Мәдениет

Тәуелсіздікпен құрдас өнер ұжымы

Биыл Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияға қарасты Қазақ камералық хорының құрылғанына 32 жыл толды. Осыған орай хордың көркемдік жетекшісі Мербол Құспановпен сұхбаттасқан едік…

Хор тарихы

1991 жылы 52 адамнан тұратын қазақ камералық хор ұжымының негізі қаланды. Оның алғашқы көркемдік жетекшісі және дирижері Тұрым Алагөзов болды. Сол кездің өзінде ұжым репертуарында хорға лайықталған қазақ әндері, халық композиторларының, орыс және шетел композиторларының шығармалары болған еді.

Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі Мербол Құспанов түрлі қиындықтар салдарынан хор ұжымының тарап кеткен кездері де болғанын айтады. Үлкен ұжымды қайтадан құруға 2000 жылдың «Мәдениет жылы» деп аталуы, осы жылы мәдениет саласында көптеген іргелі істердің атқарылуы себеп болған сияқты. Филармония ұжымы хордың қайта құрылуына аталған мекеменің сол кездегі директоры болған Есенгелді Дүйсенбаевтың да қосқан үлесі аз еместігін айтады. 2000 жылы 10 тамызда «Ақтөбе облысы әкімінің камералық хоры» деген атпен қайта ашылған ұжымның көркемдік жетекшісі болып Несібелі Қоңырбасова тағайындалды.

Қайта жаңғырған хор ұжымында  ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Марат Әйтімов, Мирас-Құралай Бекжановтар, Жұлдыз Нұрқасымова сынды өнерпаздар өнер көрсетті.

Мен 2011 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хорына артист және хормейстер болып келдім. 2015 жылдан бастап көркемдік жетекші болып қызмет атқарамын. Өз ісін жақсы білетін, жақсы көретін кәсіби мамандармен жұмыс істеу маған шабыт сыйлайды.

Әлі есімде, камералық хордың алғашқы іссапары Санкт-Петербургтен басталды. Ол кезде хор өнерінің халықаралық «Поющий мир» фестиваліне Қазақстанның атынан қатысқан едік. Оған Қытай, Франция, Бельгиядан,  Ресейдің Якутия аймағынан, Мәскеу, Екатеринбург, Ставрополь сияқты көптеген қалаларынан келген 40-тан астам хор ұжымы қатысты. Солардың арасынан қазақ камералық хоры І орынды жеңіп алды. Бұл біздің ұжым үшін үлкен жетістіктің бастамасы еді, — дейді хордың көркемдік жетекшісі Мербол Құспанов.

2002 жылы Алматыдағы «Қазақконцертте» камералық хордың жеке кеші ұйымдастырылып, ұжымға «Бақытжан Байқадамов атындағы хор капелласынан кем түспейді» деп баға беріледі. 2005 жылы Алматыдан камералық хордың алғашқы көркемдік жетекшісі Тұрым Алагөзов қайтадан шақырылып, хорға арнап өңдеген туындылары камералық хордың репертуарына қосылады.

2008 жылы Алматы, Астана қалаларында камералық хордың жеке концерттері ұйымдастырылды. Үлкен ұжым құрылғалы бері көптеген гастрольдік сапарларға шығып, өнер көрсетіп келеді. Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына орай республикалық деңгейде Ақтөбеде өткен іс-шара аясында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай операсынан» үзінді қойдық. 2019 жылы Украинаның Одесса қаласында өткен «Южная Пальмира» атты 24-ші халықаралық хорлар мен вокалдық ұжымдар арасындағы байқауда бас жүлдені иелендік. Одан кейін Ресейдің Саратов қаласына арнайы шақыртумен барып, жеке кешімізді өткіздік.

Қазір қазақ камералық хорының құрамында 38 артист бар. 2021 жылы ел Президентінің Құрмет грамотасын иелендік. Алға қойған жоспарымыз көп. Болашақта мемлекеттік академиялық хор ұжымы болсақ дейміз, — дейді Мербол Құспанов.

