Білім

Рухани құндылықтар оқушы әлемін кеңейтеді

Мектеп

Әдебиет пәні — оқушы бойына биік эстетикалық талғам, адамгершілік құндылықтары мен ұлтжандылық қасиеттерді дамытатын жетекші пән. Ендеше, әдебиетші ұстаздардың жүгі де бұл тұрғыдан жауапты болмақ.

Бағдарламаға енбесе де, оқушыларға өзінің туып-өскен жерінің сыр бүгіп тұрған әр құмы, сайы мен тасы тұнып тұрған аңыз екенін сезіндіру, оларды іздену, зерттеуге жетелеу — парызымыз.

Қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров: «Өз елін, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді?!»деп жырлағандай, мен де өз сабақтарымда, сыныптан тыс жұмыстарымда Ақтөбе өңірінің әдеби құндылықтарын, фольклорлық жауһарларын, жыраулары мен ірі әдебиет өкілдерінің шығармашылығын оқушы зердесіне құйып отырамын. Ауыз әдебиетінің биік үлгілері — «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» жырлары оқиғаларының кейбір тізбегінің біздің жерімізде өткендігі, Жерұйық іздеген Асанқайғының табанының ізі осы топырақта қалғаны баршаға аян. Оған Асан жиһангердің мына сөздері дәлел: «Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған,

Оймауыттай тоғай егіннің,

Ойына келген асын жейтұғын

Жемде де кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің,

Ойыл деген ойынды,

Отын тапсаң тойынды,

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылдан елді көшірдің…».

Кешегі күннен келелі сөздері кейінге мұра болып қалған Мөңке би Тілеуұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақпан Әйтбекұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Әлима Қабылқызы, Сары Батақұлы, Нұрпейіс Байғанин, т.б. ақын-жыраулар шығармашылығын, олар өмір сүрген кезең мен ұстанған бағыттарын зерттеп, зерделеу үшін оқушыларды ізденуге бағыттаған жөн деп білемін. Ақтөбе өлкелік әдебиетін даму кезеңдеріне қарай топтастырып бөліп, оқушыларға тапсырма беру олардың жүйелі дайындалуына жол ашады.

«Жыраулар поэзиясы», «Отаршылдық кезеңдегі өлке әдебиеті», «ХХ ғасыр басындағы әдебиет», «60-жылдары әдебиетке келген өршіл жастар», «Әдебиеттегі кейінгі толқын» деген тақырыптар бойынша топтық тапсырмалар беріліп,оқушыларымыз ақтөбелік қаламгерлер жөнінде мәліметтер жинап, еңбектерін қорғады.

Оқушылар «Ақтөбе» энциклопедиясын, «Бес ғасыр жырлайды» кітабын, «Ақтөбе әдеби антологиясын» пайдалана отырып,өз өлкесінің әдеби құндылықтарын бағалай білу,мақтаныш ету сезімдерін бастан кешіргені анық. Негізінде, жергілікті әдебиет оқу бағдарламасында арнайы қамтылмаса да,сыныптан тыс жұмыстарда,таңдау курстарында насихатталып отырса, ұтылмасымыз анық.

Айымторы КЕНЖАЛИНА,

Сарыжар жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button