Білім

Ақтөбенің мақтанышы

Хромтау тау-кен-техникалық жоғары колледжі — облыстағы үздік оқу орны. Сондай-ақ бұл мекемееліміз бойынша жұмысшы кадрларын даярлайтын алдыңғы лектегі колледждердің бірі. Аталған оқу орны Батыс өңірінде тау-кен металлургия саласы үшін мамандар даярлайтын жалғыз колледж болуымен де ерекшеленеді. Қазір онда мыңнан астам жас білім алып жатыр.

Колледж еліміздегі университеттермен бірге,шетелдік серіктестермен де тығыз байланыс орнатқан. Жақында ғана білікті кадрлар даярлауға арналған SES (Senior Experten Service) жобасы аясында Германиядан келген тәжірибелі маман Альберт Каршти колледж оқытушыларына дәріс берді.

Колледждің дуалды білім беру бойынша жұмысы да жемісті. Бүгінде оқу орны 8 кәсіпорынмен әлеуметтік серіктес ретінде жұмыс жасайды. Дуалды оқыту жүйесі бойынша негізгі әлеуметтік серіктесі — «Қазхром» трансұлттық компанияс

ы» акционерлік қоғамының біздің облыстағы филиалы Дөң тау-кен байыту комбинаты.

Біз колледждің тыныс-тіршілігі туралы нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаевамен сөйлескен едік...

Сапалы білім беретін колледж

Хромтау тау-кен-техникалық жоғары колледжі — біздің мақтанышымыз. Оқу орны кәсіптік білім беру саласында қарқынды дамып келе жатқанына биыл 44 жыл толады. Колледж осы уақыт аралығында өзінің стратегиялық мақсаттарын іске асыру бағытында елеулі қадамдар жасады. Жаңа бағдарламалар енгізу, материалдық-техникалық базаны жақсарту, серіктестікті белсенді дамыту секілді атқарылған жұмыстар — тынымсыз еңбектің бір бөлігі ғана.

Колледж жыл басталғалы біраз жетістікке жетті. Мысалы, Хромтау таукентехникалық жоғары колледжі мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтті. Қазірде колледждің құзыреттілік орталығы халықаралық салалық аккредиттеуден өтіп жатыр. NCCER оқыту мен зерттеу орталығы арқылы аккредиттелген оқыту құзіреттілік орталығының статусын алу үшін колледж аккредиттеуден өту жұмысын «APEC Training Center» орталығы арқылы бастады. 

Колледж биыл Қазақстан Республикасының СТ ИСО 9001-2016 талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесін сәтті енгізді. Бұл сапа көрсеткіші оқу орнының оқытудың жоғары деңгейіне деген ұмтылысын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайды. Осы маңызды қадамдарды жүзеге асыру— колледждің сапалы білім беретініне кепілдік береді, — дейді Дина Ұзақбайқызы.

Оның айтуынша, білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін колледждің оқу процесіне академиялық дербестік, World Skills стандарттары және жаңа кәсіптер атласы енгізіліп жатыр. Бұл жобалар заман талабына сай әдістемелер мен озық педагогикалық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік бермек.

Білім беру процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ақпараттық оқыту және онлайн оқыту технологиялары қолданылады екен. Колледжде тренингтер, шеберлік сабақтармен конференциялар жиі өткізіледі. Ал бұл оқытушылар құрамының кәсіби өсуі мен дамуына, колледждің кадрлық әлеуетін арта түсуіне септігін тигізеді.

Ынтымақтастық — үздіксіз даму негізі 

Негізгі мақсат — ең жоғары стандарттарға сәйкес студенттерге сапалы білім беру.

Білім беру процесіне үздік жетістіктер мен инновациялық тәсілдерді енгізу үшін кадрлар мықты болуға тиіс. Кадрлардың біліктілігін арттыра түсу үшін Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Носов атындағы Магнитогорск мемлекеттік техникалық университеті, Дөң тау-кен байыту комбинатының жетекші мамандарымен тығыз байланысты жұмыс жасаймыз. Аталған серіктестердің қызметкерлері жиі дәрістер мен семинарлар өткізеді. Биыл 25 оқытушы мен өндірістік оқыту шебері арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтті. Сөйтіп, олар оқу процесіне оқытудың озық әдістерін енгізу үшін қажетті білім мен дағдыларды алды. Сондай-ақ колледждің 20 педагогі Дөң тау-кен байыту комбинатының цехтарында тағылымдамадан өтті. Мұндай тәжірибе оларға тау-кен байыту саласындағы білімдері мен дағдыларын арттыра түсуге мүмкіндік берді.

