Пікір

Тарихи сана және жауапкершілік

Тәуелсіздік туралы ойланған адам міндетті түрде оған елдің қалай қол жеткізгенін және
осы жолда қаншама адамның ерік-жігерінің, қажыр-қайратының жұмсалғанын білуге тиіс.
Тарихта қазақ тәуелсіздігінен айырылғанымен, өзінің атамекенінен, елдіктен қол үзбегенін
білеміз. Қазақ ұлт ретінде сақталып қалу үшін барынша күресумен келді. Халық өзінің ұлттық
құндылықтарынан, төл болмысынан толықтай қол үзіп қалса, оған елдің тәуелсіздігін қайтару қиын болады. Ал тәуелсіздік болмаса, мемлекет құру қиын.
Елдің тәуелсіздігі — бірінші кезекте ұлттың өз мемлекетін құруы.
Кеңес билігі құрылған уақыттағы қиындықтарға бала кезінде куә болған адамдарды көрдік.
Бүгінгі бізге қарағанда олардың осы тәуелсіздікке деген көзқарасы басқаша болатын. Ол кездегі ұрпақ тәуелсіздікті ұзақ күтті.
Кеңес билігі ата-әжелеріміздің еңбегін тегін пайдаланды. Өздері сол бейнеттің рахатын да
көрген жоқ. Бірақ қарияларымыз «ұрпағымыз аман болсын» деген тілегін қалдырып кетті. Олар
бізден, кейінгі ұрпақтан көп үміт күтті. Сондықтан әр адам елді дамытуға атсалысуы қажет.
Кез келген қоғамның негізінде тарихи сана тұрады, сондықтан тарихи сана күшті болуы керек. Тәуелсіздікті зерделеу — тарихты дұрыстап түгендеу деп айтсақ, артық емес. Екіншіден, ұрпақ өзінің кісілік талғамына, ұлттың өкілі, мемлекеттің азаматы ретінде қалыптастыратын құндылықтарға жауапты болуға тиіс. Тәуелсіздік философиясын негіздейтін үшінші нәрсе — еңбекқорлық. Еңбексіз еш нәрседе келмейді. Еңбекқорлықпен бірге шынайылық, жанашырлық, әділеттілік те керек. Себебі көзі ашық, көкірегі ояу адам үшін қоғамда көрініс тауып жататын даңғойлық, дарақылық — оның болашағына қарама-қарсы келетін кереғар нәрсе. Бұны әлсіз адам, әлсіз қоғам ғана жасайды. Бүгінгі ұрпақ осылардың барлығын саралап отыруы керек деп есептейміз.
Тәуелсіздіктің болашағы парасат биігінде бағаланады. Яғни тәуелсіздік жолындағы күрес
дұрыс зерделеніп, бағамдалып отыруға тиіс.
Тәуелсіздік — ұрпақтан-ұрпаққа табысталып отыратын, ұрпақтан көп нәрсені талап ететін киелі ұғым. Алаш зиялылары айтқандай, тарихы мен тілі, сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалуға бейім болып тұрады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін де оңай болған жоқ. Тез арада дұрыс шешімдер қабылдау, түрлі бағыттағы саясатты жүргізу қажет болды. Осының барлығы атқарылды. Әлі де оңтайлы шешімді күтетін мәселелер көп. Мемлекеттің иесі — қашанда халық. Сондықтан мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына ел болып атсалысуымыз керек.

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік университетінің
кафедра меңгерушісі,
философия ғылымдарының
кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button