ШАТТЫҚ ҰЯЛАҒАН ШАҢЫРАҚ
Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтының мәртебесін және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, некенің маңыздылығын мойындау, қазақ халқының отбасылық тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандыруды басты мақсат тұтатын іс-шаралар елімізде кең көлемде өткізіліп жатады. Соның бірі — Наурыз мейрамының жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күні жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға бағытталған. Ақтөбелік Тобылбаевтар әулеті — осындай үлгі тұтар отбасылардың бірі. Жарты ғасырдан астам жарасымды тірлік кешіп келе жатқан Теміржан Тобылбаев пен Нұрсұлу Тасқынбаевалардың өзін сөйлеткен едік…
Нұрсұлу әженің әңгімесі
Жақында бұл отбасын Амал мерекесімен құттықтап, арнайы шаңырақтарына барған облыс әкімі Асхат Шахаровқа Теміржан ата мен Нұрсұлу әженің алғысы ерекше. Отағасы сөзге сараңдау болғанымен, Нұрсұлу әженің әңгімесі бізді бірден елітіп әкетті.
— Туып-өскен жерім — Қостанай облысының Федоровка ауданы. Кезінде әке-шешем Ойыл өңіріне қоныс аударғанда, менің жасым небәрі 4-5-тер шамасында екен. Алдымда әпкем мен ағам бар. Қостанайда орысша білім алуды бастаған олар кейін Ойылдағы орыс мектебінде оқиды. Жасым жеткесін, ата-анам мені де орысша оқытқан. Мектепті тәмамдаған соң, Ойыл полиграфиясында 1965 жылдан 1967 жылдың жазына дейін қызмет еттім. «Ойыл» газетін шығардық. Ол кезде Сырым Бақтыгереев, Сәрсен Жұмағалиев, Жантай Тәукебаев, Құрал Тоқмырзин, Идош Асқаров, кейін мектепті бітірген бойы қызметке келген Аманқос Орынғалиевтердің жазған мақалаларын машинкада теремін. Теруші-линотипист болу үшін Ақтөбе қаласында үш айлық курстан өттім. Орыс мектебін бітірген маған қазақша мәтін теру бастапқыда өте қиын болды. Мен терген мәтіннің қатесін корректорлар қызыл сиямен өзгертіп, сызып қайтарып беретін. Сөйтіп, бір мәтінді 3-4 рет жазуыма тура келеді. Сол үшін жұмыста түнімен отырамын. Осындай мықты мамандардың ортасында өз-өзімді қайрап, қол боста қазақша кітаптар оқып, 2-3 айда мәтінді қатесіз теретін деңгейге жеттім. Бұл ұжымда екі жыл қызмет еткен соң Ақтөбе медициналық училищесіне оқуға баратынымды редакторымыз Нұрымжан Жұмағалиевке айтқаным сол еді, ол кісі орныма шәкірт қалдыруды талап етті. Ауылда бір қызды машинкада теруді үйретіп, орныма қалдырып, Ақтөбеден бір-ақ шықтым. Бала күнгі арманым — дәрігерлікті оқытатын оқу орнына қабылдандым. Жазғы каникулда ауданның бас дәрігері маған жұмыс тапсыратын. Яғни еңбек демалысына кеткендердің орнына балалар медбикесі ретінде перзентханада жұмыс жасаймын. Соңғы оқу тәжірибесінде мамандармен бірге 15 күн ауыл-ауылды аралап, елге шықтық. Осы сапарда өзімді медицина қызметкері ретінде сезініп, ауыл тұрғындарына қызмет еттім. Осылайша әрі жалақы алып, әрі тәжірибе жинақтап, оқуды үздік аяқтадым. 1970 жылы фельдшер атанып, елге келдім. Сол кездегі ауданның бас дәрігері Әбдіғали Аралов маған аудандық емханада қызмет етуге бұйрық шығарғанымен, мен фельдшерлік-акушерлік пунктке барғым келетінін айттым. Себебі екі апта елді аралап, қызмет еткен кезде ауыл-аймақтағы халықтың медицина қызметіне мұқтаж екеніне көзім жеткен еді. Сол үшін де еңбек жолымды ауылдан бастағым келді, — дейді кейіпкеріміз Нұрсұлу Тасқынбаева.
