Ауыл

Бірлігі жарасқан ауыл

Ауыл тұрғындары қолда бар жәдіргерлерін жинақтап, көрме залын ашты.

Былтыр 9 мамыр қарсаңында Алға ауданындағы Ақай ауылында «Еңбек даңқы» көрме залы ашылған еді. Тұрғындардың бастамасымен ашылған мәдени орталық бүгінде жерлестер бас қосып, өткенді еске түсіретін орынға айналды.

Бұл көрменің ашылуына бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. Барлығын ауылдың байырғы және қазіргі тұрғындары өз қаражаттары есебінен жасап шығыпты. Сондай-ақ ата-бабалары туралы мәліметтерін жинақтап, қолында бар құнды жәдігерлерін әкеліп берген.

Бөлме жарына ілінген тақталардан осы ауылдың дамуы жолында еңбек еткен азаматтардың суреттерін көре аласыз.

Бір бұрышқа кезінде «Парижская коммуна» ұжымшарын (қазіргі Ақай ауылы — ред.) басқарған Валентин Фоменко туралы толық мәлімет қойылған.

— Бұл көрме залы Валентин Фоменкомен жеті жыл қызметтес болған Бағлан Баймағамбетовтің бастамасының арқасында ашылды. Жақсының жақсылығын айту керек, Валентин Фоменконың тұсында ауылымыз көркейіп, гүлденген еді. Бағлан Әуелбекұлы көрме ашу туралы ұсынысын менің ұстазым Зибагүл Нағметқызына айтады. Сол кісінің өтінішімен осы бір үлкен істі өткен жылы ақпан айында қолға алдым. Үш айдың ішінде жан-жаққа хабарласып, ауылдағы Мәдениет үйінің бір бөлмесін «ауылдың архивіне» айналдырдық. Сөйтіп, көптің қолдауымен ауылдастар болып жасаған көрме залы8 мамыр — Валентин Фоменконың туған күнінде ашылды, — дейді бүгінде зейнет жасына шыққан Ақай ауылының тумасы Күмісай Қожантаева.

Көрме залының ашылуына ауылдан көшіп кеткен азаматтармен қатар, Валентин Фоменконың  қыздарыГалина мен Ольга да арнайы келіпті.

— Бұл көрме залын ашудағы ең бірінші мақсатымыз — ауылымыздан шыққан соғыс және еңбек ардаргерлерінің және осы елді мекенде басшылық еткен Валентин Фоменконың ерен еңбегін келешек ұрпаққа насихаттау,үлгі ету. Сондай-ақ көптен көрмеген жерлестердің басын туған елдің топырағында қосу болатын. Ынтымақ пен бірліктің арқасында бұл мақсатымызға жеттік.

Ашылу салтанатына алыс-жақындағы ауылдастардың бәрі келді. Бүгінде тоқсанның төріне шыққан Зәуреш Шоқпытова көрмені көргенде көзіне жас алды. Ол Фоменконың кезінде ауылдың бас дәрігері болған. Көрме залына оның жас кезіндегі суреттері мен жұмыс барысында қолданған заттарын да қойған едік, — дейді Күмісай Қожантаева.

Көрме залы ауылдық Мәдениет үйінде ашылғанымен, әкімдіктіктің балансына берілмеген. Мұражай мәртебесін алу үшін ондағы жәдігерлер саны 300-ге жетуі керек екен. Қазіргі таңда Күмісай Қожантаева осы бағытта еңбектеніп жатқанын, ауылдың тарихы мен ескі картасын іздеп жүргенін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button