Ауыл

Аспаз Арман

Еңбек адамы

Соңғы кездері мейрамханалар мен тамақтану орындарында қыз-келіншектермен бірге аспаз ер адамдарды да жиі кездестіруге болады. Көпшілік арасында бұған қатысты екі түрлі пікір бар: бірі «ер адамға қазан-ошақтың қасында не бар?» десе, енді бірі «жігіттер тамақты әйелдерге қарағанда әлдеқайда дәмді пісіреді» деседі.

Жігіттердің не себепті аспаз мамандығын таңдайтынын өздерінен артық ешкім біле қоймас деген оймен тамақтың дәмі мен бабын келтіре әзірлеп жүрген қобдалық Арман Қартбаевпен сөйлескен едік…

Орда бұзар отыздан асқан Арман Қобда қазақ орта мектебін бітірген соң,аудан орталығындағы көпсалалы колледжде аспаз мамандығы бойынша арнайы білім алған. Оқуын бітіргеннен кейін бірнеше мейрамханада аспаз болып еңбек еткен ол бүгінде өзінің туып-өскен ауылындағы «Aruland» ойын-сауық орталығының  асханасында бас аспаз.

Жұмыстан тыс уақытта той-садақаларда ет асып, палау басып, дастарқан дайындауға тапсырыстар қабылдайды. Бүгінде аспаздың бұл қызметіне жүгінетіндер көп екен.

Аспаз — сырт көзге оңай көрінгенімен, қиын мамандық.Бүгінде күнделікті тамақ мәзірімен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Көпшіліктің талғамы мен талабына сай ас әзірлеу мәдениетінің өзгергені сонша — қазіргі қоғам тек мықты аспаздардың ғана еңбегін жоғары бағалайды. Солқатарда болу үшін үнемі шығармашылық ізденісте жүремін, — дейді ол.

«Жігітке жеті өнер де аз». Ас әзірлеу де — өнер. Арманның айтуынша, аспаз болу үшін осы салада білім алу маңызды, ас әзірлеудің қыр-сырын ғана емес, тағам дайындау кезінде қажетті өнімдердің ассортиментін, сапасын да таңдай білу керек.

— Қазір «тамақ пісіру тек әйелдердің жұмысы» деген көзқарас ескірді. Шетелге бармай-ақ, фильмдерінен көріп байқасаңыз, аспаздардың көбі — ер адамдар. Әрі олардың айлық табысы да жоғары. Үлкен асханаларда 12 сағат бойы аяғынан тік тұрып жұмыс істеу әйел адамдарға оңай емес. Жұмыс барысында ауыр заттарды көтеруге тура келеді. Физикалық күштен бөлек, тапсырыс көбейгенде сабыр сақтап, алдағы әрекеттерді ойша жоспарлайтын психологиялық төзімділік те қажет, — дейді Арман.

 Анаргүл АЙТҚАЛИҚЫЗЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button