Шибұлақ, шақалақ, шприц
Ауылда жұмыс жасауға өз еркімен сұранып тұрған жас маманды бас дәрігер сол кездері Ойыл ауданының құрамында болған Қайыңдыға қар еріп жатқан уақытта жібереді. Көктемгі тасқын екі аралықтағы көпірді бұзып кетсе керек. Сол себепті аудан орталығынан Алтықарасуға ұшақпен жеткен Нұрсұлу Қайыңдыға кеш қарая келеді.
— Әуелі мені орталыққа емес, Қайыңдының фермасы Шибұлаққа жіберді. Өзім сұрап алғасын, бәріне көнуге тура келді. Қайыңдыға кеш бата жеттік. Біз мінген көлік бір төбеден түскенде алыстан Қайыңды маған қала сияқты көрінді. Ертесіне ауыл директорының көлігімен Шибұлаққа жеттік. Жетпісінші жылдары Шибұлақта балалар арасында қызылша дерті өршіп, бір ауылдың өзінде отызға тарта бала көз жұмған. Осы тұста мен бұл ауылда еңбек жолымды бастадым. Менің алдымдағы медбикенің баласы да осы дерттен қайтыс болған екен, — дейді Нұрсұлу Тасқынбаева.
Шибұлақта төрт балалы отбасы — Қоныс пен Несіптің үйінде жатып еңбек еткен Нұрсұлу төрт бөлмелі медициналық пунктті өз үйіндей көреді. «Ол уақытта шприцтерді қайнатып пайдаланамыз. Алғашқы күні жұмысқа ерте келіп, дәрілерді реттеп, ішті жиыстырып, тазалап болғаным сол еді, медпунктке бірі кісі келді. Баласының ауыр халде жатқанын айтты. Дереу құрал-сайманымды салып алып, әлгі кісінің соңынан ердім. Барсам, әлі жасқа толмаған құндақтағы сәбиді айнала сәкінің үстінде 5-6 кемпір отыр екен. Босағада үш-төрт күрек сайлаулы тұр. Терезені шүберекпен жауып қойған. Мен кіргенде әлгі кісілер сыртқа шығып кетті. Ең бірінші жасаған амалым — бөлмені желдету қажет болды. Содан балаға қажетті ем-дом жасауға кірістім, екпе салдым. Күні бойы әлгі баланың жанында болып, 3-4 рет пенициллинмен ектім. Сәби көзін ашып, тыныс алуы қалыпты күйге енгенше, өзге де емдерді жасадым», — дейді кейіпкеріміз.
Шибұлақтағы Сламғали Исиннің шаңырағында 1969 жылы туған Боранбай есімді бала бүгінде Алматы мен Ақтөбенің арасында жолаушыларды тасымалдау қызметімен айналысады. Қазір сол Боранбай бала күнінде өзін өлімнен арашалап қалған Нұрсұлу Тасқынбаеваны екінші анасындай көріп, құрметтейді.
Елу баланың кіндік шешесі
— Ол кездері ауылдан ауданға науқасты жіберу керек болса, қолына нақты диагнозын жазып, жолдама беру талап етілетін. Қазір фельдшерлер мұндай іспен айналыспайды. Диагнозды дәрігер қояды, — деген кейіпкеріміз Шибұлақта бір жарым ай қызмет еткен уақытында жергілікті тұрғындарға ем-шаралар жасай жүріп, іс-қағаздардың уақтылы толтырылуына да аса мән беріпті. Балалардан бөлек аяғы ауыр аналардың жағдайы мен ересектердің денсаулығы жас маманның тікелей жауапкершілігінде еді. «Медпунктте балаларға екпе жасалғанын дәлелдейтін «063» форманың бірде-бірі толтырылмағанын көргенде таңғалдым. Ауылдағылардың ешбірін танымаймын. Сөйтіп, жаныма көше кезіп, ойнап жүрген ауыл балаларын «көмекке» шақырып алдым. Мақсатым — баласы бар үйлердің ата-анасын медпунктке шақырту. Ол үшін балаларды қызықтырып «Ревит» дәруменін беремін. Тәтті дәруменді тағы ішкісі келетін балалар күні бойы жанымнан табылатын. Онсыз да қызылшадан қорқып қалған ата-аналар шақыртуды естісімен, балаларын құшақтап, медпунктке ағылатын. Сөйтіп, жастарын анықтап, ауылдағы балалардың тізімін жасақтап, екпе салу жұмыстарын қоса атқардым. Ана мен баланың денсаулығына ерекше мән береміз. Мерзімі жақын жүкті әйелдердің аудан орталығына баруын талап ететінбіз. Дегенмен түрлі жағдайда босанған әйелдердің қасынан дер кезінде табылып, талай баланың кіндігін өзім кескен оқиғалар жиі болды. Осылайша бір ауылдың тұрғындары болып бірлесіп еңбек еткен жылдарымды қазір сағынышпен еске аламын», — дейді Нұрсұлу Тасқынбаева.
