Тарих

Есенкелді ер еді…

Бала кезімізде біздің ауылда (Шалқар ауданы «Шалқар» кеңшарының №2 фермасының орталығы — Көктымақтыда) күреспейтін бала жоқ еді. «Палуандарды» жеребесіз жұптастыратын да, төрешіміз де — Ысқақ ата. «Палуандарының» түрі біздер — труси-майкамен желдей есіп, желіп жүрген қарасирақ, ойын балалары. Содан шетімізден бастап шақырып алып, жұптастырып, күрестіреді. Боз кілем — бұйра құм. Кім жылап қалса, не болмаса жауырыны құмға тисе —  жеңілгені.

Кезек маған да келеді. Ысқақ ата:

— Әй, киік танау, бері кел! Мынаумен шық… — деп, өзінің кенжесі, менімен құрдас Елубайды нұсқайды.

Аты аталды, түсі түстелді, шығармын-ау, күресермін-ау, бірақ соңы қиын болады.

Елубай маған қарағанда етжеңділеу, бірақ денесі болбыр. Мен де аса шымыр емеспін. Күресіп келіп қаламыз. Бір-екі жұлқысып алғаннан кейін мен оны жыға бастаймын. Бірақ көз қиығым — қарсыласымның ағаларында. Әлгінде «соңы қиын болады» дегенім сол — мен Елубайды жығамын, сол сәтте оның ағасы Селпік (шын аты — Әлібай) артымнан теуіп қалады. Ылғи осылай. Мейлі, мерейлімін, жеңдім!

Ысқақ ата, ауылдың үлкендері бізді күреске (мүмкін, өмірге) осылай тәрбиеледі.

Кейін қалада, мектеп-интернатта оқып жүргенде көрдік нағыз күресті. Теміржол вокзалының қасындағы Ленин клубының қапталында балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі болды. Кей кездері сонда барып, балалардың жаттығуларын көреміз. Қаршадай балалар — нағыз палуандар, киім үлгілері де, жүріс-тұрыстары да бөлек. Талай рет бізді көшеде ұстап алып, тиіскендері де бар. Олар өздеріне сенімді:

— Жекпе-жекке шық! — дейді.

Шығуын шығасың, күшің бар, бірақ олар айла-тәсілмен алып кетеді. Қалай алып-соққанын байқамай қаласың.

Сол спорт мектебінен талай палуандар шықты. Осы мектептің әсері болды ғой, белі қатайған балалардың дені спорттың түр-түрімен айналысатын. Олардың бәрі бірдей спортшы болып кете қойған жоқ, бірақ қайратты, рухы өр, жігерлі жігіттер көп болатын. Шалқарда күреспеген бала жоқ-ау! «Арқаға барсаң — әншімін деме, Батысқа барсаң — күйшімін деме» демекші, Шалқарға сырттан келіп, «Менімен күш сынасатын қайсың бар?» деп айқайлап кіру ағаттық!

* * *

1967 жылы Шалқарда алғашқы балалар мен жасөспірімдер мектебінің негізін салған да әрі жаттықтырушы да — Владимир Цеханович. Кейін бұл мектепке осы ерекше тұлғаның есімі өте орынды берілді. В.Цеханович қалай болғанда да нағыз маман ғой, егер көшеде ойнап жүрген балаларды көріп қалса, солардың арасынан күреске икемділерін спорт мектебінің жаттығу залына өзі жетектеп әкететін. Ол кісінің Шалқардың балаларына, ел спортына сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр! Қазір оның ізін белгілі спортшы Серік Жоламанов лайықты жалғастырып келе жатыр деп естиміз. Ол да рас!

Есенкелді Мұханбетшәріпұлы Батырғарин — осы №1 В.Цеханович атындағы спорт мектебінің түлегі, Қазақстан біріншіліктерінің, КСРО чемпионатының, КСРО халықтары Спартакиадасының бірнеше дүркін чемпионы. Ақтөбе өңірі бойынша тұңғыш халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Есенкелді Батырғарин небары жиырма жасында осындай атақ-даңққа ие болды. Оның ендігі межесі — Барселона Олимпиадасы болатын! Көз тиді ме, қол тиді ме, кім білген, аумалы-төкпелі 90- жылдардың екінші жартысында қазақ спортындағы грек-рим күресінің майталманы Есенкелді жұмбақ қазаға ұшырап, есеңгіретіп кетті.

Есенкелдіні Алматыда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернатында білікті жаттықтырушылар Марат Қошаев, Таңат Сағындықов пен Ә.Хангелдиев баптады. Баптағанда да сол кезеңдегі бапкерлердің көзіне түсіп, назарын аударатындай қылып-ақ жаттықтырды. Бұл кездері Есенкелдінің жетістіктері де айтарлықтай еді. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы КСРО біріншіліктерінде, Одақтық деңгейдегі турнирлерде атой салып, үнемі жүлделі орындарды иеленді. Салмағы бұрынғыша болғанымен, медальдарының салмағы ауырлай берді. Мәскеудегілер мұндайды жібермейді ғой, шағын, шымыр сақадай Есенкелдіні КСРО құрама командасына қабылдады.