Кореяда қазақ әндері шырқалды

Өнер ұжымы жыл сайын облыстық хор музыкасының чемпионатын өткізіп тұрады. Оған қоса ашық аспан аясындағы концерттер, джаз, музыка фестивальдерін ұйымдастырады. Әлемнің алпауыт елдерінің әйгілі сахналарында өнер көрсетіп жүрген ұжымның жаңалықтары да баршылық. Осы жылы Кореяның бірнеше қаласында VII қысқы халықаралық хор музыкасы фестивалі және симпозиумы аясында Қазақ камералық хорының өнерпаздары таң самалы елін өнерімен тамсандырды. Биыл 21-24 ақпан күндері Оңтүстік Кореяның Чеджудо аралында ұйымдастырылған Азия мемлекеттерінің арасындағы қысқы мәдени іс-шарасының симпозиумында тамаша өнер көрсетті. Фестиваль аясында олар Кореяның Инчхон, Пусан, Чеджудо аралы, Со Гю По, Ансан, Пхёнтхэк, Сеул қалаларында жеке концерттерін және шетелдік ұжымдармен бірлескен Достық концерттерін де өткізді. Өткен жылдың қыркүйек айында Түркияның Изник, Бурса қалаларында жеке концертін өткізген Қазақ камералық хоры төртінші дүниежүзілік көшпенділер ойынына да қатысты.

Корей халқының қазақ өнерпаздарына деген құрметі ерекше болды. Олар қай жерде концерт өтсе де, іс-шараға уақытынан бұрын келеді. Корейлер түркі музыкасын камералық хордың орындауында алғаш рет тыңдады. Әсіресе корей халқының «Ариранг» әнін айтқанымыз оларға ұнағаны соншалық — қайталап орындауымызды сұрады. Қазақ камералық хоры бұл фестивальге 12 тілде ән дайындап келген еді. Жалпы өнер ұжымының ән қоржынында 600-ден астам ән бар. Көрерменнің қошеметін көру өнер адамына үлкен шабыт береді.  Біз фестиваль аясында әлемдік деңгейдегі мықты деген өнер ұжымдарымен тең өнер көрсеттік, — дейді Мербол Құспанов.

Отыз жылғы еңбек

Қазақ камералық хорында 30 жылдан астам уақыт өнер көрсетіп жүрген Дина Ниязова хор ұжымының жетістіктерін әлеуметтік желідегі парақшасында ұдайы жариялап отырады. Қазақ камералық хоры іссапар алдында әуежайда үнемі қазақ әндерін әуелете шырқап, өзге ұлттардың қазақ өнеріне деген қызығушылығын арттырып жүретінін де әлеуметтік желі арқылы көрдік.

Қазақ камералық хоры ашылған кезде Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде оқитынмын. Хор ұжымының дайындықтары осы колледждің ғимаратында өтетін еді. Менің де арманым осындай үлкен хор ұжымында өнер көрсету болатын. 1993 жылы хор артисі болып жұмысқа орналастым. Ол кезде 4-курс студенті едім. Оқуымды аяқтаған соң оркестрге ауысып, еңбек жолымды бастадым.

2011 жылы жас, жігерлі дирижер Мербол Құспановтың келуімен қазақ камералық хорына қайта оралдым. Оған дейін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі болып жұмыс істедім. Мербол — өз ісіне жауапты, әрбір ісін асқан тиянақтылықпен орындайтын адам. Осындай өнер ұжымында өнер көрсету — мен үшін зор бақыт.

Ақтөбе — мәдениетке ерекше мән берген өңір. Өңірімізде қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, академик Ахмет Жұбановтың және ұлағатты ұстаз, композитор Ғазиза Жұбанованың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, ұлттық мәдениетті  дамыту, шын таланттардың кәсіби шеберлігін арттыруды мақсат еткен «Жұбановтар әуені» фестиваль-байқауы 2006 жылдан бері өткізіліп келеді, — дейді ҚР мәдениет саласының үздігі Дина Ниязова.

Ол Кореяға барған сапары туралы былайша әңгімелеп берді:

Кәріс ұлтының өнерге деген құрметі баршамызды тәнті қылды. Олар кез келген жерде ойын-сауық ұйымдастырып, думандатып жүреді екен. Кәріс дорамаларын көрген болсаңыздар, музыкалық аспаптарын алып, көшеде ән айтып жүретіндерді жиі байқауға болады. Өнерді бағалауы ерекше. Көрермен, негізінен, жанды дауыстағы концерттерді көру үшін қаражатын аямайды екен. Олардың концерттік залдарының акустикасының өзі жоғары деңгейде. Әрбір хор ұжымының өзіндік жолы, репертуары болады, — дейді Дина Ниязова.

Сонымен қатар өнер ұжымы «ТҮРКІСОЙ» халықаралық фестивалінің 30 жылдық мерейтойына арналған концерттерді Ақтөбе және Алматы қалаларында ұйымдастырды. Өнер ұжымының ендігі алға қойған мақсаты — академиялық атақ алып, қазақ өнерін күллі әлемге паш ету. Тағы бір қуанышты жаңалық — ақтөбелік Қазақ камералық хоры Индонезия, Филиппин, Америка Құрама Штаттарына шақырту алып отыр.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button