Мәдениет

Өресі биік елдің өнері үстем болады

Әне-міне дегенше 2024 жыл да басталды. Осы мезгілде көпшілік тарих қойнауына өткен 12 ай бойы атқарған жұмыс-жобаларын қорытындылап, алдағы ой-жоспарды саралайтыны анық.

Бұл ретте біз өңірдің мәдениет саласының өткен жылғы көрсеткіштерін бағамдаған едік…

 Ерекше даталар ескерусіз қалмады

Өткен жылда атаулы даталар мен мерейтойларға аз болған жоқ. Айталық, атақты қолбасшылар — Сұлтан Бейбарыстың — 800, Әбілқайыр ханның — 330, Сырым Датұлының — 300, көрнекті мемлекет және мәдениет қайраткері Темірбек Жүргеновтің — 125, Ақтөбеден шыққан белгілі қаламгерлер — Тахауи Ахтановтың — 100, Өтебай Канахиннің — 100, қазақтың тұңғыш балеринасы, жерлесіміз Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығы атап өтілді. Аталған тарихи тұлғалардың мерейтойлары Ақтөбеде қалай тойланды?

— Былтыр халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тахауи Ахтановтың 100 жылдық мерейтойы ауқымды түрде аталып өтті. Cәуір айында «Боран» драмасының тұсаукесері өтті.  Сахналаған — Тахауи Ахтанов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Елтай Кемал. Сондай-ақ «Театр — өнердің ұлы көші» ХІ халықтық театрлар фестивалін де осы атаулы датаға арнадық. Бұл алғаш рет республикалық деңгейде өткізілді.

Қыркүйек айында «Тахауи Ахтанов алаңы» театр форум-фестивалі ұйымдастырылды. Бір апта бойы театр саласының қызметкерлері осы өнер түрінің бүгінгі дамуы, мәселелері туралы ой бөлісіп, шеберлік сабақтарына қатысты. Осы шара аясында Ахтанов театрының тарихына арналған кітаптың  тұсаукесері  мен шағын музейдің  ашылуы болды. Іс-шаралар легі «Шырағы сөнбеген заңғар жазушы» гала-концертімен тәмамдалды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы республикалық қана емес, халықаралық  деңгейде аталып өтті. Соның  құрметіне сәуір айында «Балауса» халықаралық эксперименталды театрлар фестивалі ұйымдастырылды. Артынша «Темірбек Жүргенов және түркі әлемінің рухани бірегейлігі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.

Ал даңқты қолбасшы Әбілқайырханның 330 жылдығы аясындаотандық, шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Әбілқайыр хан: қолбасшы, билеуші және саясаткер» аттығылыми конференция ұйымдастырылып, «Әбілқайыр хан» тарихи драмасының тұсауы кесілді. Қойылым режиссері —Қазақстанның мәдениет қайраткері Сайлау Қамиев. Сондай-ақ мерейтой аясында Әйтеке би ауданында орналасқан «Хан  моласы» қорымында ас беріліп, Орынбордағы Бопай ханымның  жерленген  жерінен  алынған топырақ Әбілқайыр хан бейітіне әкелінді. Қараша айында Әбілқайыр ханның 330 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» республикалық айтысы шымылдығын түрді.

Ақтөбе өңірінен шыққан тұңғыш қазақ балет бишісі Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығы да ескерусіз қалмай, «Би биігіндегі ғұмыр» республикалық практикалық конференциясы аясында«Аққу» бишілер байқауы, «Қазақ балетінің қарлығашы» республикалық эссе байқауы ұйымдастырылды.

«Оқитын өлке» акциясы жобасы аясында Өтебай Қанахиннің 100 жылдық мерейтойы да аталып өтті. Атап айтсақ, дәстүрлі «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет байқауы аясында «Талант пен тұтастық»атты конференциясы өткізілді, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

Осы орайда 2023 жылыоблыстық мемлекеттік архивтің ғасырлық тойы аясында «Тарих және архив: тың деректер мен өзекті мәселелер» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп, «Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіне — 100 жыл» кітабы мен сақталған құжаттар негізінде әзірленген «Ұлы Отан соғысының тарихынан. 1941-1945 жылдар» ғылыми-көпшілік жинақтың жарыққа шыққанын айта кеткен абзал.

Мәдени мұра

Өткенсіз болашақ жоқ екені белгілі. «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттаудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілген еді. Былтыр жол картасына 18 жоба енді. Соған сәйкес Алмат  тамы, Оңалбек ата, Қыз әулие кесенелері, Ор өзенінің бойындағы Көк мешіті ғимаратықалпына келтірілді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Байғанин ауданындағы Дәуімшар қорымындағы Мырзамұрын мавзолейі мен Қарасақал қорымындағы сағанатамдар және Шалқар ауданындағы Тоқпан мавзолейіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жан-жағы қоршалды. Сонымен қатар бірнеше жылға созылған Темір ауданындағы Досжан ишан кешенін қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетіп, үлкен мемориалды кешен ашылды. Өз кезегінде Қызылтам кесенесіне және Едіге жалы қорымындағы ортағасырлық кесенеге реставрация және консервациялауға ғылыми жобалық құжаттама әзірленді.

Ескірмейтін естеліктер

Қараша айында Ақтөбе қаласында өткен «Халықтардың ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар»халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында ғұн дәуіріне қарасты табылған құнды ескерткіштер көрсетілді, артынша Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстандағы филиалы ашылды.

