Ауыл

Қолы епті Ердос

Шалқар мен Бегімбет ауылы аралығына тегіс жол түскелі осы бағыттарға қатынайтын жеңіл көліктер қатары да күрт көбейді. Осы жолдың бойындағы ауылдарда да автокөліктер саны өскен. Мәселен, 135 түтіні бар Байқадам ауылының өзінде қазір әрбір үйге бір-бір жеңіл көліктен келеді екен. Енді осы ауылдарға техникалық қызмет көрсету орталықтары ауадай қажет.

Ауыл тұрғыны Ердос Ізтілеуов осы сұранысты орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасымен 3 миллион 400 мың теңге несие рәсімдеп, техникалық қызмет көрсету орталығын ашып жатыр. Бүгінде ол ауыл ішінен жалпы көлемі 75 шаршы метр болатын көлік жөндеу шеберханасын салып қойыпты. Енді ішкі ұсақ жұмыстарымен  техниканы оңдауға  қажетті құрал-жабдықтарды әкеліп орналастыру ісі қалып тұр.

— Ердос Темірханұлы — ауылымыздың тәжірибелі электригі. Біз оған «қолыңнан іс келетін жігітсің» деп үнемі сенім артамыз. Зайыбы Әсемгүл Аязбаева осындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Екеуі де еңбекқор жандар, әсіресе Ердос кез келген темір тұлпардың тілін біледі. Сондықтан  байқадамдықтар оны «темірден түйін түйген, қолы епті жігіт» деп  атайды. Ауылымыздан техникалық қызмет көрсету орталығының ашылатынына бәрімізде қуаныштымыз, бұл кәсіптің болашағы да бар. Өйткені іргемізден асфальт жол өтіп жатыр, келешекте ауқымды Шалқар-Бейнеу жолы да осы жерге түспек. Көлік қатынасы көбейген жерде техникалық қызмет көрсету орталықтарының болуы заңдылық, — дейді Есет Көтібарұлы ауылдық округінің әкімі Мирамғали Кенжалин.

Жастайынан  үйінен теледидар, басқа да тұрмыстық заттарды жөндеуден бастап, автокөліктердің моторларын да ашып-жинауды меңгеріп алған Ердостың жаңа кәсібіне біз де сәттілік тіледік.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button