Білім

Шәкірттер осылай шыңдалады

Тәуелсіздікпен құрдас білім ордасы

Қай кезде де жаңадан жол бастаудың жауапкершілігі жоғары болатыны белгілі. Тәуелсіздіктің туы тігілген шақта Ақтөбе қаласында ашылған қазақ тілді алғашқы мектеп-гимназия — біздің білім ордамыз еді.

Сол кезде облысымызға кезекті жұмыс сапарымен келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әуежайдан кейін бірден №32 мектеп-гимназияға келіп, аралап көріп, ақ жол тілегенін ұстаздар мен сол кездегі оқушылар да, 11-шағын ауданның бұрынғы тұрғындары да ұмыта қойған жоқ.

Міне, сол шақтан бастап ұжым шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде тек жоғары талап деңгейінен ғана көрінуді мақсат тұтты. Солай болып та келеді. Мысалы, гимназиямыз соңғы үш жылдан бері «Облыстың ең үздік инновациялық мектебі» номинациясын жеңіп алып, республиканың «Ең үздік 100 мектебінің» сапында келеді. ҰБТ қорытындысы бойынша соңғы жылдары тұрақты түрде үздік көрсеткіштерге жетіп, 4-сыныптарға жүргізілген мемлекетаралық бақылауда 98 баллмен 100 пайыз білім дәрежесін дәлелдеді.

Айта кетелік, гимназияда барлығы 88 мұғалім еңбек ететін болса, соның 30-ы бастауыш сыныптарға тәлім береді. Ал білім мен тәрбиенің берік негізі бастауышта қаланатыны мәлім. Біз ұстаздары зерделі тәлім беріп жүрген сол бастауыш сынып оқушыларының алғашқы табыстары туралы айтуды жөн көрдік.

Талантты шәкірттеріміз халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық түрлі жарыстарда ылғи жүлделі орындарға ие болып, гимназия мерейін үстем етіп келеді. Мысалы, өткен оқу жылында 4-сынып оқушылары Д.Ізтілеуов, Г.Ермашева, Д.Жаңажанова, А.Берденовтер «Кішкентай білгірлер» интеллектуалдық олимпиадасында қалалық деңгейде 1-орынға ие болып, ал облыстық сайыста 3-орынды қанжығаларына байлады. 1-сынып оқушылары Ә.Бисембаев, С.Игіліков, А.Жарылғасын «Зерде» деп аталған қалалық ғылыми-шығармашылық жоба қорғау сайысында жеңімпаз атанды. Оған қоса облыстық сол жарысқа жолдама алған Ә.Бисембаев пен С.Игіліков 2-орынға шықты. Қалалық «Үздік жоба» қорғау барысында 4-сынып оқушысы А.Битегенов 1-орын алды.

Қазір түрлі интеллектуалдық сайыстар жиі өткізіліп жүргені мәлім. Біздің шәкірттеріміз бұл ретте де табыстарға жетіп келеді. Халықаралық «Кенгуру-лингвист-2011» байқауынан бастауыш буын бойынша 14 оқушы 2,3 орындарға ие болса, «Кенгуру-математика» интеллектуалдық сайысынан қала мектептері арасында жалпы қорытынды есеп бойынша 2-орынға тұрақтадық. Ал республикалық «Алтын жабағы» интеллектуалдық сайысынан төрт бірдей оқушымыз 1,2,3 орындар алып оралды.

Осылайша білімдерін ойдағыдай шыңдап жүрген шәкірттеріміз ән-би сайыстарында да жарқырап көзге түсіп жүр. Мысалы, облыстық «Бейби» конкурсынан 2-сынып оқушысы А.Сабырова 1-орын алса, қалалық Оқушылар сарайында өткен спорттық би сайысында 3-сынып оқушысы А.Сұлтанова 3-орын, «Снежинка-2010» спорттық би байқауында 4-сынып оқушылары М.Берқалиева мен А.Спандиярова 1-орынға ие болды.

Гимназияның ән өнерін дамытуға ерекше еңбек сіңіріп жүрген ГүлжаҺан Досаеваның шәкірттері түрлі деңгейде ұйымдастырылатын байқауларда жүлдеден құр алақан қалған емес. Халықаралық «Классика-2010» ән байқауынан 4-сынып оқушылары А.Жәлімбет 3-орын, Ә.Киікбаев 2-орын алса, 4-сынып оқушысы Ғ.Құлымжанова қалалық «Жас толқын» ән байқауынан 3-орын және «Талант» конкурсынан 2-орынға ие болды.

Спортшы шәкірттеріміз де жеткілікті. Таэквондодан өткен қалалық жарыста 4-сынып оқушысы Е.Дәурен 1-орын, 4-сынып оқушысы Е.Испанов 2-орын, 3-сынып оқушысы Д.Смадияр 3-орын алса, қалалық каратэ сайысында 2-сынып оқушылары Ш.Шайдуллаев пен Б.Ахметкереев 2,3 орындарға қол жеткізді. Ал 4-сынып оқушысы Т.Зархомов қалалық суда жүзу жарысынан 2-орынға ие болды.

Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығы ұйымдастыратын жарыстарға да біздің оқушыларымыз тұрақты қатысып келеді. Қағаз бен картоннан модельдеу бойынша өткізілген «Цирк аренасында» жарысында 3-сынып оқушысы А.Қожин 2,3 орындар алды.

Оқушыларымыз басқа қалаларға барған сапарларынан да олжалы оралып жүр. 3-сынып оқушысы М.Сайлау Ақтау қаласында өткен ІІ «Біз — Күн перзентіміз» атты балалар және жасөспірімдер шығармашылығы фестиваліне қатысып, 2-орын алып қайтса, А.Төлепбергенова Алматы қаласында ұйымдастырылған «Ақ көгершін» шығармашылық фестивалінен 1-орын алды.

Біз шәкірттеріміз жетіп жүрген табыстардың бірқатарын ғана атап өттік. Ал ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері Марта Есіркепқызы басқарып отырған ұжымның әр ұстазы шәкірттерін шыңға жетелеуден еш жалыққан емес. Себебі біздің гимназия осы заманғы білім беру әдістерін терең меңгерген, ұстанымы жоғары, ең бастысы, Тәуелсіздікпен бір жылда өмірге келген білім ордасы екенін естен шығармаймыз.

 

Жанар МАТАЕВА,

№32 мектеп-гимназия директорының орынбасары.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button