Сондай-ақ ғұн дәуірінің мұраларын зерттеу мен зерделеу ісін, ата-бабаларымыздың тарихын ұлықтау мақсатында жерлесіміз, күйші Тұрар Әліпбаевтың «Ғұн бабалар»күй-дастанының тұсаукесері өтті. Туындыны А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрі орындады.

Театр ғимараты салынады, ауылдық клуб ашылды

Желтоқсан айының басында Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ахтанов театрына жаңа ғимарат салуды тапсырғаны белгілі. Бұл жаңалықты актерлер, әрине, үлкен қуанышпен қабылдады. Өйткені труппа өкілдерінің бұл мәселені айтып жүргеніне біраз болған…

2023 жылы 5  ауылдық клубқа  күрделі жөндеу  жұмыстарын жүргізу үшін  432,6 миллион теңге бөлінді. Қазіргі  таңда  Алға ауданы Тамды, Тікқайың, Тоқмансай ауылдарындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.Әйтеке би ауданыЦелинник мәдениет үйі мен Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық клубының күрделі жөндеу жұмысы қараша айында аяқталды.Ал құрылыс бойынша 5 жоба бекітіліп, соның ішінде Темір ауданына қарасты Жақсымай ауылдық округінде 150 орындық ауылдық клуб үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Хромтау ауданы Дөң ауылы, Шалқар ауданы Мөңке би және Қауылжыр ауылындағы 3 нысанның құрылысы осы жылы тапсырылады деп жоспарлануда, — дейді басқарма басшысы.

Өткен жылы ашылып, пайдалануға берілген жалғыз нысан — Мәртөк ауданына қарасты Қаратоғай ауылдық клубы. 150 адамға шақталған мәдениет мекемесі ғимаратының құрылысына 106,4 миллион теңге жұмсалды.

Сондай-ақ мамыр айында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Жастарды зияткерлік дамыту» орталығыашылды. Мұнда жастардың жеке шығармашылықпен айналысуына, заманауи жабдықталған техникамен жұмыс істеуіне жағдай жасалған.

Ал С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханасы жанынан маусым айында «Makerspac» креативті шеберханасы пайдалануға берілді.Бұл жердеоқырмандар 3D принтермен қағаз басып шығару, робототехника, электроника мен ғылыми тәжірибелер жасау мүмкіндігіне ие. Және олар әртүрлі гаджеттер мен материалдарды пайдаланып, компьютерлік бағдарламалау, металл өңдеу, дәнекерлеу сияқты қолданбалы өнер мен т.б. тақырыптар бойынша тренингтер мен семинарларға қатыса алады.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыс тұрғындарына барлығы 480, соның ішінде 472 мемлекеттік мәдениет мекемесі қызмет көрсетеді: 236 кітапхана, 197 клуб, 19 музей, 1 планетарий, 2 театр, филармония, т.б. Осы салада еңбек ететін қызметкерлердің саны 3 мыңнан асады.

 

Ақтөбенің бренді

Қоян жылында ақтөбелік бірқатар мәдениет қайраткері мерейтойын атап өтті. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі дирижер әрі композитор Қайырғали Қожанбаев 85 жасқа толса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші әрі оқытушы Марат Әйтімов 60-шы көктемін қарсы алды. Екі атаулы датаға орай аталған мәдениет майталмандарының мерейтойлық кеші өтті.

Сондай-ақ М.Әйтімов атындағы «Дауыс» республикалық вокалистер байқауы, «Бақытты бала» халықаралық ашық балалар фестиваль-байқауы, «Жұбановтар әуені» вокалистер мен оркестр ұжымдарының, хор музыкасының байқауы, «Ассалаумағалейкум!» халықаралық қуыршақ театрлар фестивалі, «Сәйгүлік» бард әншілер байқауы, «Қобыланды деген ері бар…» республикалық жыршылар байқауы, т.б. өтті. Бұлардың барлығы — аз уақытта Ақтөбенің брендіне айналып үлгерген жобалар.

— Соңғы жылдары жәрмеңке мәдениетін жаңғырту мақсатында Ырғыз ауданындағы «Жармола», Ойыл ауданында Көкжар жәрмеңкесі аясында алғаш рет «Тары FEST» республикалық этнофестивалі ұйымдастырылды. Бұл да Ақтөбеміздің беделін асырып, абыройын асқақтату жолында жасалып жатқан жұмыстар, — дейді А.Юнисова.

Жалпы, өткен жылы өңірде облыстық 16 күй мен жыр байқауы, 1 республикалық айтыс өтті.

Осы орайда Ақтөбенің атын асқақтатып жүргендердің былтырғы жетістіктеріне тоқталсақ. Бұған дейін де талай жеңісімен қуантқан жас әнші Нарқыз Жанұзақова «Жас қанат —2023» жас орындаушылардың республикалық байқауында I орынды жеңіп алса,Әйтеке би ауданына қарасты Ақтасты ауылының 9 жастағы әнші қызы Ақерке Орынбайқызы АҚШ-та өткен «Жемчужина Нью-Йорка» халықаралық байқауының бас жүлдесін иемденді.

Осы жылы бізді не күтеді?

Биыл Қаныш Сәтбаевтың — 125, Құдайберген Жұбановтың — 125,  Әбдіжәміл Нұрпейісовтың — 100, Бердібек Соқпақбаевтың — 100, Рәбиға Сыздықованың — 100, Сара Мыңжасарованың — 100 жылдықтарына орай облыс көлемінде 28 мыңға жуық  шараөткізу жоспарланып отыр. Мұнымен бірге өңірде тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және қалпына келтіру мақсатында 2024 жылға «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында 14 жоба іске асырылмақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button