Шалқардың Есенкелді Батырғарины дүниежүзі санасатын КСРО командасының құрамында тіпті дүлдүл болды. Әлем чемпионатында күміс жүлдені еркін иеленді. Мәскеудегілер оны жасына қарамастан, КСРО құрама командасының ересектер тобына қосты да жіберді. Есенкелді есесін бермеді, грек-рим күресі бойынша Грекияның өзінен Әлем кубогын қанжығаға өңгеріп оралды.

Ал оған дейін…

* * *

Есенкелді Батырғариннің алғашқы бапкері — Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Жеңсікбай Сейімбетов. Бәйгеге түсер тұлпарды құлынынан танитын атсейістер секілді Жеңсікбай бапкер де жаттығуға келіп жүрген ағайынды Амангелді, Есенкелді, Жангелді мен Бақтығали Батырғариндер сияқты бірнеше баланың арасынан Есенкелдіні таныды. Сынға салып, шыңға шығарды.

Есенкелді сенімнен шықты. Көп күттірмей-ақ өзінің басқа балаларда кездесе бермейтін қабілетін 1985-1986 жылдары көрсетіп үлгерді. 1986 жылы Қостанайда өткен Қазақстан оқушылары арасындағы жасөспірімдер спартакиадасында елді елең еткізіп, боз кілемде найзағайдай ойнады. Әрине, алғашқы үлкен додаға қатысуы ғой, бар болғаны бесінші орынды ғана иеленді. Бірақ республикалық сайысқа алғаш түсіп тұрғанына қарамастан, қаймықпады, тартынбады. Қарсыласына қарсы еркін шүйлікті. Бұрын-соңды мұндай тартыстарда болып жүрген палуандарды кәдімгідей абыржытып-ақ тастады. Ел өңірлерінен палуандарын әкелген бапкерлер қазақтың грек-рим күресінде жаңадан көкжал пайда болғанын қызғана да қызығып айтып жатты.

42 килограмм салмақтағы қарсыласы қостанайлық, аты шығып жүрген Кохановский болатын. Есеп: 18-19. Төрешілер де Қостанайдікі. Төрешілер жершілдікке тартып кетті. Спортта таза жеңіс болмаса, мұндай жағдайлар болып жататыны рас. Кохановский финалда Аманғазы Ізбаевпен шықты.

Спартакиада қорытындысы бойынша жаттықтырушылар Аманғазыны «Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернатына аламыз» деп шешті. Осы жерде Есенкелдінің бапкері Ж.Сейімбетов шыр-пыры шықты.

— Жігіттер-ау, жаңа Батырғаринді кілем үстінде көздерің көрді ғой, Алматыға Есенкелдіні алыңдар, жерге қаратпайды. Мен, керек болса, кепіл боламын! Баланың меселін қайтармаңдар, сағын сындырмаңдар! Көр де тұр, Есенкелді ел намысын бермейтін жампоз болады әлі… — деп Жеңсікбай Сейімбетов жік-жаппар болды.

Оның да өз ортасында абыройы бар бапкер ғой, сөзін өткізді. Есенкелдіні Алматы мектебіне Аманғазымен бірге алатын болды.

Мұның алдында Серік Жоламанов осы спорт мектеп-интернатына қабылданған болатын. Бірақ оның салмағы 38 килограмнан не өспеді, не түспеді. Ал Бүкілодақтық, халықаралық жарыстарға 42 килограмм салмақтан бастап жіберіледі. Есенкелді мен Аманғазының салмақтары осындай.

* * *

1986 жыл. Осы жылы Ереванда грек-рим күресінен халықаралық спартакиада өтті. Оған бапкер Мұрат Есенжолов Есенкелді Батырғаринді апарып қосты. Есенкелді 3-орын алып қайтты. Сонда М.Есенжоловтың айтатыны ғой:

— Спартакиадаға атағы шыққан ығай мен сығайлар келді. Есенкелдіні әрі-бері сынап көріп едім, қаймығатын емес, одан ешқандай шегіншектеу байқалмады. Қайсарлығын да, жүректілігін де көрсетті. Батырғариннен нағыз палуан шығады, бек сенемін! — деп.

Келесі жылы грек-рим күресінен Алматыда С.Баймағамбетов атындағы халықаралық жарыс өткізілді. Оған қатысқан Есенкелді ең жас палуан болатын. Оның қарсыласы — неміс палуаны. Әдеттегідей кілемге еркін кірді. Өз-өзіне сенімді. Ол күресіп жатқанда жарықтық Жақсылық Үшкемпіров Ж.Сейімбетовтің жанына келіп:

— Мына бала сенікі ме, Шалқардан келген бе? — деп сұрапты.

— Иә! — дейді бапкер.

— Бұл бала менің орнымды басатын болады, менен де асып түсер! — деген екен күрестегі Толыбай-Жақсылық сыншы.

Дәл сол жылы Ригада да Есенкелді жақсы өнер көрсетті.

