Білім

Ұлттық тәрбие үзілмеуге тиіс

№40 орта мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Парасат пен пайым» атты әдеби брифинг ұйымдастырылды. Оған мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар қатысты.

Іс-шара барысында жазушы Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» әңгімесі талданып, пікірталас ұйымдастырылды.

—  Біздің өңірімізде де балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін мүмкіндік мол. Осы ретте білім ордалары біздің үміт күтер жас буын балғындардың екінші үйі деп айтсақ болады. Ал сол оқу ғимараттарымыз балалардың көңілінен шығатындай дәрежеде болуы олардың білімге деген құштарлығын арттырары сөзсіз. Қазіргі таңда мектебімізде 1685 оқушы білім алып жатыр. Кезекті іс-шара  «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мен «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары жазушы Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» әңгімесі бойынша пікірлерін айтып,  ұлттық прагматизм төңірегінде әңгіме өрбітті, — дейді мектеп директоры Жанар Терекова.

Сондай-ақ кеш барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Нөкеннің «Түпсана» пьесасы сахналанды. Оның бұл пьесаны жазуына 10 «в» сынып оқушысы Диас Әмин себепкер болған.

«Түпсана» пьесасы бала тәриесіне арналған. Осы шығармада қазақ санасындағы масылдық, енжарлық қасиеттерін әдеби тілмен шебер суреттеуге тырыстым. Оқушымның жазған эссесі маған қатты әсер етті. Пьесаны өткен жылы желтоқсан айында жазып шықтым. Көрініске қатысқан 10 «в» сынып оқушылары Анеля Балабекова, Айкөркем Мұратқызы, Жәнібек Маралбек, Алияр Бисенғали және басқа да оқушыларымыз рөлдерін жақсы ойнап шықты, — дейді ол.

Іс-шараға белсенді қатысқан оқушылардың бірі — Диас Әмин. Ол күн сайын 20-25 минутын кітап оқуға арнайды екен. Мұндағы мақсат — көркем әдебиетке деген құштарлықты ояту.

«Өзіміз түзелмей тұрып, өзгелер түзелмейді» деп жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев айтқандай, кеш барысында бала тәрбиесіне мектеп кезінен көңіл бөлінуі керек екендігі айтылды. Сонда ғана әр бала мектептен білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын табады. Әдеби кеште оқырманға ой салатын Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» шығармасын да талдадық. Бұл шығарманы оқу арқылы ана-анама деген құрметім, махаббатым арта түсті, — дейді оқушы.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button