Ауыл

Қыстан қысылмай шығады

Кәсіп

Жаңақоныс ауылдық округінде 61 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Олардың арасында төрт түліктің жайын жақсы білетін бұрыннан қалыптасқан табанды шаруашылықтар да бар.

Кешегі кезде «Жаңақоныс» кеңшарының абыройын арттырған шопандар сапында Қайбулла Таласбаевтың есімі де жиі аталған. Оның әкесі Таласбайдың да мал шаруашылығына еңбегі еселеп сіңіпті. Қайратты шағын ат үстінде өткізген Қайбулла шопан көзі тірісінде балаларына атакәсіптен ажырамауды аманаттап, жеке шаруашылық ашып берген екен. «Жанар» деп аталатын сол қожалыққа бүгінде кенже ұлы Есет төрағалық етеді. Құм бойындағы Жиделіге қыстап, жаз мезгілінде жазықтықтағы Тасқұдық мекенін жайлауы еткен шаруашылықта қазір төрт түлік тең өріп жүр.

Кейінгі кездегі қыс мезгілі қай малдың да өрісіне тұсау болып тұрған жоқ. Алайда табиғат-ананың осы бір кеңдігіне арқа сүйеп, қысқы жемшөптің қорына ден қоймауға тағы болмайды. Жиделі күзек қыстағындағы жал-жал болып үйілген шөп қорын көріп, шаруашылық иелерінің тиянақтылығын байқадық.

— Отбасымызбен осы  мал ауылдатұрамыз. Анамыз Хадиша бізге әрдайым ақылшы, бағдаршымыз болып жанымызда жүреді. Шаруашылығымызда әзірге қолға қарап тұрған мал жоқ, барлығы— жайылымда. Қыс қаһарын сездірсе,іріқара мал Борсық құмының ішіне ауып, қыстай өз аяғымен жайылып шығады. Ұсақ-түйек мал қолға тұрған анабір жылдарық ыстай 300-дей орамашөп жеп шықты. Жыл сайын шөп шабу науқанына қамданып, желінген шөптің орнына ртығымен толықтырамыз. Қазір 1500-дей орамашөбіміз бастаусыз тұр. Ауыл шаруашылығына жасалып жатқан қолдаулардың барлығынан да хабардармыз. Жем-шөп әзірлегеніміз үшін Үкіметтен субсидия аламыз, жайлау басынан жеңілдікпен ұңғыма қаздырып алдық, —дейді қожалық төрағасы.

Есеттің алда мал санын арттырсам, шаруашылық техникаларын жаңаласам, шұрайлы шабындық жерлер болса деген тілегі де бар. Қалай дегенде де әке аманатынан ауытқымай, ата кәсіпке адалдық таныту кенже ұлдың абзал борышы екенін аңғардық.

«Жанар» шаруа қожалығы аудан, облыс орталығында өткізілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қоңды малдарын апарып, түрлі қайырымдылық шараларына, мереке күндерінің аталып өтуіне демеушілік танытады.

— Қыстың жайлылығына сеніп, мал азығын дайындауға үстірт қарайтын шаруалар да кезігеді. Бұл ретте «Жанар» қожалығының шөп қорын қалыптастырудағы тәжірибесі өзгелерге үлгі,—дейді Жаңақоныс ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары.

Шөп қоры демекші, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, өткен жылғы шөп шабу науқаны қорытындысы бойынша ауданда 308 750 тонна шөп дайындалған. Аудандағы жеке кәсіпкерлер облыс орталығынан, Қостанай облысынан және де Ресей елінен қажетті жем азығын тұрақты түрде жеткізіп, бүгінде Шалқар қаласының 11 сауда нүктесінде сатылымда тұр. 18-25 келілік қаптағы кебек жемнің бағасы 1350, 1900 теңге болса, 25-30 келілік қаптағы арпа жем бағасы 2500, 2800 теңгеден сатылып жатыр. Сала мамандарының сөзінше, аудан бойынша малдың осы қыстағы жемшөбі жетпей қалады деп алаңдауға негіз жоқ.

М.БОҚАН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button