Спорт

Мерейлі маусым

Жыл үздігі

Әр жылдың әр ұжым үшін өз ерекшелігі болады. Әсіресе он екі айды нәтижелі өткізгендердің мәртебесі биіктен көрінеді. Өткен жылды солай аяқтап, жаңа жылға жаңа серпіліспен қадам басқан ұжымдардың бірі — «Ақтөбе» футбол клубы. Қазақ футболын әлемдік деңгейге көтеріп, бұқаралық спортты дамытудағы жетістіктері үшін «Ақтөбе» футбол клубы өткен жылдың соңында «Жыл үздігі» атағымен марапатталды. Салтанатты жиналыста бұл сыйлықты командаға облыс әкімі Асхат Шахаров тапсырды. «Ақтөбенің» бұрынғы-кейінгі жетістіктерін барлап көрсеңіз, команданың бұл атаққа әбден лайық екендігіне көзіңіз жетеді.

5 мәрте ел чемпионы: 2005, 2007, 2008, 2009, 2013.

4 мәрте күміс жүлдегер: 2006, 2010, 2014, 2022.

4 мәрте қола жүлдегер: 2011, 2012, 2015, 2023.

2008 жылы Қазақстан Кубогы иегері болса, екі рет (1994, 2014) осы кубоктық бәсекенің финалында ойнады.

Үш рет Суперкубокты жеңіп алды: 2008, 2010, 2014.

2 рет Бірінші лиганың жеңімпазы болғанын да ескерте кеткен мақұл: 2000, 2020.

Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның сыйымдылығы — 12 800 адам.

Алғашқы турлар

Өткен жылғы чемпионатты «Ақтөбе» ерекше екпінмен бастады.

Алғашқы үш турды да жеңіспен аяқтады. Сырт алаңда «Жетісу» мен «Астананы» жеңсе, өз алаңымызда «Оқжетпестен» басым түсті. Басым түскенде де, көкшетаулықтарды — 5:1, елордалықтарды 4:1 есебімен ұтты.

 Көп гол соқты, аз өткізді

«Ақтөбе» қарсыластар қақпасына гол өткізуде де жарқырап көзге түсті.Чемпионат барысында ең көп гол соққан үш команданың бірі болды. «Ордабасы» футболшылары 48 гол өткізсе, «Ақтөбе» мен «Қайрат» қарсыластар қақпасының торын 44 рет тулатыпты.

Сол сияқты жерлестеріміз өз қақпасын да мығым қорғай білді. Айталық, «Ордабасы командасы 21 рет опынса, «Ақтөбе» мен «Қызылжар» 23 рет бармақ тістеді. Ал, мысалы, «Ақтөбемен» құйрық тістескен «Қайратыңыз» қақпасына 32 гол жіберіп алды. «Тобыл» қақпашысы да тордан допты 33 рет алып шықты.

Ірі ұтыстар

«Ақтөбе» чемпионат барысында бірнеше ірі ұтыстарға ие болды.

Өз алаңымызда «Оқжетпесті» 5:1 есебімен ұтсақ, «Атырауды» 4:0 есебімен тізе бүктірдік. «Қайратты» 4:2 есебімен ұту да жерлестеріміздің елеулі табыстарының бірі болды.

 Тең ойындар тежеді

Өткен чемпионаттың қорытындысы бойынша ең аз жеңілген команда «Ақтөбе» болды. 26 кездесуде екі рет қана ұтылды.

Ал чемпион «Ордабасы» 4 рет ұтылса, күміс жүлдегер «Астана» 5 рет ұтылды.

«Ақтөбе» сонда кімнен ұтылды?

Бірінші айналымда «Астанадан» және «Қайраттан» жеңілді, бірақ екінші айналымда екеуін де ұтты.

«Ордабасы» командасынан тіпті жеңілген де жоқ, бір рет ұтты.

«Ақтөбені» чемпиондыққа жеткізбеген — тең ойындар.

Мысалы, осы чемпионатта «Ордабасы», «Тобыл» командаларын былай қойғанда, ең соңғы орындарда қалған, Бірінші лигаға кетуге мәжбүр болған үш командамен — «Оқжетпес», «Каспий» (екі рет), «Ақсумен», бұларға тақау тұрған, турнир кестесінің екінші бөлігінде жүрген «Жетісу», «Мақтарал» тәрізді командалармен тең есеппен ойнауымыз алтын медальға апарар жолды кесіп тастады.

Айталық, 24-турда «Астананы» ұтқан соң күміс жүлдеге жол ашылғандай көрінгенімен, «Оқжетпес», «Жетісу» командаларымен өткен ақырғы 25,26-турларды тең есепен аяқтауымыз 3-орынға табан тіреуімізге әкеліп соқтырды.

Мығым тұғыр

Барлық командалар тәрізді «Ақтөбенің» де сүрінген кездері болды.

Мысалы, Қазақстан Кубогы үшін болған сайыстарда 1/8 финалдан аса алмай қалды.

Лига конференциясында және іркіліп қалды. Грузиялық «Торпедоны» ұтқанымен, Румынияның «Сепси» командасына есе жіберіп алды.