Бапкер М.Қошаев Е.Батырғаринді 1988 жылы Горький қаласында өткен халықаралық жарысқа апармады. Өйткені:

— Бұл жарысқа Есенкелдінің салмағы бойынша Кеңес Одағындағы грек-рим күресінің әбден іріктелген, аты шыққан майталмандары келетін болды. Есенкелді олардан жасқанбайды, бірақ жауырыны жерге тиіп қалса, жігері қайтып қалады, – депті  бапкері Марат Қошаев.

Енді бір қызығы, Горькийде чемпион болғандармен Есенкелді 1991 жылы, Запорожьеде кездескен. Қарсыласы — өзбекстандық, анау-мынауға тізе бүге қоймайтын, әккі Дмитрий Коршунов.

— Осы КСРО халықтары спартакиадасына Есенкелдінің бірінші жаттықтырушысы ретінде мен де арнайы шақырылып, бардым, — дейді ардагер-бапкер Жеңсікбай Сейімбетов. — Коршуновты білемін ғой, өте тәжірибелі, әдісқой, талай рет боз кілемнің шаңын шығарған палуан. Тақымымды қысып отырмын. Есенкелді тіресіп-ақ бағып жүр. Жай жүрген жоқ, айлаға салады, бірақ анауың қояр емес, төрт ұпай алға шығып кетті. Өзбектердің мерейі үстем, қазақтар: «осымен болды, бітті, жеңілдік» деп төмен қарап отыр. Мен болсам енді қалған 4 минутқа үміт арттым. Есенкелдінің жанарына көзім түсіп кетті, от шашады, мен ерекше рухты таныдым. Соңғы секундтар! Партерге түссе де көңілі тоқ, кілемге жабысып алған Коршуновты намысы қайнаған Есенкелді жерден жұлып алды да шалқасынан иіліп, айналдырып әкеліп, сылқ еткізді. Спорт сарайы сілкінгендей, жанкүйерлер бірауыздан гу ете қалды. Ешқандай талассыз, тап-таза жеңіс! Тек қана біздің Есенкелдінің қолынан келетін шеберлік! — деді, бапкер ризашылықпен.

— Бірақ, ер жігіт маңдайымызға сыймады, — деді бапкер өкінішпен.

Финалда әзірбайжан жігіті Абдуллаевпен жекпе-жекке шығып, оны 9:3 ұпаймен жеңді. Есенкелді Батырғарин — КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы!

Келесі жылғы Барселона Олимпиадасының бірден-бір үміткері Есенкелді Батырғарин болатын.

Запорожьедегі жарыс қорытындысы бойынша Есенкелдінің бапкері Марат Қошаев «Тренер чемпиона» деген атаққа ие болды. Маратың да ер жігіт емес пе, «Чемпионның алғашқы жаттықтырушысы өзіңіз» деп, өзіне салтанатты түрде тапсырылған медальды Жеңсікбай Сейімбетовтің мойнына тақты. Қандай жарасымды!

Ал Есенкелді болса, дәл осы бір жылдың өзінде ғана түрлі деңгейдегі аламанда 6 рет ең жоғары жүлделерге ие болды.

* * *

1990 жылдардың бірінші жартысында дүние өзгеріп сала берді. Әлемдегі ірі державалардың бірі саналатын КСРО-дағы «социализм ғимаратының» жамау-жамау іргетасы сөгілді. «Тұрымтай тұсына» дегендей, әр Республика — өз алдына егемен ел! Жұрты аш болса да, тәуелсіз мемлекет. Адамды тұрмыс билейді. Спортшылар да халықпен бірге отбасын асырау қамының жолына түсті.

Есенкелді пендешілікке салынып, құлқын қуып кетпей, 1994 жылы жаттығу залына қайта оралды. Жай келмеді. Өзі шыңдалған кәсібін сағынып-ақ қалған екен, қарсыластарын шыдатпады. Барселонаға бармаса да, алдағы Атлантада атойламақ болды. Бірақ шынымен-ақ «жазмыштан озмыш жоқ» екен.

…Есенкелді ұмытылған жоқ. Оған еліктеген кейінгі буын өкілдері Есенкелді Батырғарин атындағы жыл сайын өтетін республикалық турнирде даңқты палуанды еске алып, оның ізін жалғастыруда. «Ер рухы өлмейді» деген осы!

Соңғы бірер жылдан бері Ақтөбе қаласында «Есенкелді Батырғарин атындағы грек-рим күресін дамыту орталығы» ғимаратының іргетасы қаланып, құрылысы жүріп жатыр. Алайда түске дейін бір, түстен кейін екі өзгеріп, өсіп бара жатқан қаржы тапшылығына байланысты құрылыс жұмыстары саябырлап қалды. Бұл жағдай елге де, ел көшінің алдында жүрген ерге де сын. Қайда біздің аузы дуалы ақсақалдар, апайтөс аптал азаматтар, өрге салса, төске озған жігіттер?! Серпіліп, қолдап және демеп жіберелік!

 

Демеушілік көрсетуге ниетті жеке және заңды тұлғалар үшін мына деректерді ұсынамыз:

Ғалымжан ТӨРЕХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button