Мәдениет

«Назқоңырдың» домбырашылары

Ақтөбеде ұлттық мұрамызды насихаттап, оқушыларға күйшілік өнерді үйретіп жүрген жастарымыз баршылық. Солардың бірі Арайлым Қуанышбайқызы ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Назқоңыр» домбыра ансамблін ашқан.

Көпшілікті жанды дауыстағы әндерімен баурап, ұлттық аспаптарды насихаттап жүрген домбыра ансамблі 2021 жылы қалалық Мәдениет үйінің жанынан ашылды. Ансамбль құрамында 30-ға жуық бала өнер көрсетеді.

Қазіргі таңда ансамбль мүшелері түрлі додаларда ел мерейін асқақтатып жүр. Биыл Түркістан, Алматы қалаларында өткен сайыста бас жүлдені жеңіп алдық. Осы орайда күйшілік өнерімен көзге түсіп жүрген Аягөз Ақмәди, Шахислам Әбдіғазиз, Бекарыс Абдуллаев есімді оқушыларды атап өткім келеді. Олар күйшілер арасындағы сайыста облыс мерейін асқақтатты.Тамыз айында жеке есеп беру концертімізді өткізіп, ақтөбелік тыңдармандардың құлақ құрышын қандыратын әсерлі кеш өткіздік. Концертте ансамбль мүшелері әннен шашу шашып, күмбірлеген күйлерін тарту етті, — дейді ансамбль жетекшісі.

«Назқоңырдан» бөлек, «Сұңқар» вокалды ансамблінде де шәкірт даярлап жүрген Арайлым аталған өнер ұжымының жетістіктеріне де тоқталды. Биыл халықтық ұжым «Сұңқар» вокалды ансамблінің құрылғанына — 13 жыл. Қазіргі таңда ансамбльде 30-ға жуық оқушы тәлім алып жатыр. Ансамбль мүшелері биыл Алматы, Бурабай, Грузия елдерінде өткен байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ләззат Медетова бұл байқауға үлкен дайындықпен барғандарын айтады:

— «Сұңқар» ансамблінің өрелі жас өнерпаздарының бірі Жанарыс Нажман биыл Грузия елінде өткен халықаралық ән байқауының бас жүлдесін иеленсе, Аделя Кашымова, Раяна Рапильбекова, Сабина Абдрахманова, Масатты Жанатова сынды оқушыларымыз Алматы, Орал қалаларында өткен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанды. Сондай-ақ келер жылы қаңтар айында оқушымыз Шахислам Әбдіғазиздің жеке шығармашылық кешін өткізу жоспарланып отыр, — дейді ол.

«Сұңқар» вокалды ансамблінде өнерін шыңдап жүрген жас өреннің бірі — Шахислам Рашидұлы.

Мен келер жылдың қаңтар айында ата-анам мен жақындарымның, ұстаздарымның қолдауымен жеке шығармашылық кешімді өткізбекпін. Кішкентайымнан киелі сахнада өнер көрсетіп келемін. Биыл «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасына қатыстым. Көптеген республикалық, халықаралық байқаулардын гран-при иегері атандым — дейді жас талант.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домыра күніне арналған салтанатты жиында домбыраны мектепке пән ретінде енгізу туралы ұсыныс айтқан еді. Қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды көбірек насихаттауымыз керек. Арайлым Қуанышбайқызы да Президенттің бастамасын қолдап, шәкірттеріне домбыра аспабын үйретіп жүр. Ол мектепте домбыра пән ретінде енгізілсе қуана-қуана дәріс беретінін айтты.

Мен алты жасымнан домбыра аспабын жаныма серік еттім. Ұстазым Ләззат  Медетова маған домбырада ән айтып, күй тартуды үйретті. Осындай білікті маманнан тәлім алғанымды мақтан етемін. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, ұстазымның сенімін ақтап, мен де мықты тәлімгер болғым келеді. Болашақта жеке мектеп ашып, күйшілік өнерді дамыту жоспарымда бар, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button