Тарих

Ел бірлігін ойлаған ұлы тұлға

Әйтеке бидің туғанына — 380 жыл

Тарихта халқымыздың біртұтас ел болып, мемлекеттігін сақтап қалуы үшін күрескен тұлғалардың бірі — Әйтеке би Бәйбекұлы.

Кеңес заманында қазақтың мемлекеттігі туралы да, тарихымыздағы көрнекті тұлғалардың бірі Әйтеке би туралы да айтылмады. Сөйтіп, оның аты ұмытыла да жаздады.

Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана халық жадындағы Әйтеке би есімі жаңғырып, қызметі, тарихтағы орны туралы айтылып, бүгінгі ұрпақ тарапынан оған лайықты құрмет көрсетіле бастады. 1993 жылдың 24-25 маусым күндері ҚР Үкіметінің шешімімен Ақтөбе қаласында, сондай-ақ Қарабұтақ ауданында Әйтеке биді еске алу күндері өтті. Бұл той аясындағы шараларға еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегациялар қатысты.

1997 жылдың маусымында біздің облыстағы бұрынғы Комсомол, Қарабұтақ аудандары біріктіріліп, пайда болған жаңа ауданға Әйтеке бидің есімі берілді. Астанада, Алматыда, еліміздің көптеген өңірлеріндегі басқа да елді мекендерде Әйтеке би атын иемденген көшелер бар. 2008 жылы Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратының алдына Әйтеке би ескерткіші қойылды.

Мемлекет қайраткері, кемеңгер ойшыл, «үш жүздің еш баласын жат көрмейтін» (Қожаберген жырау) даңқты би Әйтеке Бәйбекұлының есімі осылайша ортамызға оралып, біржола орныққан еді.

Өкінішке қарай, Әйтеке бидің туған-өлген жылдары туралы нақты деректер сақталмаған. Бірақ Қожаберген жырау:

«Өткен жылы Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажал жетті» — деп, оның жасын нақтылап көрсетеді.

Әйтеке би жас жағынан Төле мен Қазыбек билерден үлкен болған. Оған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналар» өлеңіндегі:

«Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,

Әлдибек, Айтбай, Майлы шешен өткен.

Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің

Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен», — деген шумақ та дәлел.

Ж.Мұратбаев пен Ө.Қойшиев сынды зерттеушілердің пікірі бойынша Әйтеке би 1700 жылы қазан айында қайтыс болған. Осыдан келіп 1644 жыл оның туған жылы болып көрсетіледі. «Әйтеке би» деген кітабында осы пікірді жазушы Н.Әбуталиев те келтіреді. Осыған сүйенсек, биыл Әйтеке бидің туғанына 380 жыл толғалы отыр.

Әйтеке би Самарқан мен Бұқардың аралығында Қызбибі тауының етегінде, көктем кезінде дүниеге келген деседі.Ал бейіті — қазіргі Өзбекстанның Науай облысы Нұрата ауданындағы Сейітқұл қорымында.Осы қорымда Әйтеке бидің аталары — Ораз, Тоғжан,Ақша мен әкесі Байбектің бейіттері де бар.

Әйтеке бидің арғы атасы Ораз би (1299-1385 жж.) Самарқанды астана етіп, үлкен мемлекет құрған әйгілі Әмір Темірдің ең жақын кеңесшісі болды. Осы Самарқанның әміршісі болған Жалаңтөс батыр да — Әйтеке бидің туысы.

Әйтеке жеті жасынан бастап атақты Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның жанында жүріп тәрбие алады. Самарқанға үнемі келіп-кетіп жататын хандар мен шаһтарды, шетел елшілерін қабылдау, олармен ресми және достық райда сұхбат жүргізу рәсімдерін көріп, ел басқару тәсілдеріне машықтанады, топ алдында сөз сөйлеуге төселеді.

Әйтеке — өз дәуіріне сай жан-жақты білім алған тұлға. Ол Ұлықбек медресесінде оқып, араб, парсы, шағатай, өзбек, түрік тілдерін меңгереді. Сонымен қатар әскери-қолбасшылық дәстүр мен дағдыларға жаттығады. Ақша хан атасынан әділдік жолын, ел басқару, елшілік байланыстар жасаудың қыр-сырын үйренеді. Ұлықбек медресесінен кейін Жалаңтөс салдырған, сән-сәулетімен әйгілі Тіллә-кари (Алтынмен қапталған) және Шердор(Арыстанды) медреселерінде де білім алады.

Нұрата аймағы — бір заманда Сыр бойынан 40 мың алшын көшіп барып, тұрақты қонысына айналдырған жер. Әйтеке 21 жасында осы аймақ пен Самарқан маңындағы 60 мың үйлі алшын мен 40 мың үйлі қарақалпақтың, сол жерді мекендеген өзбектердің ұлыс биі болып сайланған.

