Мәдениет

Көненің көзі

Мәдени шара

Соңғы жылдары облысымызда тарихи-мәдени мұра объектілерін қайта қалпына келтіру жұмыстарына айрықша көңіл бөліне бастады. 2022-2023 жылдары Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің тарихшы, сәулетші, реставратор ғалымдарының қатысуымен Алматы, Ақтөбе қалаларында халықаралық деңгейде ғылыми-әдістемелік кеңес өтіп, облыс аумағында қайта қалпына келтірілуі тиісті ескерткіштер жайы талқыланды.

Өткен жылы Алға ауданындағы Шәкен ишан мешітіне, Абат-Байтақ қорымындағы құлпытастарға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Алмат тамы кесенесіне ғылыми-реставрация жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты. Атап айтсақ, Мұғалжар ауданында бұрынғы Ор ауылындағы Көк мешіт ғимаратына, Қобда ауданында Абат-Байтақ қорымындағы жұртшылық «Қыз әулие» деп атап кеткен кесенеге, Шалқар ауданында Балғасын кешеніндегі Оңалбек ата кесенесіне, Ырғыз ауданында Алмат тамы кесенесіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді.

Биыл облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының ұйымдастыруымен орталық директоры Ф.Досмұратов, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы А.Құрманова, «Маңғыстау реставрация» ЖШС директоры Қ.Озғамбай бастаған топ Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз аудандарына барып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген ескерткіштерді көріп қайтты.

Іссапар барысында арнайы жасақталған топ Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз аудандарында  тарихи ескерткіштер орналасқан елдімекендердің тұрғындарымен кездесіп, Көк мешіт, Оңалбек ата кесенесі, Алмат тамы кесенесі ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Алмат тамы — XIX ғасырдың аяғында салынған сәулет өнері ескерткіші. Жобасы мен архитектура — шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Көк мешіт Мұғалжар ауданы Құмсай ауылынан 13,5 км солтүстік-солтүстік шығыста, бұрынғы Ор ауылы аумағында орналасқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кешен 1902-1905 жылдары тама руынан жиналған қаржыға тұрғызылған, сондықтан мешіт «Таманың көк мешіті» деп аталған. Елек, Ор, Жем өзенінің бойындағы жалғыз мешіт болған. Оңалбек ата кесенесі — орта ғасырлық сәулет өнері ескерткіші. Шекті руынан шыққан әулие Оңалбек атаның құрметіне тұрғызылған бұл кесененің жалпы биіктігі — 8,8 метр. Оңалбек ата кесенесі шамамен 17-18 ғасырларда қабырғалары сапалы күйдірілген кірпішпен өрілген далалық сәулет өнерінің таңдаулы үлгілерінің бірі саналады.

Биыл «Маңғыстауреставрация» арнайы ғылыми-реставрациялау шеберханасымен бірлесе отырып бірқатар ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Облысымызда 863 жергілікті маңызы бар, 9 республикалық, 1400-ге жуық қосымша тізімге алынған ескерткіш тіркелген. 2019 жылдан бері «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында ескерткіштерді қорғау, сақтау, қалпына келтіру бағыты бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 Қайырхан ЖҰБАНИЯЗОВ,

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының инспекторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button