Айта кету керек, биыл колледждің «Ұшқышсы зұшу операторы» мамандығы бойынша білім алып жатқан 17 түлегі Дөң тау-кен байыту комбинатының жетекші мамандарымен бірлесіп әзірленген жаңа білім беру бағдарламасы бойынша білім алды. Біз жобаның нәтижелі болатынына сенеміз.

Хромтау жоғары колледжінің студенттері халықаралық және республикалық олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегерлері атанып, жақсы нәтижелер көрсетті.

Жүлдегерлердің жалпы саны 56 студентке жетті. Олардың 8-і — бірінші, 20-сы — екінші, 28-і үшінші орын алды. Бұл — үлкен қуаныш, облыс мерейі, — дейді Дина Жаманбева.

Дуалды білім беру — сапалы білім кепілі

Хромтау жоғары колледжінежаңартылған білім беру бағдарламалары енгізілген. Бұл оқу орны — дуалды оқыту жүйесі бойынша жемісті жұмыс жасап жатқан колледждердің бірі.

Дуалды оқыту әдісі бойынша барлығы 477 келісімшарт жасалды. Колледжің 8 әлеуметтік серіктесі бар. Негізгі серіктесі — Дөң тау-кен байыту комбинаты. Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Хромтау тау-техникалық жоғары колледжі 40 жылдан астам уақыттан бері өзара ынтымақтастықта жұмыс жасап келеді. Осы жылдар ішінде колледж комбинат үшін түрлі мамандықтар бойынша 5 мыңнан астам жұмысшы даярлады. Колледж, негізінен, аталған комбинатқа мамандар даярлап береді. Жалпы колледжде 10 мамандық бойынша мамандар даярланады. Қазір онда мыңнан астам жас білім алып жатыр.

2013-2014 оқу жылынан бастап колледждегі «Пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу» мамандығы бойынша дуалды оқыту әдісі енгізілді. Аталған мамандық бойынша өндірістік іс-тәжірибе жүргізу өте ауыр және қауіпті. Себебі 18 жасқа толған оқушылар шахтада жерасты жұмыстарын жасайды. Мамандық түрінің ауырлығына қарамастан, дуалды оқыту жүйесі бойынша оқыту өз жемісін берді.
2015 жылдан бері бұл оқу орнында «Тау-кен электромеханикалық жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандығы бойынша дуалды оқыту бағдарламасы енгізілді.
Жалпы, дуалды білім беру жүйесінің студент үшін берері мол. Жастар оқып жүріп, көп нәрсе үйренеді, өндірісте тәжірибе жинақтайды. Өндірістік іс- тәжрибеде студенттерге 70 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Бұл студенттерге кәсіби дағдыларын дамытуға және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.

Айта кету керек, дуалды оқыту жүйесі бойынша негізгі шығындарға комбинат қаржы бөліп отыр. Яғни жастарды арнайы киіммен қамтамасыз етеді, оқу жабдықтарын сатып алуға қаражат бөледі, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Комбинат колледждің материалды-техникалық базасын жаңартуға да қолдау көрсетеді екен.

Кәсіптік-техникалық білім беру саласының материалдық базасын халықаралық стандарттарға сәйкес нығайтуда «Жас маман» жобасы аясында  үлкен қолдау көрсетілді. Жобаның басты мақсаты — сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша еліміздегі 180 колледж бен 20 жоғары оқуорнын жаңғырту және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу. Оқу орындарының сапа көрсеткіштері сарапқа салынып, қорытындысында Хромтау жоғары колледжі іріктеуден өтті. Жалпы «Жас маман» жобасы аясында Ақтөбенің 10 колледжі оқу-өндірістік базасы жаңартылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button