Одан әрі әңгімелесек, өз чемпионатымыздың барысында «Ақтөбенің» бірінші орында келе жатқан командадан 10 шақты ұпай кейін қалған кезі де болды. Төрт турдан бар-жоғы алты-ақ ұпай жинаған да кезі болды. Дегенмен қола үшін сайыста ешкімге дес берген жоқ. Қорытынды кестеде төртінші орындағы «Қайраттан» алты ұпай ілгері тұруы — осының көрінісі.

 Самородовтың жұлдызы

«Ақтөбенің» өткен жылғы жеңістерін еске түсіргенде Максим Самородовты айтпасқа болмайтыны белгілі.

Қатарынан жеңіспен аяқталған алғашқы үш турдың үшеуінде де Максим жарқырап көзге түсті, 4 гол соқты. Бірақ содан соң, қазақша айтқанда, «көз тиді» ме, әлде қарсылас клубтардың қорғаушылары тым жіті назарда ұстады ма, әйтеуір, бұдан соң М.Самородов соңғы тур кездесуінде ғана бір гол соқты. Сөйтіп, чемпионатта барлығы 5 гол иесі атанды.

Дегенмен Максим біздің ұлттық құрамаға жаңа жұлдыз болып қосылды. Бұны әсіресе Еуропа чемпионатының іріктеу турнирлерінде анық көрсетті.

Астанада Словениямен болған кездесуде алғашқы голды 24-минутта осы Максим соқты. Әттең, ойын  қонақтардың пайдасына шешіліп кетті.

Ал Солтүстік Ирландия құрамасымен өткен кездесуде 27-минутта Максим Самородов соққан гол осы тайталастағы жалғыз гол болды.

Басқа ойындарда гол соқпаса да, Максим біздің ұлттық құраманың белді де беделді ойыншысы ретінде жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп жүрді.

Жалпы ұлттық құрамамыздың өткен жылы Еуропа футбол мамандарының ерекше назарына ілігуіне Максиммен бірге, Рамазан Оразов пен Арман Кеңесов те үлес қосқанын айта кеткен жөн. Рамазан Словения құрамасымен өткен ойында гол да соқты.

«Ақтөбе» былтыр мына құрамда ойнады:

Қақпашылар: Стас Покатилов (1992), Мирослав Лобанцев (1995), Әлішер Мәмбетжанов (2002).

Қорғаушылар: Лука Гадрани (1997), Әділхан Таңжарықов (1996), Әлібек Қасым (1998), Дмитрий Шомко (1990), Дмитрий Яшин (1993), Ескендір Қыбырай (1997), Тимур Рудосельский (1994).

Жартылай қорғаушылар: Максим Самородов (2002), Милош Раичкович (1993), Леонел Струмия (1992), Арман Кеңесов (2000), Бауыржан Байтана (1992), Ихаб Ганаем (1992), Дмитрий Бессмертный (1997), Нұрдәулет Ізбасаров (2002), Ислам Аманғали (2003).

Шабуылшылар: Элдер Сантана (1993), Андрия Филипович (1997), Франк Андерсон Ньянгбо (1999), Абылайхан Жұмабек (2001), Рожерио Алвеш Шина-Дос Сантос (1996), Роман Изотов (1996).

Командадан кетіп қалғандар: қорғаушы Даниил Пенчиков (1998), жартылай қорғаушы Артурас Жулпа (1990), шабуылшы Ыдырыс Умаев (1999), шабуылшы Уго Видемон (1993).

Бас бапкер: Андрей Карпович (1981).

Сұрмергендер:  

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 5 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 5 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 4 гол;

Андерсон Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 3 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 гол,

Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 гол.

Бапкер

2022 жылы «Ақтөбеге» кезекті рет бас бапкер болып келген Владимир Мухановтың жолы болыңқырамады. Жерлестеріміз 5-тур ойындарынан соң-ақ сегізінші орынға сырғып түсті. Ал 8-турда «Тараздан» 0:3 есебімен ұтылуымыз жанкүйерлерді тіпті түңілдіріп жіберді.

Басшылық бас бапкерді өзгертпесе болмайтынын ұқты да, бұл қызметке Андрей Карповичті шақырды. Жаңа бапкер футболшылармен қалай тіл табысқанын кім білсін, Андрей Владимирович келісімен,«Ақтөбе» сегіз тур бойы тек жеңіске жетумен болды: өз алаңымызда «Тобылды», «Астананы», «Ордабасын», «Ақсуды», «Қызылжарды», сырт алаңда «Атырауды», «Шахтерді» «Тұранды» жеңді. Сөйтіп, сегіз ойында 24 ұпай жинады. Турнир кестесінің ең басына шықты. Бірақ әлдеқандай түсініксіз себептермен соңғы турларға дейін алтыннан дәмелі «Ақтөбе» чемпионатты екінші орынмен аяқтады.

Ал өткен жылы қола медальмен қанағаттандық.

Дегенмен ақтөбелік жанкүйерлер командамызды ең қиын кезеңде ілгері сүйреп шығарған Андрей Владимировичке риза екендіктеріне дау жоқ. Биыл жоғары топқа қайта қосылған семейлік «Елімай» командасына ауысқан В.Карпович осылайша Ақтөбе футболында жарқын із қалдырды.

Енді оның орнына жаңа бапкер — тағы бір Владимирович келді. Дмитрий Владимирович Парфенов қазір командамен бірге оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қадамы оң болсын! «Ақтөбені» ең биік тұғырдан көрейік.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button