Қазақ хандығында 1680 жылы Салқам Жәңгірдің кіші баласы Тәукені хан етіп сайлауға Әнет баба, соқыр Абыз, Едіге, Майлы, Төле, Қазыбек, Әйтеке, қарақалпақ Сасық, құрама Мұхаммед, қырғыз Қоқым сынды билер қатысқан. Хан таққа отырғаннан кейін хан кеңесі де сайланған. Әйтеке би 19 жыл бойы осы кеңестің мүшесі болып, Кіші жүз руларының атынан кесімді сөз сөйлеу құқын иеленді. Бұл бұрынғы «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол» сынды заңдардың ескірген заманы еді, сондықтан жаңа заң үлгілерін жасау қажеттігі де туды. Тәуке хан және жоғарыда аталған тоғыз бидің қатысуымен 1684 жылы «Жеті жарғы» заңы қабылданды. Бұл заңның елдің басын біріктіруге, ата-дәстүрдің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. «Жеті жарғыға» Әйтеке бидің«Сүйек құны», «Өнер құны» сынды баптарды ұсынған.

Кіші жүздің бас биі Әйтеке — ел басына күн туған қиын кезеңдерде өткен құрылтайларда батыл ұсыныс-пікірлер айтып, ел бірлігін көздеген қайраткер. 1699 жылы көктемде өткен кеңейтілген хан кеңесінде ол Отан қорғау үшін көрші мемлекеттерден соғыс қару-жарағын, зеңбірек, мылтық алуды және оған қажет қаражатты бай, төре мен сұлтандардың дәулетінен шығаруды ұсынады.

Төрелердің арасы тату емес деп, бас қолбасшыны батырлардың арасынан қоюды қалайды. Ондай адамды көрші мемлекеттерде оқытып алудың қажеттігін де айтады. Бірақ бұл төрелерге, сұлтандарға ұнамай, Әйтеке би хан кеңесін тастап шығады.

Келесі, яғни 1700 жылы қайтыс болады.

Сол заманның өзіндеӘйтеке биадамды шыққан тегіне емес, қабілетіне қарап бағалауға үндеді. Бұл ұстанымы бүгін де өзекті болып отыр

Әйтеке бидің еліне деген сүйіспеншілігі көпшіліктің есінде қалған мына өсиет сөзінен де көрінеді:

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін.

Бай болып, халқыңа пайдаң тимесе,

Батыр болып, жауыңа найзаң тимесе,

Өзгеден бөтен өз үйің күйсін».

«Елдестірмек — елшіден» дегендей,Әйтеке биқазақ хандарының қырғыздармен, қарақалпақтармен дипломатиялық, достық қарым-қатынасына игі ықпалын тигізді.   Халық Әйтекені «айыр тілді Әйтеке»деп атаған. Бұл оның әділдігіне берілген баға болса керек. Жырау Қазанғап Байболұлы Төле биге арнап шығарған дастанында Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек биге мінездеме беріп келеді де, Әйтеке би туралы:

«…Онанда өткен Әйтеке,

Қудан ұшқыр, құланнан,

Мұндай шешен болмайды,

Бір сөзін жүз мақалдап,

Сипаттап қалай тіркейді?

Түршіктіріп денеңді,

Барған сайын өрлейді,

Қиюын тауып сөйлейді.

Ерегессе біреумен

Қара жерге теңейді.

Қанша ділмар дегендер

Ширегіне келмейді», — деп термелейді.

Нұрата төңірегіндегі қалың алшынға Сыр бойына қайта көшіп баруды өсиет еткен де Әйтеке би деседі. Ал бұл өсиетті орындап, Сырға қарай бет түзеген халықтың көшін Бекқұл баба басқарған. Өте білікті мәмілегер, үлкен қайраткер Бекқұл баба қазіргі Ақтөбе қаласынан 30 шақырым жерде, Бекқұл баба ауылы маңындағы тау баурайындағы  қорымда жерленген. 2000 жылы бастамашыл азаматтардың қаржы-күші, ұйымдастыруымен оның бейітінің басына кесене тұрғызылды. Ел қорғаған Есет батыр Көкіұлы — Бекқұл бабаның жалғыз қызынан туған жиені.

Әйтеке би ұрпақтарына келсек, оның Өтебас, Қараменде, Байтемір, Қосыбай, Жалтыр деген ұлдары және үш қызы болған. Ал қазіргі кезеңде бидің ұрпақтары Ақтөбе қаласында, Ырғыз, Қарабұтақ, Алға, Әйтеке би аудандарында, сондай-ақ Қызылордада, Қазалы мен Аралда және Өзбекстанда тұрады.

Әйтеке бидің үлкен баласы Өтебас би де — хан сайлауы, т.б. саяси-қоғамдық ірі оқиғаларға атсалысқан тарихи тұлға. Оның бейіті — Қызылорда облысының Әйтеке би кентінен 60 шақырым жердегі Қосым Қожа қорымында. 2022 жылдың мамыр айында ұрпақтары Өтебас биге арнап жаңа кесене тұрғызып, ас берді.

Биылғы 380 жылдық мерейтойы тұсында Әйтеке би тұлғасы мен мұрасын ғылыми түрде зерттеп-зерделеу, насихаттау ісін қолға алудың керектігін баса айтқымыз келеді. Өйткені алда Әйтеке бидің 400 жылдық айтулы мерейтойы да қол бұлғап тұр. 20 жыл әне-міне дегенше өте шығады, ал сол күнге қомақты ғылыми еңбектермен жету жайын бүгіннен қамдамаса болмайды.

Еркін ҚҰРМАНБЕК,

ҚР мәдениет қайраткері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button