Әлеумет

38 жыл өткен соң

Көп жылдық тарихы бар білім ордаларында тәлім алған аға буын өкілдерінің ұзақ жылдардан соң бас қосып, мәре-сәре боп жататындарын естіп те, көріп те жүрміз. Жақында мұндай қуанышты жағдайға біз де кенелдік. Біз деп отырғаным — Ақтөбедегі қазіргі Әлия Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің 1973 жылғы түлектері.

Жалпы студенттік өмір адам баласының тарихында үлкен әріптермен жазылатын қызықты да елеулі шақ. Кезінде бір жатақханада тұрып, бір жастықтан таң атырып, бір қазаннан ас ішіп, аз кітапқа телміріп, бір дәптерден көшіріп өмір сүрген қыздар мен жігіттердің тура 38 жылдан соң сағынышты кездесуі кім-кімнің де көзіне қуаныш жасын ұялатқаны рас. Кездесуге келген құрбылар студенттік кездегі қызықты оқиғаларды айтып, мәре-сәре болдық. Арамызда зейнеткерлікке шығып, немере бағып отырғандардың әңгімесі тіпті қызық. Құрбыларымыздың арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері де бар.

Сонау Байғанин өңірінде бірнеше ұрпақты білім нәрімен сусындатқан, бүгінде зейнеткер құрбымыз Сәнеш Мұңалова осы кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болды. Оқуға келген алғашқы күндерде-ақ пысықтығымен көзге түскен Сәнешті тобымыздың старостасы сайлаған едік. Сәнештің сол біліктілігі мен пысықтығының арқасында кешіміз жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Қаланың бір мейрамханасында өткен сағынышты жүздесу әдемі әнмен әрленіп, тәтті күймен түрленіп отырды. Кеш тізгінін өз қолдарына алған Сәнеш пен Нағима Есенова құрбымыз әрқайсысымыздың өмір жолымызды, еңбектегі жетістіктерімізді  жеке-жеке таныстырып, мәртебемізді көтерді.  Жиналғандар алдында: «Бұл кездесуді оқу бітіргенімізге қырық немесе елу жыл толу құрметіне ұйымдастыруға болар еді. Десек те, біздің білікті маман болып қалыптасуымызға бағыт-бағдар берген, ағалық қамқорлығын аямаған Қанаш ағайымыздың осы қуаныштың ортасында бірге болғанын қаладық. Жасыратыны жоқ, сексеннің сеңгіріне шыққан ұстазымыздың бүгінде денсаулығы сыр беріп жүр. Соған қарамастан, шәкірттерінің бұл ұсынысын қабыл алып, Қанаш ағайымыздың бұл салтанаттың құрметті қонағы болып отырғаны біз үшін үлкен мәртебе», — деді Сәнеш.

Иә, өткен отыз сегіз жылдың ішінде арамыздан ерте кеткен құрбыларымыз бар. Оқып жүрген шақта Гүлзира Қожахметова есімді құрбымыз бәрімізден бұрын тұрмыс құрды. Отбасын құруға асыққан оның өмірден де ерте озғаны өкінішті-ақ…

Училищенің 4 «д» тобында оқыған, біздерге жетекшілік еткен Қанаш ағай Жұмалин  кеште сол баяғы сабырлы қалпымен бәрімізге ақыл-кеңесін айтып, жылы лебізін білдірді.

Тобымыздың жалғыз жігіті Серік Ізтілеуов бүгінде Хромтау ауданының білім саласында еңбек етіп жүр. Жолдасы Бағиламен бірге кездесуге келген Серікке қыздар ерекше құрмет көрсеттік. Бағила — топтағы  «жалғыз келін». Сол себепті ол кездесу барысында Қанаш Жұмалин бастаған ұстаздарымыз — Қибат Қауанова, училищенің қазақ тілі мен әдебиет пәні үйірмесінің жетекшісі болған Зоя Бралова, психология және педагогика пәнінен сабақ берген Сембай Қаңтарбаев, орыс тілі пәнінің оқытқан Галина Мазитоваларға шай құйып, мәртебелі қонақтардың алғысына бөленді.

Кездесу кеші өте тартымды өтті. Құрбыларымыздың арасында өлең ұйқастырып, тілек айтқандар да болды. Әсіресе, Гүлжан Терекбаева, Баян Рсымбетовалардың достарға арнап шығарған сағынышты жыр шумақтары мен Роза қызымыздың орындауындағы «Сағындым, сағым жылдар» әнін тыңдағанда, көзімізге еріксіз жас үйірілді.  Ақтаулық Баян мен астаналық атанған Бағдагүл, Бейнеуден келген Күләштің күлкілерін шынымен-ақ сағынып қалыппыз. Шалқарлық Жанзипа Махатова мен Айшуақтан ат терлетіп келген Айнагүл Әбушановалардың отбасы бүгінде өзгеге үлгі боларлықтай.

Ұзақ жылғы кездесудің екінші күнінде Гүлжан Терекбаева құрбымыздың жолдасы  суретші Есет Исмайыловтың Әлия Молдағұлованы бейнелеген портретін колледж мұражайына  сыйға тартуға бардық. Сол күні колледж ғимараты ішін аралып, өзіміздің аудиториямызға кірдік. Заманауи құрал-жабдықтармен безендірілген аудиториямыздың іші жарқырап, тап-таза күйінде тұр. Бұдан әрі құрбыларына дастарқан жайған Сәния Берікованың шаңырағында қонақ болдық. Жолдасы Оразбек Далмағамбетов қазір аумақтық ауылшаруашылығы инспекциясын басқарады. Үлгілі отбасынан шыққан ұл-қыздардың бүгінде бірі-бір мамандық иесі атанып, еңбек етіп жатқанына қызыға қарадық.

Қуаныштары мен өкініштері қатар өрбіген үш күн отыз сегіз жыл жинаған сағынышымызды баса алмады. Жылы-жылы құшақтасып тарастық. Тағы да бір-екі күн болса деп едік. Әттең…

Енді қашан көрісіп, шүйіркелесерімізді бір Алла білер.

 

Ғалияш ЖИЛИМОВА,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button