Мәдениет

Біз қазақпыз…

Ирина СОБОЛЬЕВА, «Шалом» еврей ҰМО әйелдер клубының жетекшісі:

– Еврейлер – қашаннан белсенді ұлт. Ақтөбе облысында да еврейлер көптің ортасында. Көштен қалып жатқан ешкім жоқ. Қай еврейді алсаңыз да, олар – тұрып жатқан жерінің шексіз патриоттары. Әскеріне барады, мемлекетті бірге қорғайды. Әрине, Қазақстанда ұлтқа байланысты ешқандай қысым болған емес. Керісінше, жеке кәсіпкерлік саласында биікке шыққан еврейлердің қарасы мол. Балаларымыз да еркін тірлікте.

Егер шынымды айтар болсам, өзімді қазақтардан бөле-жара қарамаймын. Мысалы, жуырда өткен халық санағында ұлтымды еврей деп көрсеткеніммен, шетелге шыққанымда қазақ екенімді мақтанышпен айтамын. Халықаралық жарыстарда Қазақстан спортшысына Израиль спортшысы қарсы тұрса, мен үнемі алғашқысын қолдаймын. Менің тоқсаннан асқан әжемнің тірлігі мен түсінігі де осы.

Қазір ұлттық-мәдени орталықта 700-ден аса еврей есепте тұр. Олардың дені, көпшілігінің ата-аналары Қазақстанды индустрияландыру уақытында қоныс аударған. Жаңадан салынған зауыттарға да негізінен еврей ұлтынан шыққан инженерлер келгені рас. Әсіресе, Ақтөбенің Тұрғындар қалашығы ауданында осындағы екі іргелі зауытта жұмыс жасаған еврейлердің көп екендігін білемін. Сондай-ақ, арнайы бөлу тәртібі бойынша Ақтөбеге табан тіреген еврей дәрігерлер де жетерлік.

Қазір бізді бауырына басқан қазақтармен араздығымыз жоқ. Керісінше, достығымыз басым.

Жалпы, 1996 жылы құрылған еврей ұлттық-мәдени орталығы күнделікті өмірімізге ерекше серпін берді.

Ал орталық жанынан кешкі мектеп ашу жоспарымыз бар. Бұл жоспардағы істер болғанымен, балалардан бастап қарияларға дейін қамтитын мәдени шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бас қосуымыз да жиірек. Мәселен, жас суретшілердің үйірмесіне келетін оқыушылар туындыларының 80 пайызы қазақ халқының мәдени-тұрмыстық өмірін қамтыған.

Біздегі орыс тіліндегі кітап қоры да бай. Ондағы мақсатымыз – жас буынды тарихи Отанының тарихымен кеңінен таныстыру. Өйткені КСРО оқулықтарында еврей тарихы туралы бір жол мәлімет те болған емес. Қазір біздің кітапханаға еврей халқының тағдыры мен тарихына қызығушылық білдірген қазақтар өте көп келеді.

Өзім басқаратын әйелдер клубы да тынымсыз тірлік етіп жатыр. Біз негізінен барлық ұлттық, мемлекеттік мерекелерде бас қосамыз, бірігіп қала сыртына демалуға шығамыз. Айналамызға қайырымдылық көмегіміз де аз емес.

Сайып келгенде, көп ұлттарға пана болған байырғы халықты алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button