Ауыл

Алтынбек жасаған мұржалар

Соңғы екі жылдан бері облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы негізінде кәсіп бастағандардың дені өнім өндіріп, тауарын саудаға шығарып та үлгірді. Солардың қатарында Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының тұрғыны Алтынбек Көппағамбетов бар. Қазір ол жасаған мұржалар жеке үйлерге орнатылып, сауда орындарында сатылып жатыр.

Саралжыннан Сарыжарға

Алтынбектің отбасымен Ойылдың Саралжын ауылынан Сарыжарға қоныс аударғанына жиырма жылдың жүзі болды. Бұған дейін қаладағы өндіріс орындарының бірінде еңбек еткен ол «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылып жатқаны жайында естиді. Жылдық үстемеақысы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін бұл жобаға деген оның қызығушылығы оянып, кәсіп бастауды тәуекел етеді. Ол ойлана келе көп сұранысқа ие тауардың бірі — мұржа өндіру үшін бизнес жоба жасайды.

Қалаға көшіп келген соң 312-атқыштар дивизиясы бойындағы «АктобеПромВентиляция» кәсіпорнында еңбек еттім. Сол жерден көп нәрсені үйрендім. Себебі кәсіпорын аты айтып тұрғандай, желдету, аспирация, газ құбырлары, салқындату, жылыту, жеткізу қондырғыларын өндіреді. Мәселен, жұмыс орындарының ауасын тазарту үшін шаңды және өндіріс процесінде пайда болатын ұсақ қоқымды сорып алатын аспирация қондырғыларының қалай жасалатынын білдік. Әрине, мұндай тауарлар қазір кең сұранысқа ие. Әсіресе газ тартылған ауылдарға бірден-бір қажет дүние. Сондықтан ойлана келе мұржа өндіру ісін қолға алуға бел будым. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, несие қаражатына қол жеткіздім, — дейді кәсіпкер Алтынбек.

Ауладағы шеберхана

Жоба қатысушысы 8 миллион 600 мың теңге көлемінде несие алған. Баспанасын кепілге қойған кәсіпкер несие қаражатын бір жылдан соң қайтармақ. Бұл қаражатқа Ақтөбе мен Алматыдан арнайы станок алып, қажетті материалдарды үйінің ауласына жеткізіп те алған.

Аулам кең болғасын шеберханамды жасақтадым. Қазіргі таңда станоктар іске қосылды. Мұржаға қажетті құрал-жабдықтың бәрі өзімізде өндіріледі, сондықтан бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ.  Ең керегі — мырышталған тақтайша. Оның да қалыңдығына байланысты 0,4, 0,45 миллиметр түрлері бар. Мұржа осындай материалды қабаттау арқылы жасалады. Ол үшін екі аралыққа изовер салынады. Бұл — жылу ұстағыш материал. Сондықтан мұндай материал салынған мұржаның сапасы да жоғары болады, — деді кейіпкеріміз.

Мәртөк ауданы бойынша мұндай кәсіпті бірінші болып қолға алған Алтынбекпен әзірге бәсекелесер ешкім жоқ. Қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді бағада сатылып жатқан тауардың құны оның диаметріне байланысты өзгеріп отырады.

Бұл — маусымдық жұмыс. Қыста тауарға көп сұраныс бола қоймайды. Құрылыстың нағыз қызған шағында мұржа сұраушылар көбейеді. Оның үстіне газ тартылған ауылдарға мұржаны жеткізуге тырысамыз. Қазір облыс аумағында ғана тапсырыс беріліп жатыр, — деді Алтынбек Көппағамбетов.

Қазір Алтынбектің шеберханасында мұржалар жеке үйлердің биіктігіне байланысты 4-8 метрге дейін жасалып жатыр.

Ауқымды жоба және ақпандағы жағдай

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы шағын несиелеу бөлімінің басшысы Бағдат Қожамұраттың айтуынша, республика бойынша Ақтөбеде бастау алған «Ауыл аманаты» ауқымды жобасыөңірімізде 2022 жылдың қараша айынан бастап жүзеге асырылған.

Сол жылы аталған жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге қарастырылса, былтыр қосымша 16 миллиард теңгеқаражат бөлінді.Жобаны қаржыландырушы оператор — «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы. Биыл ақпандағы жағдай бойыншааталған жоба аясында жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеге 1773 жобаның құжаты мақұлданды. Соның ішінде 1648 жобаға 7,6 миллиард теңге несие берілді, — деді ол.

Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар үшін несие мал, құс шаруашылығын, өсімдік шаруашылығы мен ауылдық елдімекендегі шағын бизнестің өзге түрлерін дамыту бағытында ғана беріледі.

Тауарлық несие тетігі

Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру бойынша Алға, Мәртөк, Қарғалы аудандарыалдыңғы орында тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында 250 мыңнан астам құс өсіріліп, нәтижесінде 676,4 тонна құс еті мен 500 мыңға жуық жұмыртқа өндірілді. Жалпы ауданы 12 313 шаршы метр болатын93 жылыжай салынып, 209 гектар аумаққа картоп және көкөнісегіліп, 4000 тоннаға жуық өнім алынды, — деді Бағдат Қожамұрат.

Сондай-ақ жоба қатысушыларының ықпалымен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған 107 наубайхана мен кондитер, 132 шағын сүт және 65 ет өңдеу жобасы, қызмет көрсету саласында 53 тігін, 81 монша, 64 көлік жөндеу, 45 шаштараз бен әсемдік салоны жүзеге асырылған.

Өңірімізде «Ауыл аманаты» жобасы аясында, қаржылық несиемен қатар, тауарлық несие беру тетігі де енгізілді.Бүгінде ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен 339отбасыға 4 804 ірі қара берілді. Бұл жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, 1062 жаңа кәсіпкер тіркелді, 32 атаулы-әлеуметтік көмек алушы отбасы қамтылды, — деді басқарма өкілі.

Алтынбек сияқты ауылдағы адамдардың кәсіп бастауына бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты да белгілі. Ол — ауылдық елдімекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Сонымен қатар өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру,ауылдық елдімекендерде жаңа жұмыс орындарын ашу, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Аталған жобаға аймақтан 352,3 мың халқы бар 315 елдімекен тұрғыны қатыса алады.

Бұған дейін де түсіндіргеніміздей, ауыл тұрғындары жобаға қатысып, несие алу үшін ауыл әкімдіктерінебарып, өтінім беруіқажет. Ауыл әкімдері тұрғындар несие алғанша толық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының аудандық филиал мамандарының тарапынан тұрғындарға бизнес-жоспар әзірлеу және қаржылай сауаттылыққа оқыту жұмыстары қоса жүргізіледі. Бұл орайда әр аудандағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында жобаға қатысушыларға арнайы мемлекеттік қызмет көрсететін бір маманнан тағайындалды, — деді Бағдат Қожамұрат.

Табысты кәсіпкерлер тәжірибесі

«Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, өз кәсіптерін бастап жатқан тұрғындарды кәсіпкерлік істі жүргізу және ұйымдастыру, қаржылық сауаттылық негіздері мен өндірілген өнімді өткізуге оқытудың тиімді жақтары қарастырылған. Ол үшін аймақта өз салаларында бизнесті табысты жүргізіп жүрген азаматтар тарапынан тегін түрде теориялық және практикалық негізде оқытулар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, өсімдік шаруашылығын қолға алған жоба қатысушысына аймақта 1997 жылдан бері Қарғалы ауданында 90 гектар суармалы алқапқа картоп егіп жүрген «Арман», жылыжайда көкөністер және аскөк өсірумен айналысатын «Айшуақ» шаруа қожалықтары, сондай-ақ елімізде испаниялық инновациялық NGS технологиясымен  құлпынай өсіретін алғашқы кәсіпорын — «Экоферма-2015» сияқты серіктестіктер өз тәжірибелерімен бөлісіп, теориялық негізде оқытуға дайын.  Сондай-ақ құс шаруашылығы бағытында да бөдене өсіріп, ісін дамытып отырған жеке кәсіпкер Абзал Байманов, «Птичий двор» сияқты серіктестік басшылары бірлесіп жұмыс атқаруға кіріскен.

Ақтөбе қаласында құс өсіріп, етін өңдеп, өткізумен айналысатын «Птичий двор» кәсіпорнының жылдық қуаттылығы — 13 тонна.Кәсіпорын өкілдері несие алушыларды бройлер өсіруге онлайн оқытады және жылына 100 000 балапан өткізуге дайын.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button