Білім

Кәсіптік білім берудің шебері

Кәсіптік білім қай кезде де қоғам қажеттілігін өтейді. Өйткені өнеркәсіпте болсын, басқа да салаларда болсын, білікті жұмысшы кадрларына сұраныс азайған емес.

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, білім беру саласының құрметті қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Салық Сарқұлов маман кадрлар даярлау жолында жарты ғасырға жуық тынбастан еңбек етіп келеді.

Ол қатардағы оқытушыдан колледж директорына дейінгі жолдан өтті, облыстық басқармада жауапты қызметтер атқарды. Соның бәрінде өз ісінің маманы, білікті ұйымдастырушы, жаңашыл, талапшыл басшы ретінде танылды.

Өмірдің өз заңдылығы бар. Салық Ойыл селосындағы Сталин көшесі бойындағы №10 үйде 1953 жылдың 29 қарашасында дүниеге келген. 1961 жылдың қыркүйегінде Сталин колхозындағы Ильич атындағы мектептің есігін ашты.

Әкесі Мұхтар Мұхадиұлы біраз жыл Байғанин ауданында ОГПУ қызметкері болған, арасында, яғни 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан, Жеңіс туы тігілген соң, әскер киімін шешпестен жапон соғысына аттанған, сөйтіп, елге 1946 жылдың тамыз айында оралған.

Анасы Ақкүміс Омарқызы үнемі ат үстінде жүретін, уақытпен санаспай жұмысына берілген азаматының жағдайын жасап, балаларын қамқорлап отырған. Соның арқасында Салық та ана мейіріміне қанып, жылы алақанының лебін сезініп, маңдайы жарқырап өседі.

Әкесі Мұхтар ішкі істер қызметінен демалысқа шыққан соң Ойылдағы астық дайындау мекемесінде бухгалтер болып еңбек етеді. Одан кейін, 1955 жылы жоғары басшылық Жұрындағы осындай мекемеге қызметке жібереді.

Негізінде, әкесінің өзі үш ағайынды. Өзіне тете өскен Сәлімгерей сол жылдары Жұрын аудандық статистика бөлімінің қызметкері, келіні Кәрима мектепте мұғалім болады. Ал кіші інісі Шәріп келіншегі Ырысты екеуі Орал қаласындағы Пушкин атындағы педагогикалық институтты бітіріп, Мұғалжар ауданының Родники ауылындағы Ломоносов атындағы мектепте ұстаздық етеді. Ағайындылардың өзара сыйластығы, абысындардың татулығы өсіп келе жатқан Салыққа да жақсы әсер етеді. Ағаларынан үлгі алып, жеңгелеріне еркелеп өседі.

Ал Салықтың өзі отбасындағы Майра, Мәлік атты апа-ағасының ізін қуып өмірге келген перзент. Ол онжылдықты Алға ауданының Тамды орта мектебінен бітіреді. Содан соң Ақтөбе теміржол транспорты техникумына оқуға түсіп, автомеханика, телемеханика мамандығы бойынша білім алып жүргенде әскер қатарына шақырылады. Бұл сол кездің өлшемімен алғанда, үлкен шыңдалу мектебі еді. Әуелі Челябинск облысының Чебаркуль қаласында кіші командирлер даярлайтын курстан өтіп, бөлімше командирі лауазымындағы кіші сержант шенін алып шығады. Одан кейін Германиядағы Кеңес әскерлері тобына жіберіледі. Мұнда жауынгерлік міндетін Стендаль, Нейрупин деген қалаларда өтейді. Әкесі қолына қару ұстап, Жеңіс туын көтерген жерде қызмет етеді. Әкесінің ізімен араға тура отыз жыл салып, Германиядан шығысқа бет алған пойызға отырады.

Ақтөбеге оралысымен техникумдағы оқуын аяқтап, облыс орталығындағы №5 кәсіптік-техникалық училищеде оқу-өндіріс шебері және арнайы пәндер оқытушысы болып еңбек жолын бастайды. Бұл училищені ол кезде кәсіптік білім берудің академигі атанған Мұқаш Кенбаев басқаратын. Ол осы оқу орнына үздіксіз 35 жыл жетекшілік етті. 1980 жылы республикалық дәрежедегі құрметті зейнеткерлікке шыққанымен, қоғамдық еңбектен қалған жоқ. Сол жылдарда Салық Мұхтарұлы Мұқаш сынды майдангер ұлағатты ұстаздың шыңдалу көрігінен өтті.

Кенбаев мектебінің түлегін 1988 жылы облыстық білім басқармасының кәсіптік-техникалық білім беру бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. Тоқсаныншы жылдардың басында елімізде көптеген бұрынғы жүйелер тіні үзіліп, дағдарысты сәттер орын алды. Кәсіптік білім беру саласында да біраз қиындықтар туындады. Осы кезде ол қаладағы №7 кәсіптік-техникалық училищеге директордың орынбасары болып келді. Содан кейін №1 және №23 кәсіптік училищелерге жетекшілік етті, №6 кәсіптік лицей тізгінін ұстады.

Салық Сарқұлов Ақтөбе байланыс және электротехника колледжін басқарған 2012 жылдан бергі уақытта оқу орнында көптеген өзгеріс жасалды. Сол жылдары ол инновациялық директор деген атаққа ие болды. Тәжірибелі басшы өзі басқарған ұжым мүшелерін оқу процесіндегі көптеген проблеманы оңтайлы шешіп, жаңа экономикалық жағдайда еңбек етуге бағыттай білді. Соның нәтижесінде санаулы мерзім ішінде колледж орта буын мамандар даярлайтын заманауи оқу-материалдық, ақпараттық базамен жабдықталды және облыста байланысшы-техниктер даярлайтын жетекші оқу орындарының біріне айналды.

