Басты жаңалықтар

Өркениет игіліктері: биыл қандай инженерлік желілер жаңартылады?

Қазіргі уақытта адам өмірін орталықтандырылған ауызсу, жылужәне газсыз елестету қиын. Жылдың қай мезгілі болсын, аталғандардың біреуінен ақау шықса, тұрғындар тұрмыста кәдімгідей тығырыққа тіреледі. Дей тұрғанмен облыста 320 елді мекен бар болса, соның кейбіріне өркениет игіліктері жетпеген.

Биыл өңірде қай ауылдарға газ бен су барып, қандай инженерлік желілерге жөндеу жүргізілетінін, жалпы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығындағы қазіргі жағдай туралы құзырлы орган өкілінен білген едік…

Қораши, Жарма, Жарық, Алтықарасу, Еңбекші ауылдарының қуанышы

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, өңірдегі 320 елдімекеннің 168-і, яғни 52,5 пайызы ғана газға қосылған. Еліміз бойынша Ақтөбе — газбен жабдықтау көрсеткіші жөнінен 7-орында.

Былтыр халық саны 6,9 мыңнан асатын 16 ауыл — Әйтеке би ауданындағы Құмқұдық, Қобда ауданындағы Бұлақ, Қосөткел, Ырғыз ауданындағы Нұра, Аманкөл, Ойыл ауданындағы Екпетал, Қарғалы ауданындағы  Әлімбет,  Мәртөк ауданындағы Қаратаусай, Байторысай, Қарабұлақ, Мұғалжар ауданындағы Жаркемер, Мұғалжар, Жаңатұрмыс, Хромтау ауданындағы Құдықсай, Қарлау, Шалқар ауданындағы Есет батыр сияқты ауылдарға газ жетті. Нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстың 886,5 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді.

Биыл халық саны 2,2 мың адам болатын 5 ауылды — Байғанин ауданындағы Қораши, Ырғыз ауданындағы Жарма, Мұғалжар ауданындағы Жарық,  Темір ауданындағы Алтықарасу, Еңбекші ауылдарына газ беріледі деп жоспарланған. Бұған 655,1 миллион теңге бөлінді. Соның арқасында 173 елді мекен немесе 888,7 мыңнан астам тұрғын газбен қамтылмақ. Ауыспалы жобаларды аяқтау және жаңа жобаларды бастау үшін осы жылға 28,2 миллиард теңге көзделген.

Сонымен қоса осы жылы 6 ауылды (Ойыл ауданы — Көптоғай, Амангелді; Мәртөк ауданы — Ақмоласай, Байнассай; Темір ауданы— Шығырлы, Ащысай) газбен қамту бойынша жұмыстар басталады.

Жалпы, ауыспалы жобаларды аяқтау және жаңа жобаларды іске асыру үшін 2024 жылға 28,2 миллиард теңге көзделген. Бұдан басқа 21ауылды газдандыруды көздейтін 20,5 миллиард теңгеге 17жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді, — дейді ол.

Соңғы жылдары Ақтөбе қаласының іргесінде көп ауылдар құрылғандықтан, облыс орталығында да көгілдір отын мәселесінің өзекті екені жасырын емес. Ресми дерекке сүйенсек, тұрғын үй массивтері мен өнеркәсіптік нысандарды үздіксіз газбен жабдықтау мақсатында Ақтөбе қаласында «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырытармағының 3-тізбегін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобаның құны — 43,1 миллиард теңге. Бұл іске мердігер ретінде «Отау-Строй» ЖШС таңдалыпты. Жоспар бойынша диаметрі 720 мм және өткізу қабілеті сағатына 526,5 мың текше метр болатын 165 шақырымдық газ құбыры салынады. Құрылыстың өзі 17 айға созылмақ. «Былтыр жобаны бастау үшін 20,5 миллиард теңге бөлінді. Биыл бұл жұмысқа 22,6 миллиард теңге қарастырылған. Орындалған жұмыс көлемі — 30 пайыз», — дейді басқарма басшысы.

Сумен жабдықтау бойынша 7-ші орындамыз

Біздің өңір сумен жабдықтау жөнінен де республика бойынша 7-ші орында тұр. Қазіргі таңда 320 елді мекеннің 283-і ауызсумен қамтылса, жыл соңына дейін соны 300-ге жеткізу жоспарланған. Осы уақытта ақтөбеліктер 37 ұңғыманы пайдаланады.

