақ беретін… Дегенмен ол заман өтті. Қазіргі жағдайымызды ол кезеңмен салыстыруға да келмейді. Себебі айырмашылық жер мен көктей. Тіпті, кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде бір жылда 4 мектеп салынса, үлкен жетістіккке баланатын. Біз қазірдің өзінде бір жылда жергілікті бюджеттің есебінен 14 мектеп салуды жоспарлап отырмыз, – дейді Аманғали Құдайбергенов.

Ол егер ата-аналардан заңсыз ақша жинау дерегін білген адамдар болса, сенім телефонына (56-00-70)  хабарласуларына болатындығын айтады. Ескертетін жайт, шағымданушының аты-жөні туралы нақты дерек болмаса, іс тексерілмейді.

Себебі иесі жоқ арыздарды текеруге тексеруге құқымыз жоқ.

Жақында Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бір қызметкері пара алды деп айыпталды. Бұл – жемқорлықпен күресудің, тазартудың басы. Менің мақсатым –  облыстағы білім беру мекемелерін ақшаға қатысты былықтан арылту.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. сәлеметсіздер ме! мен Павлодар обл, Екібастұз қаласында тұрамын, көп балалы анамын қызым Екібастұз қаласында Абай Құнанбаев атындағы №2 мектепте 3 сыныпта оқиды. Ендігі айтарым осы мектептегі бітпей калған ақша жинау әбден шаршатты. Жыл сайын оқу аяқталғанда ремонтқа ақша жинаймыз, ай сайын сынып қорына оқушы басына 100 тенгеден, енді осы жылы мектеп қоры деген шығыпты, ол тағы не? Отбасымызда жолдасым ғана жумыс істейді, өзіміз пәтер жалдап тұрамыз, ақша жағынан қысыламыз, Өтініп сұраймын бұл мәселені шешіп беріңіздерші! Мектепке қаражат бөлінетінін білеміз, бірақ бұл қаражат қайда кетіп жатыр сонда?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button