Мәдениет

Жәдігерлер — құнды мұрамыз

Музей

Ата-бабаларымыздан қалған құнды мұраларды жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізіп келе жатқан музей ісі тарихи маңыздылығымен ерекшеленеді. Өткеніміздің өнегелі жәдігерлерін жоғалтпай, ата-бабалардың өмірін және еңбегін, ел мен жер тарихын халыққа таныту — біздің парызымыз.

Алға музейінің қорын толықтыру және кешеден қалған ескі мұраларды жинау мақсатында ауданның елді мекендеріне іссапарға шығып, Қарабұлақ ауылына жолым түскенде осы ауылдың ақсақалы Орынбасар Опаұлы Айболатовпен кездесіп, әңгімелестім. Ол Орынбор облысы Медногорск қаласында 1942 жылы дүниеге келген екен.

Орынбасар ағамыз өзінің атасы Ақжол Тілегеннің кезінде Меккеге барғанын айтты. Ақжол — Тілеген қажы өз заманында діни сауатты түлға болған. Ол 1862-1912 жылдары өмір сүрген. Байғанин жерінде, Жем өзені бойында Ақтеміс ауылында дүниеге келген. Әулетте бес ұл болған. Олар: Бектеміс, Ақтеміс, Ақжол, Есжан, Есенжол. Ал Ақжолдың өзінен алты ұл, бір қыз тараған. Олар: Мұқамбет, Нұхмет, Сапа, Опа, Нәби, Кенжеғали, кызы Тәбірік.

Ақжол Тілеген Бұхара жерінде Хиуада оқып, шатырхат алған адам. Халық оны сопы деген. Ақжол сопы әкесінің Айболат деген інісінде бала болмағандықтан, өзінің төртінші ұлы Опаны береді. Опадан Орынбасар дүниеге келеді.

Ақжолдың Сапа мен Опа атты балалары да діни білімді адамдар болған. Сапа өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында ахун атағын алады. Олар Алға ауданына қарасты Қарақобда ауылының бұрынғы Көкбұлақ, Жедексай бойында жерленгенін айтады.

Орынбасар ағамыз Ақжол атасының жүз жылдан асқан, атадан балаға мұра етіп қалдырған, осы уақытқа дейін өздерінің тұтынған заттарын — жез саптыаяқ, құланның топайы, мәсуегін көзінің қарашығындай сақтап келген, соларды арнайы Алға музейінің қорына сыйға тартты.

Топайды (бақайшақ сүйек немесе асық) кезінде мұзға сырғыту арқылы қабырғаға соғып, ойын ойнағанда қолданған. Мәсуек — тісті, тістің етін ысқылап тазартатын құрал, ағаштан жасалады.

Сонымен қатар Орынбасар Опаұлы өзінің нағашы әжесі Ақбіжанның бір ғасырдан астам бұрын тұтынған шайсандығын және шекертоқпағын музейге сыйға тартты. Тоқпақ — қантты немесе бір қатты нәрсені жерге ұрып қағатын жуантық келген кеспелтек(қолтемір, қолағаш).

Ақжол ата Меккеден зәмзәм суы ішілген жез саптыаяқ әкелген. Осы ыдыспен өзінің балаларымен немерелеріне су ішкізген. Саптыаяқтың сырты бедермен өрнектелген және арабша ірі жазулары бар. Осы жазудың аудармасын Алға қаласындағы «Меңдіқұлов Мұхаммедқазы» мешітінің көмекші имамы Аслан Жаңабергенов пен «Есет батыр Көкіұлы» мемориалды кешенінің имамы БақытжанҚорғанбековтіңайтулары бойынша «Әл-мәруәһ» — қажылықтағы кіші төбешік деген мағынаны білдіріп тұр деп болжайды.

Қорымызға жинақталған заттар музей қорындағы экспонаттардың негізін құрайды. Бұл заттар ең құнды көне жәдігерлер ретінде музейімізде сақтаулы.

Айгүл ДОСТАНОВА,

Алға аудандық музейінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button