Салық Мұхтарұлы кадрлар даярлау барысында әлеуметтік әріптестікті дамытуға айрықша көңіл бөлді. Ол «Қазпошта» акционерлік қоғамы жергілікті филиалымен іскерлік байланыс орнатты, «Пошта байланысы» біліктілігі бойынша «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығына дуалды оқыту элементтері енгізілді. Үш жақты келісім негізінде колледж түлектері жұмысқа орналастырылып, алаңсыз еңбек ететін болды.

Салық Сарқұловтың өзі еңбек жетістіктері үшін, ұжым мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттырудағы еңбегі үшін «2015 жылғы үздік басшы» атағын иеленді. Халықаралық ұлттық рейтингтер одағы өткізген мониторинг қорытындысы бойынша 2015 жылы Ақтөбе байланыс және электротехника колледжі «Алтын-1 орын» ұлттық сертификатымен марапатталды.

Колледж түлегі Д.Кемаладиновтің жетекшілігімен колледждің «Электроник» техникалық шығармашылық үйірмесінің студенттері «ЭКСПО- 2017» көрмесінің ашылуына қатысты.

Жалпы, ол басқарған колледж түлектері бүгінде республиканың әр түкпірінде еңбек етіп жатыр. Кейін жоғары білім алып, үлкен жауапты қызметтер атқарып жүргендері де аз емес.

Салық Мұхтарұлы шәкірттеріне үйрете жүріп, өзі де білімін жетілдіруді тоқтатқан емес. Бастапқыда Ақтөбе педагогика институтын бітірді, кейін Қазақ гуманитарлық-заң университетінен заңгерлік мамандық алып шықты. Сексенінші жылдардың басында бірнеше мәрте Ақтөбе қалалық кеңесінің депутаты болып сайланып, қоғамдық шаруалардың бел ортасында жүргені бар. Бұл тәжірибесі кейін облыс әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісі болып қызмет атқарған кезінде көп пайдасын тигізді.

Адам белгілі бір мамандықты игеріп, қызметіне кіріскенімен, оның шаруасының оңтайлы жүруі көп жағдайда отбасындағы қосағына да байланысты болып келетіні бар. Бұл жағынан Салық Мұхтарұлы жолы болған адам. Ол Гүлжәмила Ысмағұлқызымен бас қосып, бір шаңырақ астында тілек біріктірген, жүрек соғысын түзеген сәттерін өмірінің бір бақытты кезеңі деп есептейді. Гүлжәмила Ақтөбедегі медицина училищесінде оқып, медбике мамандығын алып шыққан.

Бұл жарасымды жұптың өзара сыйластығы, ағайын-туыс арасындағы қадір-қасиеті ерекше. Олай болатын себебі екеуінің де көпке дегенде қабағы ашық, жан баласын жатырқамайды. Жас кездерінен үлкендерден бата алып, өздері кемелдене келе кейінгі жастарға жол көрсетіп, әдемі өмір сабақтастығына із салып берді. Олардың көздің ағы мен қарасындай Жанаты мен Русланы заман ағымына қарай белгілі бір мамандықтарды игеріп, ұжымдарында еңбегімен сыйлы, жолдастары арасында беделге ие болып, құрметке бөленіп жүр.

Жанат әке жолын қуып, кәсіптік білім беру саласына бет бұрды, ұстаздық жолын ұстанды. Бүгінде облыстағы танымал оқу орны — Ақтөбе гуманитарлық колледжінде ағылшын тілі пәнінен дәріс береді.

Руслан болса біраз жыл құқық қорғау саласында жемісті еңбек етті, облыстың Ырғыз, Қарғалы аудандарында прокуратурада қызмет жасап, заңдылық талаптарын жүзеге асыру тұрғысында өзінің білімі мен білігін, тәжірибесін тәртіп сақтауды нығайтуға арнады. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануға бет қойды, енді өзінің талап-қарымын бизнес ауқымында сынап көрмекші.

Адам ұрпағымен көгереді. Салықтың төрт жиені нағашысына еркелеп, бір жағы тәлім алып, тәрбиелі болып өсіп келеді. Үлкені Жасұлан Уфа қаласынан мұнай университетін бітіріп, қазір ел байлығын игеруге үлес қосуда. Одан кейінгі Тамерлан, Нұрсұлтан, Еркебұлан — мектеп оқушылары. Олар да мектептен тыс үйірмелерге қатысып, өздерінің білім көкжиектерін кеңейтуде.

Өнегелі отбасының ұйытқысы Гүлжәмила ұзақ жыл денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етті. Балаларының аяулы анасына, немерелерінің сүйікті әжесіне Салықтың да құрметі ерекше. Осындай сыйластық үйлесімі ізінен ерген кейінгі інілеріне де үлгі.

…Кәсіптік білім беру саласының білікті маманы Салық Сарқұлов бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. Ол жас буынды жақсы істерге жетелеуге қашанғы қалпы бойынша бүгін де  құштар, сонысымен де көпке сыйлы, құрметті.

Камалхан ҚУАН,

Қазақстан білім беру саласының үздігі,

«Ы.Алтынсарин» төсбелгісі иегері.

Жанкелді ҚАЛҚАМАН,

кәсіптік білім беру саласының ардагері,

Қазақстан білім беру саласының үздігі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button