— Өткен 2023 жылы 5 ауылға — Байғанин ауданындағы Алтай батыр,  Қобда ауданындағы Жарсай, Жарық, Жаңаталап, Ойыл ауданындағы Шұбаршыға орталықтандырылған су желісі жүргізілді. Онда 2285 адам тұрады. Сонымен қатар 13 ауылға — Алға ауданындағы Талдысай, Байғанин ауданындағы Жыңғылдытоғай,  Ырғыз ауданындағы  Қарасай,  Қобда ауданындағы Байтақ, Жарсай-2, Соғалы,  Мұғалжар ауданындағы Көбелей, Көлденең-темір,  Темір ауданындағы Сарытоғай, Шибұлақ, Қопа, Шалқар ауданындағы Есет ата, Талдықұм тәрізді ауылдарға  кешенді блок-модуль орнатылды. Онда 1426 адам тұрады. Бұдан бөлек 3 ауылдың орталықтандырылған су желісіне (Әйтеке би — Қарабұтақ, Алға — Маржанбұлақ, Байғанин — Қарауылкелді) қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі кезде 312 ауылдың 275-і ауызсумен жабдықталған болса, қалған 37 ауылдың ішінде15 ауылға (Әйтеке би ауданы – Белқопа, Аққұм, Ұлғайсын; Алға ауданы – Көктоғай, Тікқайын, Қайыңдысай; Байғанин ауданы— Дияр, Баршақұм, Жаңатаң, Қопа; Ойыл ауданы— Қарасу; Мұғалжар ауданы— Жарық, Құмсай; Темір ауданы— Еңбекші; Хромтау ауданы— Майтөбе) орталық су жүйесі жүргізілсе, 2 ауылға (Ырғыз ауданы — Дүкен; Қобда ауданы — Көк үй) кешенді блок-модуль қойылады. Қалған 20 ауыл соңғы аталған қондырғыны орнатудан бас тартты, бірақ олар санитарлық нормаларға сай келетін су ұңғымаларын пайдаланып отыр.

Жыл соңына дейінхалық саны бойынша 926 мың адамды, елдімекендер бойынша 300-ге жуық ауылды ауызсумен жабдықтау жоспарланып отыр. Ал 2025 жылға дейін облыс халқы ауызсумен толығымен қамтылады, — дейді сұхбаттасушымыз.

Тағы бір өркениет игілігі — энергетика саласына келсек, бүгінгі таңда облыс жұртшылығы қуаты орта есеппен 904 МВт электр энергиясын пайдаланады. Оның 55 пайызы жергілікті энергия көздерінің үлесіне тиесілі.

Тұрғын үйлерді жаңғырту — күн тәртібіндегі мәселе

Облыс бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы саны —
2540.Соның 18 пайызы, яғни 465 үй күрделі жөндеуді талап етеді. Ал 30-ы тіптен апаттық жағдайда тұр.

Көппәтерлі тұрғын үйлердің жағдайын жақсарту мақсатында бюджеттік несие  беру тетігімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл — Үкіметтік жоба. Біздің өңірде аталған іс «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Айталық, 2022 жылы 8 үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге несиеге берілсе, былтыр да сонша үй иелері осындай қарыз алды. 

Осы жылға 17 жобаны жүзеге асыру мақсатында 1,1 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім қолдау тапты, — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.

Көппәтерлі тұрғын үйлердегі тозығы жеткен лифтілер де аз емес. Басқарма басшысының айтуынша, жеделсатыларды ауыстыру көбіне тұрғындардың есебінен жүргізіледі. Бірақ бәрібір республикалық, жергілікті бюджеттен демеу бар.

2014-2022 жылдар аралығында лифт жабдығы — кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ауыстыру күрделі жөндеу жүргізу республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүргізілді. Барлық қаражат есебінен 560,8 миллион теңгеге 71 лифт ауыстырылды.

Ақтөбе қаласы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерде жұмыс істейтін 659 лифтінің 238-і 25 жылдық нормативтік пайдалану мерзімінен асып кетті, яғни ескірген.

Осы лифтілер бойынша басқару нысандарының төрағалары аккредиттелген ұйымдарды тарта отырып, жыл сайынғы техникалық куәландыруды жүргізеді. Қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізіледі, содан кейін сарапшылар оларды одан әрі пайдалану мүмкіндігі туралы қорытынды береді.

Нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен лифтілердің санын қысқарту үшін 2022 жылы республикалық бюджеттен 93 лифтті ауыстыруға 751,1 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда 65 лифтті жаңарту бойынша жұмыстар толығымен аяқталды. Мемлекеттік бюджеттен лифтілерді ауыстыруға бөлінетін қаражат қайтарымды екенін ескерте кету керек, — дейді ол.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button