Ауыл

Қыста қысылмай шығады

Қарғалы ауданында биыл қыс айларына 48 мың тонна шөп, 47 мың тонна жем  дайындалған. Оның ішінде қыстақтарға 57,9 мың тонна, ауласында мал ұстап отырғандарға 53,3 мың тонна жем тасылған.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалиннің айтуынша, бүгінде ауданда жалпы саны 233 ауыл шаруашылығы құрылымы болса, оның 24-і — жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 16-сы — өндірістік кооператив, ал 193-і — шаруа қожалығы.

Былтыр ауданда өндіріске кеткен малдан басқа  652 ірі қара малы мен 700 қой сатып алынды. Жалпы есеп бойынша ауданда қысқа түскен 22 384 ірі қара, 28 071 ұсақ мал, 4672 жылқы, 3950 шошқа, сондай-ақ 54 114 құс бар. Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласында жиналған өнімнің жалпы мөлшері 37 миллиард 423,5  миллион теңге болды.

Қысқы жемшөпті де жеткілікті мөлшерде дайындадық. Аудан бойынша 111,2 тонна жемшөп дайындалды. Яғни қажеттілік 108,9 мың тонна десек, бұл тапсырма 102,1 пайызға орындалды, — дейді Қ.Рсалин.

Өткен жылдың соңында аудандағы қыстақтар ветеринариялық-санитарлық дизенфекциядан өткен. Ветеринарлар малға түрлі профилактикалық тексерулер жүргізген.  Бүгінде сала мамандары шаруашылықтардың қыстан қысылмауы үшін олармен үнемі хабарласып отырады. Аудандағы қожалықтардың дені жол, жарық пен сумен қамтамасыз етілген.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button