Спорт

«Ақтөбе»: бірінші тур, алғашқы жеңіс

Премьер-Лига

Биылғы чемпионатқа «Ақтөбе» жаңа бапкермен кіріскені мәлім. Оның үстіне командадағы ойыншылар мықтап өзгерді. Бұрынғы бас бапкер Андрей Карповичтен бастап он беске жуық футболшы басқа клубтарға ауысты. Рас, жаңа бапкерге қоса, командаға сол шамада жаңа ойыншылар да келді.

Дегенмен осындай ауыс-түйістерден соң «Ақтөбенің» ахуалы шын мәнінде қандай екені жанкүйерлерге толық анық емес-ті. Сондықтан бірінші турды демімізді ішке тарта күттік. Күткенді былай қойғанда, жылдағы дәстүр бойынша жанкүйерлеріміз командамыздың сырт алаңда өткізетін алғашқы кездесуіне ұйымдаса аттанып та кетті. Және бұл үміт ақталды да.

Ойынның 24-ші минутында Ыдырыс Умаев өзіне Рамазан Оразов орайына келтіре тастаған пасты тамаша қабылдап алды да, допты қақпаға туралай тепті. Қызылордалық қақпашы Степан Сикач атыла қарсы шыққанымен, бөгет бола алмады: 0:1.

Ал екінші таймда Ыдырыс және бір голдың соғылуына мұрындық болды. Кезекті шабуыл кезінде оң қапталда келе жатқан ол қақпаға қарай шүйіле жүгіріп бара жатқан Максим Самородовты аңғарып қалды да, допты солай қарай бағыттап жіберді. Максим пасты қақшып түсіп, сол аяқпен жойқын соққы жасады. Қақпашы Сикач тағы да қапы қалды — 0:2.

Үшінші допты қақпаға 64-минутта тағы да Ыдырыс Умаев өткізді. Екі қорғаушының ортасында жүріп өзіне тасталған пасқа ұмтылған ол допты өзіне ыңғайлап алды да, нысананы дәл көздеді — 0:3.

Әрине, «Қайсар» да аз да болса шабуылдауға тырысты. Тіпті ойынның ең соңғы минуттарының бірінде гол да соқты. Бірақ одан басқаға шамалары жетпеді.

Сөйтіп, «Ақтөбе» де, жанкүйерлеріміз де Қыылордадан көтеріңкі көңілмен оралды.

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 1:3

Гол авторлары: Ыдырыс Умаев, 24-минут (0:1); Максим Самородов, 55-минут (0:2); Ыдырыс Умаев, 64-минут (0:3); Руслан Юденков, 90+4 минут (1:3).

Ескерту қағазын алғандар: Дмитрий Бородин, Қуаныш Қалмұратов («Қайсар»); Бағдат Қайыров («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Игорь Шацкий (қақпашы), Әділхан Таңжарықов, Богдан Вэтэжелу, Габи Кики, Әлібек Қасым, Бағдат Қайыров, Леонель Струмия (капитан), Уче Агбо (Хосе Севальос, 77-минут), Рамазан Оразов (Мирас Уманиязов, 89-минус), Максим Самородов (Жан Жайро, 78-минут), Ыдырыс Умаев (Дмитрий Бессмертный, 89-минут).

Бас бапкер: Дмитрий Парфенов.

1 наурыз 2024 жыл. Қызылорда қаласы.

*   *   *

1-турдың басқа кездесулері:

«Астана»-«Жеңіс» — 2:0

«Қайрат»-«Қызылжар» — 2:1

«Елімай»-«Атырау» — 0:0

«Ордабасы»-«Шахтер» — 5:0

«Тобыл»-«Тұран» — 2:0

*   *   *

Енді 31 наурыз күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Астананың «Жеңіс» командасын қабылдайды.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button