Қостанайдың қызы, Қайыңдының келіні
Кейін ол Қайыңдыдағы фельдшерлік-акушерлік пунктте еңбек жолын жалғастырады. Осы тұста Қайыңды жаңадан құрылған Темір ауданының құрамына өтіп, Нұрсұлу осы ауылға қарасты Құмқұдық, Шибұлақ, Бабатай жеріндегі тұрғындардың денсаулығына жауапты маман ретінде бекітіледі.
Араға көп уақыт салмай, осы ауылда өмірлік серігі Теміржан Тобылбаевты кезіктіреді. Екі қыздың арасындағы жалғыз ұлы келін түсіргенде қарт ананың қуанышы қойнына сыймаған еді. Күндіз-түні үй көрмей, тынымсыз жұмыс жасайтын жас келінге енесі ерекше қолдау көрсететін. Оның үстіне біліктілікті арттыру үшін аудан, облыс орталығына жиі баратын Нұрсұлуға жолдасы Теміржан да үнемі қолдау танытатын.
Теміржанның әкесі Әндір Тобылбаев — Ұлы Отан соғысының ардагері, есімі Ойыл өңіріне белгілі жан. 1932-1933 жылдары Қайыңды селосында басқарма қызметінде болған. Ойыл өзенінен балық аулау шарасын ұйымдастырып, бүтін бір ауылды аштықтан аман алып қалған оның сол еңбегін ауылдастары күні кешеге дейін айтып келді. Соғыс басталғанда Қобда жерінен майданға аттанған Әндір Тобылбаев Сталинград, Кенигсберг қалаларын жаудан азат ету ұрыстарына қатысқан. Жеңісті Берлинде қарсы алған жауынгер екі мәрте Қызыл Ту орденімен марапатталыпты. Майданнан оралған соң елде басшылық қызметтер атқарған ол 1954 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық съезге делегат ретінде де қатысыпты.
Теміржан мен Нұрсұлудың шаңырағында алты бала өмірге келді. Бүгінде қызын қияға, ұлын ұяға қондырған бақытты ата-әже Ақтөбе қаласының Заречный-4 елді мекенінде кенже баласы Еркіннің қолында тұрып жатыр. Балаларының бәрі — бір-бір мамандықтың иесі.
Өмір бойы механизатор болған Теміржан ақсақал әлі тың. Ол — жергілікті мекемелердің бірінде күзетші. Татулығы мен бірлігі жарасқан отбасының шуағы — Нұрсұлу әже салауатты өмір салтын сақтауға аса мән береді. Таза ауада көп жүреді. Скандинавиялық жүрістің хас шебері. Балалары қарттардың денсаулығын ойлап, үйге спорттық құрал-жабдықтардың небір түрін орнатыпты. Немерелері ата-әжесімен теннис ойнап, турникке тартылудан жарыс ұйымдастыратын да көрінеді.
Қолы қалт етсе, тігін мәшенкесін іске қосатын Нұрсұлу әже үйдегі көрпе-көпшіктерді жаңалап, құрақ құрай да біледі. Ал Теміржан ақсақал ауладағы бау-бақшаны күтіп-баптағанды жаны сүйеді.
Бүгінде жиырмаға тарта немере-жиеннің сүйікті ата-әжесінің қазіргі жарасымды тірлігіне ағайын-туыс, құда-жекжат, жалпы оларды танитындар қызыға да сүйсіне қарайды.
Арайлым НҰРБАЕВА.