Пікір

Келешекке бағдар — баянды өмір бастауы

Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор:

— «Egemen Qazaqstan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыптағы көлемді сұхбатын оқып шықтым. Осы сұхбатта елді елең еткізер жағдай — Президенттің қаңтар оқиғасына қатысты жауабы. Тілшінің сауалына Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтар оқиғасын жан-жақты қамти отырып, ел-халыққа түсінікті әрі нақты жауап берген. Соның ішіндегі басты түйін — Президенттің ойынша, қаңтар оқиғасының негізгі себебі — жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар. Міне, осының мән-жайын, мазмұнын Президентіміз өз сұхбатында жан-жақты, терең түсіндіріп берді.
Әрине, елімізде тұрақтылық бар, дей тұрғанмен халық арасында тек қаңтар оқиғасына ғана емес, жалпы биліктің басқару жүйесіне, болмаса үкіметтің жұмысына қатысты әртүрлі пікірлер айтылады. Президенттің айтуынша, елімізде бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне тосқауыл қойылады. Сонымен қатар Президенттің қосарланған билік туралы, қаңтар оқиғасының тууына осындай жүйенің себеп болғанын, қазір мұндай биліктің келмеске кеткенін айтуы да бұл сұхбаттың халық үшін маңыздылығын арттыра түскендей.
Жоғары оқу орнының ұстазы болғандықтан әрі білім мен ғылым саласында жүргендіктен, бұл сұхбатта көңілімнен шыққаны — Президенттің өткенді аңсаумен өмір сүрмей, келешегімізді кемелді етуге ұмтылуымыз керек деген пікірі. Бұл — өте орынды әрі біздің көкейімізге қонымды пікір. Әрине, біздің көне тарихымыз бар. Оған сөз жоқ. Тарихты білмей болмайды. Дей тұрғанмен біз өткенімізді айтып, көксей бергеннен гөрі, бүгінгі мүмкіндіктерімізді, болашағымызды бағамдауымыз, мақтана бергеннен гөрі, өз мінімізді, кемшілігімізді көрсете білуіміз керек дегенді айтады. Бұл — өте дұрыс айтылған әңгіме. Өйткені бүгін жасаған ештеңесі жоқ халық өткенін аңсап өкси береді.
Қазір әлемде төрдегі орын — білімділер мен біліктілерде. Бір сөзбен айтқанда, озық ойлы ұлттардың орны — төрде. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек. Өткенді аңсау, бүгінгі даңғойлық мақтан ұлтты өшірмесе, өсірмейді. Осының бәрін алып қарағанда, Президенттің бұл сұхбаты зор мазмұнға ие және бүгінгі күннің талабына сай. Бұл — жас ұрпаққа, жалпы халқымызға ой тастайтын, бағдар болатындай сұхбат. Келешекке бағдар жасау арқылы біз тәуелсіздігімізді баянды етеміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button